Сараптама

Экспертиза жүргізілді. Елде өрт неге жиілеп кетті?

Жыл сайын Қазақстанда 800-ге жуық орман және дала өрті тіркеледі. Былтыр 167 мың гектар орман алқабы жойылып, мемлекет 6 миллиард теңгеге шығынға батты, деп newsroom.kz хабарлайды.

Бұл деректер жыл өткен сайын жаңарып, табиғи апат азаймай тұр. Биылдың өзінде 40-тан көп орман өрті болды.

Кейінгі үш жылда өрт елді мекендерге де жақындады. Төтенше жағдайлар министрлігі саяжай алқаптарында 300-ге жуық жағдай болғанын алға тартқан. Апат салдарынан адам, техника және жылжымайтын мүлік шығыны айқындалып жатыр.

Құзіретті органдар мұндай оқиғалар туралы алдын ала хабар таратып, болуы мүмкін сын-қатер туралы дабыл қаққанымен, жекелеген тұлғалардың немқұрайды әрекеті басым.

Табиғи өрттің себебі жыл сайын талданады, арнайы экспертиза жүргізіледі. Оның қорытындысына тоқталсақ, өрттің 43 пайызы белгілі құбылыс пен найзағай салдарынан туса, қалған 50 пайыздан астамы адамның өзінен болып отыр. Осы орайда мемлекет үшін табиғаттағы қауіпсіздік талаптарының сақталуы аса маңызды, ондағы бақылауды күшейту, өртті болдырмау шаралары басты назарға алынуы тиіс.

Толық тарқататын болсақ, табиғатқа деген жауапкершілікті мемлекет пен адам бөліп алуы ләзім. Ең алдымен, орман алқаптарында арнайы нұсқаулық ілінуі керек. Онда тұлғаның мемлекет қамқорындағы нысанда, атап айтқанда, орманда, саяжайда және тағы да басқа туристік алқапта өзін-өзі ұстау этикасы және болуы мүмкін өрттің алдын алу шаралары мен төтенше жағдайдағы алғашқы көмек туралы жазылуы тиіс. Одан бөлек, кез келген оқу орнында, мемлекеттік және жеке мекемеде өрт қаупі жайында ағартушылық іс-шара болғаны дұрыс. Мәселен, өрт туғандағы ең тиімді әдіс минералданған жолақ құру екенін көбі біле бермейді.

Ал мемлекеттің мойнындағы міндеттерге келетін болсақ, ең алдымен, жоғарыда атап өтілген іс-шараларды сапалы ұйымдастырудан бастаған жөн. Барлық елді мекендегі жағдай жіті бақылауда болуы керек, әсіресе, көктем-жаз мезгілдерінде екі есе көңіл бөлінуі тиіс. Одан кейін өрт сөндіру бекеттерін көбейтіп, арнайы техника мен автоцистерна санын ұлғайтқан абзал. Сонымен қатар, әуедегі техника мен оны басқара алатын мамандардың білігін арттырып, жан-жақты қамтамасыз етілгені маңызды. Қостанай облысындағы өрттен кейін ұшатын техниканың қолданыста аз екені анық білінді. Бұдан бөлек, апатқа жауаптылардың жазасын қатаңдату мәселесі де өзекті. Өрт сөндіру шараларын уақытылы қолға алмаған, дер кезінде нұсқау бере алмаған және техникасының тозығы жеткен қадағалау органдарының бірінші басшылары жауапқа тартылуы тиіс. Ал, керісінше, осындай жағдайда білімін пайдаға асырып, көзге түскен қызметкерлер жоғары марапатқа ілігуі әділетті болады. Біз осылай ғана елдегі төтенше жағдай мәселесін кішкене де болсын ретке келтіре аламыз.

Сөз соңында кейінгі апаттарда бар жұмысын тастап, көмекке келген еріктілердің ерлігін атап өткім келеді. Оларға да мемлекеттік деңгейде көмек көрсетілсе, бірлігіміз берік болары сөзсіз.

Рауан Қайдаров

Фото: ҚР ТЖМ

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.