Сараптама

Елімізде 52 күн және 40 жел станциясы жұмыс істеп тұр – Тоқаев

Бүгінде энергияны мұнай мен көмірден алу қоршаған ортаға зиян келтіретіні белгілі.

Ғалымдар климаттың өзгерісін болдырмау үшін баламалы энергия көздерін қуат өндіру маңызды екенін алға тартады.

Мұндай энергия экологияға зиянын тигізбей таза энергияны өндіруге мүмкіндік береді, әрі мұнай мен көмір тәрізді пайдалы қазбаларды игерудің қажеттілігі тумайды. Мысалы, қазіргі таңда Ирландия жерінің геологиялық мүмкіндігін пайдаланып, гейзерлерден геотермальды энергияны дамытып жатыр. Италия мен Испания, Нидерланды елдері де күн электр станцияларын салып, олардан қуат алуда. АҚШ та мұхиттағы ең үлкен Гольфистрим ағысынан энергия өндіруді жоспарлап отыр. Осыған байланысты newsroom.kz тілшісі Қазақстанда баламалы энергия көздерінен қуат өндіру мәселесі қалай жолға қойылғанын біліп көрді.

Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы Климаттың өзгеруі департаментінің директоры Жақсылық Тоқаевтың айтуынша, бүгінде елімізде жалпы қуаты 2 мың 70 МВт болатын 137 нысан жұмыс істейді. Олар баламалы энергия көздерінен қуат өндіреді.

«Жаңартылатын энергия көздерінің объектілеріне тоқталайын. Бұл салада қуаты 1098 МВт болатын 52 күн станциясы, қуаты – 684 МВт болатын 40 жел станциясы, қуаты – 280 МВт 40 гидронысан қуаты – 8 МВт болатын 5 биоқондырғы жұмыс істейді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жаңартылатын энергия көздерінен өндірілетін электр энергиясының көлемі – 4,2 млрд кВт. Бұл Қазақстандағы электр энергиясының жалпы генерациясының шамамен 3,7%-ына тең», – деді департамент басшысы.

Жақсылық Тоқаев 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш – 6%, ал 2030 жылы – 15% болу керегін атап өтті.

«Энергия теңгеріміне сәйкес, 2035 жылға қарай Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінен (ЖЭК) қосымша 8 500 МВт электр энергиясы өндірілуі керек. Оның ішінде 1 000 МВт – күн энергетикасы, 5 500 МВт – жел энергетикасы және 2 000 МВт – гидроэнергетика», – деді директор.

Энергетика министрлігінің жоспарына сәйкес биыл елімізде қуаты 290 МВт болатын 10 нысан пайдалануға берілуі керек.

«Қазіргі таңда 4 нысан іске қосылды. Жыл соңына дейін 400 МВт қуат өндіретін нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл жоспарланған көрсеткіштен 110 МВт-қа артық», – деді Жақсылық Тоқаев.

Сондай-ақ ол баға мәселесіне тоқталды.

«Ірі нысандар үшін аукцион жүйесі жұмыс істейді, бұл өте тиімді. Мысалы, тек күн нысандары бойынша тарифтер аукцион есебінен 34 теңгеден 12 теңгеге дейін төмендетілді. Барлық нысан инвесторлардың қаражаты есебінен салынады. Осылайша, Қазақстанға шамамен 2 млрд доллар көлемінде қаржы құйылады», – деді Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы Климаттың өзгеруі департаментінің директоры.

Сонымен қатар «Жасыл экономиканы» қолдау коалициясының атқарушы директоры Асхат Сүлейменов аталған аукцион қалай ұйымдастырылатынын түсіндірді.

«Биыл Қазақстанның энергетика министрлігі баламалы энергия көздері нысанарын іске қосу үшін жалпы 690 МВт электр энергиясын өндіретін жобаларға аукцион ұйымдастырғалы жатыр: күн электр станциялары –  60 МВт, жел электр станциялары – 400 МВт, гидроэлектр станциясы – 220 МВт және биогаз өндірілетін – 10 МВт», – деді басшы.

Ол мұндай жобаларды іске асыру қымбат тұратынын, сондықтан шетелден инвестиция тарту маңызды екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясына мемлекеттік іс-сапармен барғаны белгілі. Кездесу барысында ол ірі компаниялардың басшыларымен кездесті. Нәтижесінде жел және күн энергиясы жобаларын дамытуды көздейтін бірқатар меморандумға қол қойылды. БАҚ-тағы мәліметке сәйкес, жиында баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері талқыға салынған. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан 2030 жылға қарай жаңғыртылатын энергия көздерінің 30%-ын өндіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Президент саудиялық кәсіпкерлерді елімізде жасыл сутегі өндірісіндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды», – деді Асхат Сүлейменов.

Баламалы энергия көздеріне төмендегілер жатады:

  1. Гидроэлектроэнергия;
  2. Атом энергиясы;
  3. Күн энергиясы;
  4. Жел энергиясы;
  5. Геотермальды энергия;
  6. Ағыс энергиясы;
  7. Биомасса;
  8. Сутек.

Еске салайық, 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 10 ұлттық жоба бекітілген еді:

  1. «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы;
  2. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы;
  3. «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы;
  4. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы;
  5. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба;
  6. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы;
  7. «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы;
  8. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы;
  9. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба;
  10. «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы.

Оның ішінде «Жасыл Қазақстан» жобасын ерекше атап өткен жөн. Ұлттық жобаның негізгі мақсаты – Қазақстанда баламалы энергия көздері жобаларын дамыту, экологияны қорғау, қоқыс қалдықтарын өңдеу көлемін арттыру, аталған салада инфрақұрылымды қалыптастыру және суды үнемдеу.

Аталған жоба 4 негізі бағыттан тұрады. Олар:

  1. «Таза Қазақстан»;
  2. «Үнемді Қазақстан»;
  3. «Табиғат»;
  4. «Экология болашағы».

Мұнда екінші және төртінші бағыттар өте маңызды болып саналады. Мысалы, «Үнемді Қазақстан» бағыты бойынша 401 арнаны реконструкциялау және 212 арнаны цифрландыру есебінен суару кезіндегі су ысырабын 4 текше шақырымға азайту жоспарланып отыр. Суарылатын жерлерді 600 000 гектарға ұлғайту шаралары қарастырылған.

Сондай-ақ 2025 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында 1,7 млн текше метр суды жинауға мүмкіндік беретін 9 жаңа су қоймасын салу жоспарда бар.

«Экология болашағы» бағыты бойынша қазақстандықтардың экологиялық білімі мен мәдениет деңгейін арттыруға басымдық беріледі.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.