Қоғам

Сабақтастық салтанаты

0
(0)

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық­тың алдында ант беріп, Қазақстан Президенті қызметіне ресми кіріскеніне бір жыл толды. Наурыз айында Президенттік лауазымды қабылдап алғаннан кейін алғашқы сұхбатын ел газетіне берген Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің басты ұстанымдары ретінде сабақтастық, әділеттілік және даму екенін айтқан еді. Сондықтан, сынға толы бұл бедерлі белесті біз «сабақтастық пен әділеттілік салтанат құрған даму жылы» болды деп бағалай аламыз.

Өткенге сәл шегініс жасасақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев 19 наурызда жасаған тарихи мәлім­демесінде: «Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғаш­қы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Елі­міз­дің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақ­ты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзір­леуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін», деген еді. Тарих­тың тегершегі айналар тұста Елбасы жасаған тағдыр­шешті таңдаудың дұрыс болғанын мәрте­белі уақыттың өзі әділ төреші ретінде дәлелдеп берді.

Бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шығып, көкейге көп үміт сыйлап, тартысты өткен сайлау­да жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы ретінде ел дамуының басым бағыттарын айқындап, заңға сай адал қызмет етуге, жемқорлықпен күре­суге, адам капиталын дамытуға, әлеуметтің әлеуе­тін арттыруға, ұлттық табысты әділ бөлуге, көпвекторлы сындарлы сыртқы саясатты жал­ғастыруға, халықтың ынтымағын басты құн­дылық ретінде көздің қарашығындай қорғау­ға және сабақтастықты сақтауға уәде берген еді. Осылайша Президент ішкі-сыртқы саясат­та­ғы стратегиялық сабақтастықты сақтай оты­рып, әлеу­меттің әлеуетін арттыратын әділетті қоғам қалып­тастыруға батыл қадам жасады. Осы уәделерді орындау мақсатында Ұлттық сенім кеңесін құруды, Президенттің кадр резер­він жасақтауды және мұғалімдер мен дәрігер­лердің мәртебесін көтеруді қолға алатынын мә­лім­деді. Халыққа жасаған алғашқы Жолдауында да берген уәдеге болаттай берік екенін байқатты.

Бір жыл – баға беру үшін қысқа уақыт болға­нымен, атқарылған қыруар істер арқылы қоғам Мемлекет басшысының тұғырнамасы биік, тізгіні берік, тоқымы мықты табанды тұлға екенін анық аңғарды. Осы жылдың ішінде мемлекеттік бас­қару жүйесін жаңғырту мақсатында азамат­тардың өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске аса бас­тады. Жұртшылықтың жалақысы көбейіп, зейнетақы мен жәрдемақы көлемі ұлғайды, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың несиелері кешіріліп, көрсетілген атаулы әлеуметтік көмек пен қосымша қолдаулар арқылы кедейшілік деңгейіндегі елдің еңсесі көтерілді. Ұлттық кеңес құрылып, қоғамды алаңдатып жүрген көптеген көкейкесті мәселеге қатысты нақты ұсыныстар әзірленді. Соның нәтижесінде саяси жүйені реформалау жөнінде бірнеше заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Әлеуметтік әділеттілік қағидатына баса мән берілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшейіп, бірінші басшының жауапкершілігі заңнамалық тұрғыда бекіді. Кадрлық резерв жасақ­талып, білікті, білімді жас мамандар мем­лекеттік қызметке тартылды. Сыртқы сая­сат­тың жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Ал­пауыт мемлекеттерге ресми сапарлармен барып, сенімді серіктестік шеңбері шегелене түсті. Халықаралық ынтымақтастықта ұлттық мүдде мен тәуелсіздіктің басты құнды­лық екені баса айтылды. Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі екеніне назар аударылды. Абай мен Фараби жылында ел рухания­тына қатысты елеулі жобалар қолға алынды. Жер сатылмайтын болды, қымбат жобалар тоқтатылды. Білім-ғылымға, әсіресе, денсаулық сақтау саласына баса мән берілді.

Әрине, бір жылдың бедерінде атқарылған жүйелі істерді осылай тізбелей беруге болады. Айтуға ғана жеңіл бұл игі бастамалардың барлығы Арыстағы алапат жарылыс, Қордайдағы жаппай тәртіпсіздік, табиғи апат, мұнай бағасының құлдырауы, жаһандық қаржылық қиындық, жер дүниені жайлап, талай мемлекетті тығырыққа тіреген індет сияқты қолды байлайтын күрмеуі қиын күрделі кезеңінде іске асырылғаны да белгілі. Ең бастысы, Президент осы сынақты жұртпен бірге тапсырып, елмен бірге шыңдалды.

Ел Президенті қызметіне кірісер тұста Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсаймын!» деген еді. Сондықтан Елбасының сенімге серт берген серігі, сындарлы жылда сыннан сүрінбей өткен саңлақ саясаткер, бірнеше тілді жетік білетін интеллектуал, әділеттің ақ жолынан айнымаған, аманат арқалаған тегеурінді тұлғаның елімізді биік белестерге бастап, дамудың даңғыл жолында сабақтастықтың салтанат құрарына бек сенімдіміз.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:

Тағы да

Scroll Up
Close