Қоғам

Жауабы жоқ сұрақ: Gate Citу қаласының құрылысы қашан бітеді?

3
(4)

Әлемдегі ірі мегаполистердің барлығы дерлік маңында орналасқан кіші қалалармен тығыз байланыста. Әдетте мегаполистердің жанындағы ұсақ қалаларды «серіктес қалалар» деп атайды. Олардың басым бөлігі мегаполистен 50-70 шақырымда орналасып, қаланың қалыпты жұмысында маңызды рөл ойнайды. Бұл қағида алғаш болып Еуропада пайда болды. Бірнеше миллион халық тұратын ірі Еуропалық мегаполистердің әрқайсысында кемі 4-5 серіктес қалалар бар. Серіктес қалалар мегаполис үшін маңызды мәселені реттейді. Олар мегаполис халқының тым артып кетпеуінің кепілі. Сәйкесінше мегаполис пен серіктес қалалар арасында жақсы жол қатынасы орнап, серіктес қала тұрғындары мегаполисте жұмыс істегенімен, жұмыс уақытынан тыс сәтте серіктес қалаға қайта оралады. Бұл ірі қала мен кіші қаланың әріптестігі десек те болады. Ірі қала жұмыс береді, кіші қала мегаполисті жабайы урбанизация мен экологиялық ластанудан қорғайды.

Алматы қаласы еліміздегі ең ірі мегаполис. Миллениум қаланың өз серіктестері де болуға тиіс. Қазіргі таңда Талғар, Қапшағай және Қаскелеңді Алматының серіктестері деп атап жүргенімізбен, шынайы тұрғыдан Еуропалық стандарт негізінде ол сипаттамаға сай емес. Өйткені қалалар арасындағы жол қатынасы жақсы болғанымен, бұл қалалар Алматыны урбанизациядан айтарлықтай деңгейде сақтап қала алмады. Алматыға қоныс аударушы халық аталмыш үш кіші қалаға қарағанда, Алматының маңынан жер алып, үй салуды құп көреді. Сондықтан серіктестер бұл мәселеде ақсап тұр.

Алматы қарап жатпады. «Еуропадан қай жеріміз кем» деді ме,  2006 жылы Қапшағай тас жолының бойынан бірнеше шақырым жерде бір емес, бірден төрт қаланың іргесін қалап, нағыз серіктес қалашықтарды өмірге әкелеміз деп шешім қабылдады. «G4 City» атты жоба осылайша өмірге келді. Жобаны ресми іске асыру 2008 жылы басталды. Төрт серіктес қаланың өзіндік жоспары мен бағыты бар. Біріншісі қаржылық және іскерлік орталық саналатын Gate City, екіншісі мәдени және ойын-сауық, білім орталығы болуы тиіс Golden City, үшіншісі ғылым мен технология, жаңа ашылулардың жетістігі болуға тиіс Growing City және төртіншісі Қапшағайға шығатын туристік қалашық Green City еді.

Алғаш болып қара жерге қазығы қағылған қалашық Gate City. Тіпті Қапшағай тас жолы арқылы ызғытып көлікпен кетіп бара жатсаңыз, оң жақтан қаланың нұсқаулығын да байқап қаласыз. 2013 жылы «қаланың құрылысы 2018 жылы бітеді» деген ақпарат пайда болды. Алайда көріп отырғанымыздай ол ақпарат тек ақпарат екен. Сонымен Гейт Сити қаласы қашан бітеді. Алматылықтар гейтситилықтармен бір дастарханда шай ішу мүмкіндігі туа ма?

Қаланың құрылысы басталды деген тамаша жаңалық бақандай жеті мәрте жарияланыпты. 2007, 2008, 2010, 2011, 2012, 2013, 2017 жылдары. Қазақта жеті қасиетті сан ғой шіркін…Ал соңғы мәліметтерге сенсек, қаланың құрылысы 2023 жылы аяқталады-мыс.

2009-жылы 2-қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1739 «Алматы облысындағы «Gate City» серіктес қаласының бас жоспары жайлы» қаулысы шықты. Қаулыда Алматы қаласындағы Гейт Ситидің бас жоспары 2030 жылға дейін қаланы салу және дамыту, экологиялық жағдайды қалыпты ұстау, табиғатын аялау бойынша негізгі құжат екені жазылған.  Жалпы қалаға қатысты барлық бағдарламалар сол бас жоспарға сүйеніп жасалуы тиіс екендігі жазылған. Бас жоспардың негізгі мақсаты Алматы қаласының маңында өмір сүруге қолайлы, барлық жағдай жасалған серіктес қаланы қалыптастыру болды. Қаулыда Гейт Ситидің орналасқан жері қаланың дамуына өте ыңғайлы екені айтылған, яғни ол Алматы-Қапшағай тас жолы мен республикалық маңызы бар магистраль бойында жатыр, қала маңынан БАКАД пен «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізі өтіп, Гейт Сити Орталық Азиядағы нағыз маңызға ие қаланың бірі болатыны айтылады.

2007 жылы қала құрылысына бірнеше елдің құрылыс компаниялары қызығушылық білдірді. Олардың арасында әйгілі Аустралиялық Kann Finch Group компаниясы да бар еді. Қаладағы үйлер халық үшін қолайлы, ал сатып алуға арзан болатыны айтылды.

2010 жылы «G4 City» жобасының аясында салынып жатқан тұрғын үйлердің алғашқы легі 2012 жылы қолданысқа беріле бастайды деген ақпарат шықты. Ал 2011 жылы Оңтүстік Корея президенті Ли Мен Бакпен келісім барысында, аталмыш жобаны іске асыру бойынша да келісімдер жасалды. 2012 жылы кореялық «Posco E&C» компаниясы 640 миллион долларға Алматы маңында серіктес қаланың біреуін салу бойынша келісті. Сол жылы төрт қаланың құрылысы біткен сәтте «Қолжетімді баспана» жобасы серіктес қалашықтарда да іске асатыны айтылды.

Дегенмен жыл өткен сайын бұл жобалардың қалай іске асатыны үлкен сұрақ туындатуда. Өйткені 2006 жылы бастау алған жобаға осы уақытқа дейін мемлекеттік және жеке қаржыландыру арқылы 31 млрд теңге бөлінгеніне қарамастан, қаланың салынуы тасбақа жылдамдығынан да баяу. Тіпті тоқтап қалды десек те болады. Халық арасында «Гейт Сити қаржы жасау көзі ғана болды» деген қаңғыма сөз де бар.

2019 жылы арнайы жарлық бойынша Гейт Ситидің құрылысы 2020 жылдың соңына қарай жандануға тиіс еді. Алайда әлемді шарлаған коронавирус індеті ол жарлықтың іске асуын автоматты түрде 2021-жылға шегерді. Демек 60 мың тұрғыны болуға тиіс Гейт Сити тағы да өзінің ашылуын белгісіз уақытқа созды.

Алматы маңында күндердің күнінде қаланы урбанизациялық шырмаудан құтқарып, күндіз қалада жұмыс істеп, кешкісін Қапшағай тас жолы арқылы Гейт Ситидегі үйіне асығып бара жатқан гейтситилықтарды көреміз деген үміт бар. Үмітсіз шайтан деген…

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 3 / 5. Бағалар саны: 4

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:
Tags

Тағы да

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll Up
Close