Қоғам

Қазақстандықтар кітап оқудан артта қалды

5
(1)

Қазақстандық оқушылардың сауаты Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердегі қатарластарынан төмен. Тіпті, едәуір артты қалып қойыпты. Бұл халықаралық зерттеудің нәтижесі туралы Білім және ғылым министрі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Ересектеріміздің де оңып тұрғаны шамалы. Бұған не себеп? Бұл туралы  Newsroom+ақпарат агенттігі  Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Зерттеу нәтижесі бойынша бірер елдің соңында шаң жұтып қалыппыз. Сіз бен біз кітап оқудан қалып бара жатқанымыз туралы Асхат Аймағамбетов жазды. Жазып қана қоймай, нақты дәлелдер келтірді.

«Ересек адамдардың құзыретін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарламаның (PIAAC) зерттеуінің қорытындысы бойынша еліміздегі 16-дан бастап 55 жасқа дейінгі азаматтардың да оқу сауаттылығы нашар болып шықты. Яғни, өкінішке орай, еліміздегі ересек азаматтардың да оқу сауаттылығы төмен деңгейде. Бұл  бүгін ғана белгілі болған проблема емес, жылдар бойы қордаланған мәселе. Біздің балаларымыз кітапты оқуға келгенде жалқаулық танытатыны бір бөлек, кейде оқыған мәтінді нашар түсініп, дұрыс қабылдай алмайды. Оған қоса талдау және қорытынды жасау дағдылары да ақсап тұр. Бұл шын мәнінде ұлттың бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін үлкен проблема».
ҚР Білім және Ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВТЫҢ әлеуметтік желідегі жазбасынан үзінді.

Балалардың зейіні төмен, ұмтылысы жоқ болса қолындағы кітаптар түсініксіз әрі сапаыз шығар деген логикалық ой келеді. Бұл шаруаны шешу үшін «Оқулық» республикалық орталығы жанынан  арнайы бөлім құрылып жатыр екен.

Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ, «Оқулық» Республикалық Ғылыми-практикалық орталығы Директорының орынбасары:
«Психолог-лингвистермен тығыз жұмыс жасап, олардың зейініне олардың қабылдауына лайықталып берілетін болады. Оның ішінде тіпті сөйлемдердің күрделі болып кетпеуі де қадағаланып отырады. Баланың шаршап қалмауы, оны қызықтырып отыру яғни осындай тұстардың бәрі қарастырылып алдағы уақытта енді балаларды өзіне тартып тұратын қызық бір кітаптар болады деп бір сенім артып жатырмыз».

Мәселеге параллель бір мысал.  Бұл Беказада Байдалы. 5 сыныптың оқушысы. Мектеп бағдарламасындағы шығармалар былай тұрсын, әлемдік романдарды шетінен кеміріп жатқан жеткіншек. Тау-тау болып жатқан кітаптар оның ұмтылысына анық дәлел.

Бекзада БАЙДАЛЫ, оқушы:
«Анам кішкентай кезімнен кітап оқып беретін. Ал өзімнің кітапқа талпынысым бірінші сыныпта басталды. Үлкен әдептілік әлемі деген кітап болатын. Соны оқи беретінмін қайта-қайта.  Түсінікті. Бірақ кейбір кезде қиын болады. Бірақ кітап оқығанда үйреніп қаласың».

Бекзаданың анасы бәрі баланы еліктіруден басталады дейді. Ғазиза Құдайберген ертегінің өзін қойылым қылып түсіндіріп, баласын кітап әлеміне ғашық қылыпты.

 Ғазиза ҚҰДАЙБЕРГЕН, Бекзаданың анасы:
«Әртүрлі ойыншықтардан персонаждар жасап аламыз.  Арнайы уақыт бөлеміз. Баланың қызығушылығын арттыру керек. Кішкентай күнінен сіңірсе, өзің кітап оқып отырсаң. Соны көріп өскен бала ешқайда бармайтын сияқты. Кітапханаға жиі апару керек. кішкентай күніненде түрлі түсті суретті қызықты, қысқа кітаптардан бастау керек. Баланы жалықтырып алмайтындай. Әрі қарай өзі алып кетеді».

Елордадағы маңдайалды кітапханаға бет алдық. Мұндағы мамандар оқырмандардың қарасы азайған емес деп отыр. Талғам да сұраныс та жоғары екен.

Ұлжан ӨМІРӘЛИЕВА, Ұлттық Академиялық кітапханасының қызметкері:
«Ол енді мына ғаламтордың болғанына байланысты шығар деп ойлаймын. Мен бірақ оған өзім сенбеймін. Өйткені, бізге оқырмандар үзілмей келіп жатады. Сұраныстары, талғамдары өте жоғары. Сол себепті мен қосыла алмаймын. Студенттер және зейнеткерлер, жас аралық оқушылар келіп жатады».

Кішігірім дерек. Елімізде білім және ғылым саласына қарасты 7096 кітапхана жұмыс істейді. Мектептерде  6461, колледждерде  579, жоғары оқу орындарында  56. Бұған республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханаларды қосыңыз. Яғни, ұсыныс бар, бастысы жұрттың сұранысы артса болғаны.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:
Tags

Тағы да

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll Up
Close