Қоғам

Айлығым 600 мың: елордалық жұмысшылар бұл ақшаны қалай табады?

5
(2)

Newsroom.kz порталының тілшісі жоғары жалақы алатын елордалық жұмысшылармен тілдесті.

Өкінішке орай, бұрын заңгер, экономист, кеден қызметкері болсам дейтін қазіргі буын вайнер, блогер, YouTube жұлдызына айналсақ десе, ал біздің кейіпкерлер жұртқа танылмай-ақ, қалай ай сайын жоғары жалақы алуға болатынын айтты.

Георгийдің айтқандары

Жуырда үй ауыстыратын болып мебель маманын шақырдық. Ас үй мен жатын бөлмені және балалардың төсегін құрастырып оны басынан жинап, шебер үш сағаттық жұмысына 40 мың теңге алды.

Өзінің кәсібін сүйетінін айтқан Георгий есімді жігіт бұл кәсіптің маңында жүргеніне 5 жыл болғанын айтты. Айтуынша айлық табысы 500-600 мың теңгенің айналасында. Күн сайын тапсырыстан тыным жоқ деген ол кәсіптік колледж бітірген. Қазіргі күні жеке пәтерім және көлігім бар деген ол жаз-күз айларында айлық табысы бұдан да көбейетінін айтып, өзінің жанына алар көмекшінің жоқтығына қынжылды.

Көкшетау қаласынан келген ол әзірше бұл кәсіппен тек өзі Instagram мен Olx арқылы клиент тауып жүрген көрінеді.

Каминді кәсіп еткен Михайл

Жұмысқа барайын деп көшеде көлік күтіп тұрғанбыз. Су жаңа Volkswagen келіп тоқтады. Жасы қырықтарға келіп қалған жігіт ағасы берген бағамызға келісіп, көлікті ытқыта жөнелді. Қарап отырмай жөн сұрастық. Негізі кәсібім камин жөндеу дегенде, таң қалдық.

Елордадағы жағдайы жақсы тұрғындардың үйлеріндегі камин пештерінің жай-күйін қарап тұрамын деген Михайл бұл кәсіпті қайын атасынан үйренген. Одан бөлек коттедждерге қақпа мен терезеге сақтандыру торларын қоятын оның осы кәсіптен түсетін айлық табысы кей айларда млн теңгеге жуықтап қалады екен. Пандемияға дейін әйеліммен Таиландта демалып келдік. Құрбыларына қызыға беретін әйеліме шуба әпердім деген ол мәз болып, су жаңа көліктің терезесінен темекісін бұрқ еткізді.

Айтуынша, осы көлікті несиеге алған, қол бос кезде такси де боламын, ақша табудың артықшылығы жоқ деген ол бізбен жылы қоштасып, Яндекс қосымша мен inDriver-ді қатар қосып одан әрі жүйітки жөнелді.

Жылу бергіш Женя

Жақын досым елорданың суық аязына шыдай алмай, өзбек ағайындарымыз секілді үйінің еденін түгелімен жылу беретін кәрістің соңғы технологиясымен жабдықтап шықты. Электрмен жылу беретін түтіктер Ресейде өндірілгенмен, технология Кореянікі, ал мына оны қосып-өшіретін аспаптар Малайзиянікі деген Женя аузы мен қолы қатар қимылдап жүріп үш сағатта бүкіл шаруаны бір өзі бітіріп тастады.

Кәрістің технологиясы 25 жылға кепілдік береді деген Женяның шын есімі – Евгений болар деп долбарладық. 7 жыл осы фирмада жұмыс істеймін деген ол жұрт менсінбей «шарага» деп атайтын кәсіптік училищені бітірген. Мені «шарага» бітірді деп менсінбейтін шенеунік достарымнан көп ақша табамын деп миығынан күлген Женядан досым екеуміз қатарласып айлық табысын сұрадық. Біздің елде біреудің табысын, әйелінің қашан туатынын сұрау Еуропадағыдай немесе мәдениетті қоғамдағыдай интимдік сұрақ саналмағандықтан, бұл батылдығымызға түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз.

Ай сайынғы таза айлығым 250 мың, одан әрі осындай әр үйге қойған аппаратқа сай бонус аламын деген Женя әрмен қарай өздеріңіз есептей беріңіздер деді. Іштей санап тұрғанымызды сезгендей ол орташа табыс 300-400 мыңның шамасы ғой деп келесі тапсырыстарға жөнелді.

Қорытынды есебінде анау мынандай, мынау мынандай деп әдеттегідей мораль жазу ойымызда жоқ. Біз тек көргеніміз бен естігенімізді жаздық. Бәлкім, бұл кейіпкерлер өтірік айтқан болар, кей тұстарын асырған да шығар. Онда біздің шатағымыз жоқ, клавиатура мен Word-ты серік етіп, өздеріңізбен осындай да өмір бар екенін бөлісуді ой еттік, мәртебелі оқырман.

Жүмәсіл ЖАПАБАЕВ

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 2

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Ақнұр Сағатова

Инстаграм парақшасы

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button