Курьер: карантин кезінде күніне 10 мың теңге көтеруге болады…

 359 

Бүгін үйде азық-түлік таусылған соң, дүкенге шықтық. Жол-жөнекей қайтар кезде, сол жағалаудағы кофеханалардың ашық тұрған біреуіне соғып, кофе алуды ұйғардық. Кезекте тұрған адам көп. Ал, онлайн тапсырыс беріп, тамақты үйге дейін жеткізіп беретін курьерлердің кезекте тұрғаны одан да көп.

Бір байқағаным – тапсырысты есік тұтқасының үстінде жазулы тұрған телефон арқылы қабылдап, түгел целлофаннан жасалған комбинезон киген қызметкер қыздар есіктен шығып тапсырысты қолыңа ұстатын не болмаса, көлігіңе дейін жеткізіп беретін кофехана курьерлерден көрі біз секілді өзі барған клиенттердің тапсырысын тез береді екен.

Қарап тұрғанша деп, курьер жігіттің бірін әңгімеге тарттық. Есімін шартты түрде Ерік деп атауды сұраған ол 10 күннен бері жұмыс істеп жүргенін айтты. Алматы облысының тумасымын деген Ерік карантинге дейін Нұр-Сұлтандағы IT компаниялардың бірінде бағдарламашы болып жұмыс істеген. Ақысыз еңбек демалысына шыққан соң, қарап жатқанша деп курьерлік жұмысқа кірген. Бұл жұмысқа кіруді екі жұма күттім деген Ерік ерінбесең күніне 10 мың теңге табуға болады дейді.

– Негізгі жұмысымда айына 400 мың теңге айлық алып келдім. Екі балам мен әйелім үйде. Өз көлігіммен жұмыс істеп жүрмін. Пәтерақы төлеу керек, үйге азық-түлік алу керек – деп әңгімесін жалғаған Ерік екеуміздің сөзімізді – бүгін кілең ……..(боқтық сөздер тізбегі) «заказдар» шықты деген үшінші курьер жігіттің сөзі бөліп жіберді. Одан сұхбат алмақ болғанымызда, бүгін бірінші күн шыққанын айтып, бас тартты. Одан кейінгі келген әріптестері әр түрлі сервистік қосымшаларда жұмыс істейтіндерін айтты.

Кофехананың үстінде тұрамын, күніне бір рет кофе ішпесем басым ауырады деген өзім құралпы жігіт бала-шағасына обал болғанын жеткізді. Оған қосылып, балабақшаны сағынғанымызды айтқан біздер мамыр айын асыға күтетінімізді айттық.
Осы сәтте курьер жігіттер өз қосымшаларының (приложение) артық-кем тұстарын айтқан соң, олардың рұқсатымен суретке түсірдік те кофемізді құшақтап үйге тарттық.

 

Уәли ЖҰМА

Бөлісу: