Сараптама

Жергілікті қамту үлесін арттыруға мүмкіндік береді – сарапшы ұлттық жоба туралы

0
(0)

«Қазақстан лифтшілері одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Нұрлан Кенжебаев «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы аясында қандай мәселелерге назар аудару керегін айтты, деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі.

Алдымен басшы тұрғын үйлердегі тозған лифтілер ауыстырылып жатқанын жеткізді.

«ТР ТС 011 деген «Техникалық реттеу туралы» заң бар. Құжат аясында ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер пайдалану мерзімі 25 жылдан асқан лифтілерді ауыстыру керек. Талапты Қазақстан, Ресей, Беларусь орындап үлгере алмай жатқандықтан оның мерзімі 2025 жылдың 15 ақпанына дейін ұзартылды. Бүгінде біз бұл жұмысты жүргізіп жатырмыз», – деді Нұрлан Кенжебаев newsroom.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, шамамен елде 4-5 мың лифтіні айырбастау керек.

«Елде лифт шығаратын 3 зауыт бар. Олар Нұр-Сұлтан, Алматы және Талғар қалаларында орналасқан. Мен Алматыда қандай жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталайын. Ондағы кәсіпорынды біз жаңғыртудан өткіздік. Осылайша, жылына 300 лифтіні ауыстырып жатырмыз. Осы күнге дейін 1500 лифтіні ауыстырдық. Алдағы 3 жылда тағы 1000 лифтіні ауыстыру жоспарда бар», – деді бірлестік басшысы.

Ол аталған жұмыс барлық өңірде жүргізіліп жатқанын атап өтіп, саладағы өзекті мәселелерге тоқталды.

«Лифт – техникалық құрал. Біз қазір жаңа лифтілерді орнатып жатырмыз. Бірақ уақыт өте олар да тозады. Сондықтан лифтілерді елде құрастыру үлесін арттыру қажет. Қазіргі таңда Беларусьтің «Могилевлифтмаш» ААҚ-мен келіссөз жүргіздік. Алдағы жылдан бастап шетелдік компания лифтілерді елде жасайды. Осындай келісімге келдік», – деді Нұрлан Кенжебаев.

Басшы «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы аясында жергілікті қамту үлесін арттыруға болады деген пікірде.

«Бүгінде лифтіні елде жасап жатырмыз. Бірақ оның қозғалтқышын, басқару станциясын, лифтідегі батырманы, кабельді басқа елдерден аламыз, ал қалған бөлшектерді Қарағандыдан алғызамыз. Алайда ұлттық жоба аясында осы мәселеге назар аударсақ, жергілікті қамту үлесін аттыруға мүмкіндік туады», – деді ол.

Сондай-ақ Нұрлан Кенжебаев лифтілерге қызмет көрсететін компанияларға талапты күшейту керегін жеткізді. Оның пікірінше, бұл салада қызмет көрсету сапасын арттырады.

«Ұлттық жобаны жүзеге асыру барысында мүгедектердің мәселесін назардан тыс қалдырмауымыз керек. Өйткені Президент тұрғын үй жағдайын жақсартуды, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға тапсырма беріп отыр. Сондықтан құрылыс компаниясы жаңа тұрғын үйді салғанда сапалы пандусты орнатуды ұмытпауы шарт, яғни мүгедек арбасымен пандустан өтіп, бірден лифтіге отыра алатындай жағдай жасау қажет», – деді басшы.

Оның айтуынша, бүгінде Алматыдағы көтергіштердің (подъемник) 80% техникалық талапқа сай емес.

«Сондықтан мүгедектерге арналған көтергіштер жергілікті органның есебінде болуы тиіс. Сонда ғана оларды тексеріп, жөндей аламыз. Сонымен қатар осы көтергіштерге арналған электронды кілттер бірдей болуы тиіс. Бүгінде олар әртүрлі. Мысалы, Талдықорғаннан келген мүмкіндігі шектеулі жан Алматыдағы көтергішті қалай пайдаланады? Егер қаладағы аталған құралдың кілті бірдей болса, мүгедектердің жүріп тұруы жеңілдейді. Сондықтан осы мәселені де ұмытпаған жөн», – деді ол.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button