Қоғам

«Денсаулық» кодексі талқыланды

0
(0)

Елімізде дәрігерлердің кәсіптік қызметіне араласуға тыйым салынбақ. Жөн-жосықсыз киліккендер әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін. Себебі, соңғы жылдары «дәрігерлердің қателігінен болды»  деген желеумен қозғалған қылмыстық істер көбейгендіктен, бұл салада жұмыс істеуден қорқатындар көбейіпті. Бүгін Сенатта «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заң жобасын талқылау барысында осындай ойлар айтылды. Бұдан бөлек, қоғамда үлкен тау тудырған вакцинация мәселесі де сөз болды, деп хабарлайды Newsroom+  тілшісі арнасы сілтеме жасап.

Соңғы уақытта екі адам жинала қалса, сөз бола кететін «вакцинация» жайы Сенатта бүгін тағы да сөз болды. Депутаттар, тиісті заң жобасын талқылау барысында міндетті және ерікті вакцинаның ара жігін ажырата алмай жүргендер көп екенні айтты. Мәселен, сенатор Дана Нұржігіттің сөзінше, қоғамға осындай өзекті мәселелерді түсіндіретін «Ұлт дәрігері» дәрежесіндегі медиа-тұлға жетіспейді.

ДАНА НҰРЖІГІТ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
«Кодексте азаматтардың емделуге және басқа да медициналық араласуларды жүргізуге, хабардар етілген келісім беруге немесе олардан бас тарту құқығы қарастырылған деп жазылған. Ал, бұл норма азаматтарымыздың екпеден бас тарту құқығын қаншалықты қамтамасыз ете алады? Қоғамда қызу пікірталас тудырған да кодекстің дәл осы тұсы ғой. Қазірге дейін, міндетті және ерікті вакцинаның ара жігін ажырата алмай жүргендер көп».

Ал, еліміздің бас дәрігері Елжан Біртанов алдымен вакцинаның түрін ажыратып алуды ұсынды. Министрдің сөзінше, екпе профилактикалық, міндетті және ерікті болып үш топқа бөлінеді екен. Міндетті вакцинаның қатарына жоспарлы егулер, эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық егулер жатады. Сондықтан, мәселенің байыбына бармай жатып екпеден бамс тартуға болмайды дейді. Ол үшін нақты мысалдар да келтірді. Мәселен, 2019 жылы қызылшадан 19 бала қайтыс болыпты. Ал, ауру өршіген кезде кеселге шалдыққандардың 83%-ін балалар құраған. Міне, осы сандарды төмендету үшін міндетті екпе қажет көрінеді. Тіпті, министр вакцина салынбаған балалар мектепке қабылданбайтынын да айтып өтті.

ЕЛЖАН БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
«Ата-аналар баласын вакцинациялаудан бас тарта отырып, баланың денсаулығын, құқықтарын шектейтінін атап өткен жөн. Жалпы, екпе егілмеген адам санының өсуі  ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне және халықтың арасында вакцинамен басқарылатын инфекциялық аурулардың таралуына алып келеді».

Құжатта медициналық қызметкерлердің үстінен бей-берекет қылмыстық істердің қозғалуын болдыртпау жайы да қаралған. Себебі, осы бір қиын ғылымға бет бұрғысы келген медициналық қызметкерлер жауапкершіліктен қорқып, бет бұрмайды екен. Білікті кадрлар азайып барады. Ол үшін ақ халаттылардың статусын көтеріп, кәсіптік қызметіне араласуға тыйым салынбақ.

АНДРЕЙ ЛУКИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
«Қазір, медициналық қызметкерлер қылмыстық жазаға тартылудан қорқып, ғылымнан алшақтап барады. Бірақ, жаза жеңілдеді екен деп, дәрігерлер халықтың өмірі мен денсаулығына жауапты екенін ұмытпауы керек. Аталған жаза дамыған елдердегі секілді, әкімшілік, азаматтық-құқықтық сипатқа ие болуы шарт. Сондықтан, олар заңмен және қаржылай қорғалып, кәсіби біліктілігіне де нұқсан келмеуі керек. Жоғарыда аталғандарды тізбектей отырып, заң жобасын толықтырулар мен өзгертулер енгізу үшін Мәжіліске қайта жолдауды ұсынамын».

Енді, медициналық қызметкердің үстінен қылмыстық іс қозғау процесі де қиындай түседі. Дәрігердің кінәлігін дәлелдеу үшін арыздың жанына, өкілетті мемлекеттік органның тексеру актісі бірге жіберілуі тиіс. Ал, ақ халаттылар тек адам өліміне кінәлі болса ғана жауапқа тартылады. Басқа жағдайлар үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген.

МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
«Кодекс жобасы Сенаттың барлық комитеттерінде жан-жақты әрі мұқият пысықталды. Қоғамда талқыланып жатқан өзекті мәселелер талқыланып, ұтымды пікірлер айтылды. Соған сәйкес, Сенат «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс жобасына және ілеспе жобасына бірқатар маңызды түзетулер енгізді».

Сондай-ақ, бүгінгі отырыста адам ағзасын қандай жағдайда елден шығаруға болатындығы айтылды. Біртановтың сөзінше, органдары тек қана қазақстандық азаматтарға көмек керек болғанда ғана шекара асады. Ендігі, көзделіп отырған заң жобасында азамат тірі кезінде ағзасын алуға ерік білдірмеген жағдайда, келісімді бермеуге жұбайының немесе туыстарының құқығы бар.

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:

Тағы да

Scroll Up
Close