Қоғам

Дара дипломат, келіссөз кемеңгері

5
(2)

Тәуелсіздік егемен ел, жеке территория, бекітілген шекара, еркін халық ұғымымен тікелей сабақтасады. Десе де қоршаған әлеммен үйлесімде болмай, белгілі бір мемлекеттің кешен­ді дамуы мүмкін емес. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дәл осы диллеманы терең түйсінген тұлға. Бұл туралы Newsroom+ақпарат агенттігі Егемен Қазақстанға сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазақстан егемен ел атанған сәт­тен бастап Елбасы оның ішкі дамуы мен тұрақтылыққа қол жеткізуі сыртқы елдермен қарым-қатынас­тан, мәміле мен бейбітшілікке деген бейілдіктен туатынын терең ұғынды. Оның бейбіт өмірге үндеуі мен дипломатияға шақырып қана қоймай, жаһандағы түйіні шешілмеген мәселелерді мәмілемен шешу үшін егемен елдің жас елордасынан алаң ұсынуы халықаралық қоғамдастық пен ұйымдар тарапынан бірнеше рет жоғары бағаланды.

Нұрсұлтан Әбішұлы 1992 жылы 5 қазан­да Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамб­лея­сының 47-ші сессиясында сөйле­ген сөзінде алдын ала анықталған – пре­вен­тивтік дипломатияны шиеленіс ошақ­тарының тұтанып, кикілжіңдердің бой көр­сетуіне жол бермейтін саяси, әлеумет­тік-экономикалық шаралардың жүйе­сі ретінде көретінін тілге тиек етті. Сондай-ақ Н.Назарбаев қоғамдық-саяси тұрақтылықты қолдау және сақтаудың маңыздылығын айтқан еді.

Міне, бейбітшілікті сақтау мақ­сатын­да дипломатияға деген оң ұстанымын таныт­қан Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті жылдар бойы осы бағытынан таймады. Бір мәселенің өзі сан құбылып шыға келетін мына алмағайып заманда дип­ломатия жасай алудың өзі үлкен өнер. Әр мемлекеттің өзінің сыртқы сая­си мүддесі, ұстанымдары мен көзқарас­тары болуы шартты.

Бірақ Қазақстан отыз жыл ішінде еш­қан­дай мемлекетпен саяси, дип­ло­матия­лық, экономикалық дауға келген емес. Елбасының ұстамды саясатымен жаһандық мәселелерге берген бағасында, қарарларында қашанда мәмілені ту етті. Мұнда тек өз мемлекетіміздің ғана емес, бас­қа елдердің, онда тұратын бейбіт тұр­ғындардың жағдайына басым мән беру, мәселені ушықтырмай шешу, жер-жаһандағы тепе-теңдікті сақтай отырып, қалыпты даму ұстанымы жатыр.

Қазіргі жаһандану дәуірінде адамзат­тың өзара сыйластығы мен бір-біріне танытатын қолдауынсыз алға шығу мүмкін емес. Себебі әлемдегі кез келген проблема барша адамзатқа ортақ сипат алып барады. Елбасы мұны сонау 90-жылдары бағамдап, Қазақстанның сыртқы саясатын сол үрдіске сай құруды қолға алды. Нәтижесін бүгін тек Қазақстан ғана емес, бар әлем көріп отыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымымен кешенді әрі мазмұнды ынтымақтас­тық орнату – Қазақстан сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі. Қазақстан БҰҰ-ға 1992 жылдың 2 наурызында мүше болды. Елбасы БҰҰ-ның алқалы жиналыстарына бірнеше рет қатысып, өзінің дип­ломатиядағы шеберлігін танытты. Қазақстанның БҰҰ-да танытқан оң көзқарасы мен бейбітсүйгіш мемлекет ретінде орнатқан моделі ұйым тарапынан қолдау тапты.

Осы орайда 2002 жылы БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақ­станға ресми сапармен кел­генін еске аламын. Жоғары мәртебелі қонақ жас мемлекеттің бастамалары сүй­сінді­ретінін алға тартып, Қазақ­стан­ның нарықтық экономикаға оңтайлы көше алғанын, ел ішінде тұрақтылықты сақтай алғанын және ядролық қарусыздандыру мәселесінде батыл ұстаным танытқанын жоғары бағалады.

Егемен еліміздің сыртқы саясатта беделін көтерген тағы бір ұстанымы – ядро­лық қарудан бас тарту болатын. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бұл бас­тамаға үлкен жауапкершілікпен кел­ді. Мұнда да Тұңғыш Президенттің алда­ғы уақыттың сын-қатерлерін көре алатын саяси шеберлігі жатыр. Ядролық қару­­дың тек Қазақстанда ғана емес, жаһан­дық саясатта дипломатия мен бей­біт өмірге селкеу түсірмеуін ту еткен Елбасы өз сөзінде «ХХ ғасырдағы ядро­лық қарулар жарысы Қазақстанға да үлкен «күйік» қалдырғанын» атап өткен еді.

Міне тарихтан сабақ алып, алдағы саясатқа оң жол ашқан бұл бастама БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан да оң бағаланып, 29 тамыз Семей поли­­гонының жабылу күні және Халық­аралық ядролық сынаққа қарсы күрес күні деп белгіленді.

БҰҰ Қазақстанның сыртқы сая­сат­тағы көптеген бастамасына бүгін­де сенім артып, қолдау көрсетеді. Содан да болар, Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес мүшесі болып сайланып, ұйым­ның ең басты органдарының бірі – Экономикалық және әлеуметтік Кеңесіне Орталық Азиядан сайланған тұңғыш мемлекет болды.

Қазақстан БҰҰ шеңберінде Елба­сы­ның басшылығымен аймақ­тық қауіп­сіздікті сақтай отырып, Ор­талық Азияның ортақ мүддесін қорға­ды, қызығушылықтарын алға тартты. Терроризммен, кедейлікпен күреске басым назар аударып, Африка құрлығында бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін шешуді қолға алды.

Қазақстан соңғы он жылда жаһан­дық аренада өзін білікті халық­аралық медиатор ретінде таныта білді. Нұрсұлтан Әбішұлы елдегі ішкі тұрақтылықты тәуелсіздік алған алғаш­қы күндерден-ақ бақылауда ұстады. Қазақстандағы түрлі ұлыс өкілдерінің өзара татулық пен тыныш­тықта өмір сүруін қамтамасыз ету үшін Қазақстан халқы Ассамблея­сын құрды. Қазақстанның ішкі дип­­ло­ма­тиядағы бұл моделі жемісін бер­ді. Міне, осындай айтулы мәмілеге бастайтын тәжірибелерді Елбасы сыртқы саясатта да сәтті қолдана біл­ді. Саясат қашанда қақтығыспен қатар жүреді, мұны заңдылық деп атамасақ та, мүдделер әрдайым сәйкес келе бермейтіні анық.

Осы орайда кикілжіңге түскен тарап­тарға мәмілеге келе алатын алаң беру саяси көзқарасы мен ұстанымы анық мем­лекеттің қолынан ғана келеді. 2012-2013 жылдары Иранның ядролық қару­ға қатысты саясаты ушыға түсті. Бұл шешімін табуы тиіс мәселе болатын. Осындай күрмеуі қиын саяси про­цесті оңтайландыру үшін Нұрсұлтан Назар­баевтың саяси беделі мен қолдауы нәтижесінде 2013 жылы Алматы қаласында Иран Ислам Рес­пуб­ликасы және «алтылық» (Ресей, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Фран­ция, Германия) келіссөздер раундын бастады. Бұл келіссөздер әлемнің алпауыт елдері арасында жүргенін ескерсек, сарапшылар да, қатысушылар да Қазақстанның мұндай дипломатиялық алаң ұсынуын және түйінді саяси про­цесті еш шашау шығармай алып шық­қанын жоғары бағалады.

Елбасы бұған дейін ядролық қарудан бас тартып, бейбіт өмір құруды басым ұстаным еткенін әрі Иранға да Қазақ­с­танның мысалын әрдайым алға тар­тқан және дәл осы раундта өзінің аргу­мент­терін Иран тарабы ескергенін атап өтті. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының тәжі­рибеден іске көшетін айтулы дипломатиялық қабілетінің жемісі болатын.

Бұдан өзге Елбасы 2015 жылы Ресей Федерациясы мен Түркия Республика арасында туындаған сая­си дауды да шешуге атсалыс­ты. Бұл дипломатиялық процесс те оң нәти­жесін беріп, Қазақ­стан­ға эконо­ми­калық, саяси және мәде­ни қарым-қатынасы жағынан ерекше жақын екі мемлекеттің басшылары ортақ мәмі­леге келіп татуласты.

2011 жылы Сириядағы жағдай ушы­­ғып, бейбіт өмірге сызат түсті және бұл жағдай өңірлік және жаһан­дық қауіп­сіз­дік төнген шынайы қатер­ге айналды. Бұл ретте де Қазақ­стан бітім­гер­лік ұстанымда болды. 2017 жылы елордасы Нұр-Сұлтан қала­сында күрделі де саяси сал­мағы ауыр Астана процесі бастал­ды. Елба­сы­ның бақылауымен және Қазақ­стан Республикасы Сыртқы істер министр­лігінің ұйымдастыруымен өт­кен Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен рет­теуді көздейтін келіссөздердің алғаш­қы раундтарының түйіні сәтті шешіле бастады. Сәйкесінше бітімге шақыру раундтары жалғасын тапты. Бұл барша әлем бақылаған үлкен сая­си құбылыс.

Елбасы 2017 жылы Астана клубында сөйлеген сөзінде жаһандық дамудың жаңа архитектурасы, Шығыс пен Батыс сызығы бо­йын­да геосаяси, гео­экономикалық және идеологиялық қақтығыстардың те­рең­­деуі аясында қалыптасып жатқанын, осы орайда Қазақ­стан қауіпсіздік, экономикалық өсім, бас­тысы өзара диалог үшін алаң ұсы­на­тын күн тәртібін белгілей алатынын барша әлемге жариялады. Отандық дип­ло­ма­тияға бұл кейінгі онжылдық үлкен серпін берді, айтулы жетістік әкелді.

Қазақ халқы әу бастан «Бірлік болмай – тірлік болмас» деп тегін айтпаса керек. Жеке мүддені көздеу бәлкім жетістікке жеткізер, бірақ өзгенің жағдайына терең үңіле алу, түсіну, достастыру мен жарастыру бұл дипломатияның шыңына шыққан тұлғалар ғана басшылыққа алып, жүзеге асыра алатын принциптер.

Бүгінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевты бар әлем тек білікті саясаткер ғана емес, тәжірибелі және табыс­ты дипломат ретінде мойындайды. Нұрсұлтан Назарбаев «Менің көкейімде Қазақ­станның болашағы құрлықпен және барша жаһанмен өте тығыз байланыс­ты деген аксиома әу бастан бар еді», дей келе біз әлемге кейінгі кезде өте-мөте жетіс­пейтін біртектілік, мәміле және жаһан­дық мәселелерді шешуде бір-бірі­мізге төзім танытудың үлгісін көр­сететінімізді хабарлады. Мұндай дипломатиялық-саяси шешім адамзат алдында айтылып, орындалды.

Қазір Қазақстан дипломатиялық келісім орнатқан екі жүзге жуық мемлекетке сенімді серіктес, мәмілегер медиатор, беделге ие әріптес болып отыр. Елбасының бірнеше сая­си ошақтағы кикілжіңдердің тиімді, нақты шешім іздестіруіне мазмұнды үлес қосып қана қоймай, экономикалық өсім, ғылым мен білімді дамытудағы қаншама бастамалары, құрған одақ­тары, жасаған жүйелері қазір тек Отаны­мызға ғана емес, әлемнің көп мемлекетіне тұрақты дамуға жол салып берді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрып берген саяси достық, дипломатиялық тату­лық, тұрақты эко­номикалық моделі «Назарбаев моделі» деген атауға ие болды.

Өмірде айнымас ұстаныммен өмір сүру кез келген жанның қолынан келе бермейді. Айнымас ұстанымда білім мен білікті, береке мен бірлікті жоғары қойып, саяси шеберлікпен қатар адамға тән ізгі қасиеттермен сусындаған жан әлем таныр тұлғаға айналады. Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев жаһан тарихында сондай берік ұстанымға деген адал­дығымен тек лидер ғана емес, дипломатия шебері атанды.

Тәуелсіздіктің әр жылында Қазақ­стан сарабдал көшбасшысының айнымас ұстанымына берік, бейбіт­шіліктің мыз­ғымас ортасы болып келеді. Бұл жал­ғасын табуы тиіс.

Осы орайда қазақстандықтар тәуелсіздікпен тұспа-тұс тағы бір айту­лы мерекені қарсы алады. 1 жел­тоқсан – Тұңғыш Президент күні. 2012 жылдан бастап бұл маңызды дата жыл сайын атап өтіліп, Қазақстан халқының ұлт көшбасшысына деген ыстық лебізі мен алғысының үлгісіндей жаңғырып келеді.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы­ның сарабдал саясатын бүгінде білік­ті дипломат, осыған дейінгі мансабында БҰҰ Бас хатшысының орынбасарына дейін жауап­кершілігі аса жоғары лауазымды қызмет­терді атқарған Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаев жалғастыруда. Ол Қазақ­­стан Президенті лауазымына кіріс­кен сәттен бері Елбасының ішкі және сыртқы саяси бағдарын терең түйсіне алды.

Қазақстан жаңа президентін сайлаған сәтте бұл процесс әлем назарында болды. Осыған дейін бітімгер мемлекет бо­лып танылып, талай саяси оқиғаға диа­лог алаңын берген Қазақстанның әрі қарай­ғы жолы қалай айқындалады деген сұ­рақ көптің көкейінде болғаны рас. Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті атанғанда бұл сауалдың жауабы да нақтыланды.

Әлбетте, Мемлекет басшысының дип­ломатия саласындағы білгірлігі Елбасы бекіткен бағдармен үйлесіп, Қазақ­стан дамудың тың сатысына қарай көтеріліп кете берді. Біз бұл бағытты жоғалтпауға тиіспіз.

 Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІ,

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 2

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button