Қоғам

Әкім айтып жатқанда жаңалығын, Жаңатасқа орнаған қаралы күн

3.2
(20)
БЕС ТАҒДЫР – БЕС ТАЛ ГҮЛ!
(баллада)
Есепті әкім бермей кім береді?
Үңіліп камераға іргедегі,
Еліне онлайн есеп беріп беріп,
Сөйлейді әкім мырза мінбедегі:
– Біз қатты дамып кеттік жарты жылда,
Үй салынып, газ бен су тартылуда.
Халықтың ахуалы жақсы қазір,
Барлығы да жұмыспен қамтылуда.
*** *** ***
Жаулаған Жаңатастың ес, жанарын,
Шаттық ойын – күлкісі – ай бес баланың,
Ойнайды олар,
білмейді, қайдан білсін,
Осы кештің азалы кеш боларын!?
Жұмысқа кетіп қалған әкелері,
Бұйырса, адал ризық әкеледі.
Анасы да дүкенге шығып кеткен,
Бәлкім, сол жасағаны қате ме еді?
Қателік қайғыменен өтеледі.
Ана неге кешікті?
Сағындырды. –
деп елеңдеп бес бала шауып жүрді.
Бір мезетте олардың бөлмесіне,
Анасы емес,
Қып – қызыл жалын кірді.
Қанатын қақ төбеңнен жайса жалын,
Құтылмаққа қылатын қайсы амалың?
Үйдің ішін жалмаған аждаһа – өрт,
Бесігіне таяды Айсананың.
Ажал жұтты ақыры бес тағдырды,
Естігенде ауысып, ес қаңғырды.
Анасы тауып алды өрт орнынан,
Күлге кеткен айналып бес тал гүлді!
*** *** ***
Есеп беру жиыны жалғасуда,
Әкім тұр ақ мінбенің дәл басында.
– Қолдаймыз көп балалы аналарды,
Мемлекет саясат арнасында.
Әкім айтып жатқанда жаңалығын,
Жаңатасқа орнаған қаралы күн.
Мінбенің маңдайында жарқыраған,
Елтаңба құлап түсті.
Жаман ырым!
Жаман ырым жанарды бұлдыратар,
Көз алдымда бес сәби тұрды қатар.
Құлаған Елтаңбамды кім көтерер,
Ал, жылаған ананы кім жұбатар?
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 3.2 / 5. Бағалар саны: 20

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button