Сараптама

Ұлттық жоба аясында жол сапасына баса мән беріледі – маман

5
(4)

Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Сапа департаментінің директоры Дархан Сайлауов елдегі жолдардың сапасына, саладағы өзекті мәселелерге тоқталып, «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы жол сапасына қалай әсер ететіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды newsroom.kz тілшісі.

Алдымен ол Қазақстандағы жолдардың сапасына тоқталды.

«Елде жолдар республикалық және облыстық маңызы бар жолдар деп екіге бөлінеді. 25 мың шақырым республикалық, 75 мың шақырым облыстық жол бар. Республикалық маңызы бар жолдардың сапа көрсеткіші жергілікті жолдарға қарағанда әлдеқайда жоғары. Себебі олар Автомобиль жолдары комитеті, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының тікелей бақылауында», – деді Дархан Сайлауов newsroom.kz тілшісіне берген сұхбатында.

Сондай-ақ басқарма басшысы биыл қай өңірлердегі жолдардан ақау көп табылғанын жеткізді.

 «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының 17 филлиалы бар. Олар жүргізген зерттеуге сәйкес, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстарына ең көп ақау табылған және олар жойылмаған. Алайда бұл аталған өңірлердегі жолдардың сапасы төмен, онымен жүруге келмейді деп айтуға болмайды. Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында жолдардан ақау аз табылған, әрі жойылған. Бұл көрсеткіш республикалық жолдарға қатысты», – деді маман.

Ол бүгінде жергілікті жолдардың сапасына қатысты деректер әкімдіктерден алынып жатқанын, жыл соңына дейін рейтинг жасалатынын атап өтті.

Сонымен қатар департамент директоры жол саласындағы өзекті мәселелерді айтты.

Фото: Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының баспасөз қызметі

«Біріншіден, салаға мамандар жетіспейді. Мысалы, 2020 жылғы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегіне сәйкес, жол саласына 6 мың маман жетіспейді екен. Жолшы мамандығы 30-40 мамандықтан тұрады. Мысалы, каткист, грейдершібульдозерші, асфальт төсеуші, маркшейдер, геодезияшы және тағы басқа. Менің ойымша, аталған саладағы мамандықтарға грант көлемін арттыру қажет», – деді Дархан Сайлауов.

Оның айтуынша, екінші мәселе жолдарды күтіп ұстауға байланысты.

«Тұрғындар елдегі жолдардың сапасын Германия, АҚШ, Аустралия жолдарымен салыстырады. Бұл мемлекеттерде жолды пайдалану мерзімі – 30-40 жыл. Онда жолдардың күтіп ұстауына баса мән беріледі. Мұндағы басты мәселе қаражатқа байланысты. Бүгінде елде жол салуға қатысты бағдарламалар бар. Бұл халық үшін пайдалы.

Алайда күтіп ұстау мәселесіне де баса мән беруіміз керек. Мысалы, Ресей Қазақстанмен салыстырғанда 1 шақырым жолды күтіп ұстауға 3-4 есе артық қаржы бөледі, ал бізде бұл көрсеткіш төмен», – деді басшы.

Үшіншіден, жолдарды салу және жөндеу барысында жаңа технологияларды пайдалану керек.

«Қазіргі таңда көлік саны көбейіп жатыр. Елдегі жолдардан тәулігіне 12-13 мың көлік өтеді. Оның ішінде жүк көліктері бар. Олар қала маңындағы жолдар арқылы тас, цемент сынды құрылыс материалдарынан тасиды. Осылайша, жолға түсетін салмақ бірнеше есе артады. Салдарынан жолдың сапасы төмендейді. Сондықтан біз жолды салу және жөндеу кезінде жаңа нанотехнологияны пайдалануымыз қажет. Ол үшін басқа мемлекеттермен тығыз байланыс орнатып, ғылымға салмақ салу шарт», – деді департамент директоры.

Төртіншіден, жүк көліктеріне бақылауды күшейту қажет.

«Шетелде бұл көліктерге қойылатын талап өте жоғары. Мысалы, жазда ауа температурасы +25 градустан асқан кезде ол жақта жүк көліктеріне жүруге болмайды. Олар түнде жүреді. Бүгінде жолдың астында ылғалдылық жоғары, ал жазда ылғалдылық төмен. Мысалы, қазір жолдан жүк көлігі өтсе, онда шұңқыр пайда болу қаупі жоғары. Сондықтан көліктік бақылау мекемесі оларға бақылауды күшейту керек деп ойлаймын. Осылайша елдердегі жолдардың пайдалану мерзімін 3-5 жылғы дейін ұзартуға болады», – деді Дархан Сайлауов.

Оның пікірінше, «Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері» ұлттық жобасы аясында жолдың сапасына арттырып, саладағы өзекті мәселелерді шешуге болады.

«Ұлттық жобаларды бекіту арқылы Мемлекет басшысы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруды көздеп отыр ғой. Сондықтан жол сапасын арттыру да осыған тікелей байланысты. Жоғарыда аталған ұлттық жоба аясында өңірлерде республикалық және жергілікті маңыздағы жолдарды салу және жаңғырту жобалары жалғасады. Осы іс-шаралар нәтижесінде жағдайы жақсы республикалық жолдардың үлесін 100%, жергілікті жолдардың үлесін 95% жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ саладағы өзекті мәселелерді ұлттық жоба аясында шешуге болады деп ойлаймын. Нәтижесінде Қазақстандағы жолдардың сапасына баса мән беріледі», – деп түйіндеді сөзін департамент директоры.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 4

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button