Қоғам

Мақсат Сқақов: Бір әннің тарихы

1
(1)

“Дуадақ ұшқан боз төбе”-деп қазақта, кие қонған жерді, қасиет қонған елді айтпай ма? Сонау 1899 жылы қара алтынның, алғаш жердің бетіне шыққан тұсы, Кең Жылойдағы “Қарашүңгіл”-деген жер екен. Артынша 1911 жылы “Доссорданда” есепсіз көп мұнайдың қоры табылады.

Ағылшынның атақты байы “Келвиннің” де сол жылдары Доссорға келуі тегін емес. Келісімен үш қабатты үлкен үйдің ірге тасын қалайды. Жертөлесін азық-түлікпен, қару-жарақ, оқ дәрі, сақтайтын қойма қылады. Бірінші-екінші қабаттарынан қонақ үй жасайды. Үшінші қабатын өзі тұратын үй қылады.

Доссордан шыққан мұнайды, шамамен елу, сексен шақырымдағы, Каспий теңізінің портында тұрған кемелеріне, түйенің қарнынан қабаттап жасаған ыдыстарына құйып, тасыйды. Сол кезде бір түйенің қарнына, екі жүз литрден аса мұнай кетеді екен.

Қара алтынның шыққан жерінде, қаражаттың да айналымы қарқынды болатыны белгі. Ысық Көшікбас-деген кісі өзінің Гүлжан, Сара, Күміс, Күнім-деген төрт қызына “Кәршөндік”(Қазіргі тілмен айтқанда шәйхана) ашып береді.

Ағылшын, Келвиннің өзі келіп, ай десе аузы, күн десе көзі бар апалы-сіңілі хас сұлу қыздардың қолынан, аузынан суы құрып шәй ішеді екен. Қыз емес, құдды хор қыздарындай. Еркек біткеннің есі кетіп, шәй ішпесе тұра алмайтын хәлге жетеді. Сол кезде Кең Жылойдың өзінде үлкен жез, күміс самаурындармен, шәй ішу салтанаты жақсы қалыптасқан екен.

Ысық Көшікбастың, әсіресе екі үлкен қыздары, Гүлжан мен Сараның сұлулығында сөз жоқ. Етектері желбіреген, жібек бүрме көйлектері қыздардың қыпша белін қапсыра құшақтап тұрғандай. Аққу мойындары, алманың сабағындай үзіліп кетейін-деп тұр. Толған айдай көздерінің үстіндегі қара қастары, қанат қаққан қарлығаштай әдемі.

Кесе ұстаған салалы саусақтары, сүйріктей. Тізесіне түсетін қолаң шаштарына таққан шолпылары, көлге түскен айдың жарығындай, жалтырайды. Жүрістері киіктің лағындай кербез. Ауыздарындағы маржан тістері, суға салған күміс қасықтай көзге шағылысады. Көрген жігіттер, шәйханада емес, құдды көлдің жағасында, қос аққудың сұлулығына сүйсініп отырғандай әсерде.

Қыздардың өз қолдарымен құйған шәйләрін ішсең, шәрбәт татиды. Олардың сұлулығын, көркем мінездері одан сайын көмкеріп тұр. Анасының адал сүтін емген қыздардан еркек біткеннің бәрі дәмелі. Жігіттердің барлығы Ысық Көшікбастың күйеубаласы болуға дайын.

Атағы жер жарып тұрған апалы-сіңілі Гүлжанмен Сараға (Жылойдың нұсқасы бойынша) сол заманның сал-серісі, күміс көмей әнші Сапы деген жігіттің төресі, ессіз ғашық болады. “Ән қайнары кең Жылой”-демекші. Үйшікке( Қазіргі Атырауға)барсаң күй тартпа, Жылойға барсаң ән салма- дегендей. Жылойлық Сапы ән салғанда тебіренбейтін жан қалмайды екен.

Себебі сол кездің өзінде Жылойда ән мектебі, ән салу салтанаты қалыптасқан. Жеті қайқыны желпінтіп жеткізбей кеткен бір ән бар-деген. “Жылойдың ырғамасы “ соның дәлелі. “Доссорда шәй құяды Гүлжан – Сара”-да сол кезде шыққан халық әні. Оны Сапыдай қазақтың сал-серісі орындағанда, махаббатқа шөлдеген жүректердің құлпы ашылады екен. Заманының сал-серісі Сапы ғашық болған, Гүлжанмен Сара қыздардың кейінгі тағдыры белгісіз.

Шыққанына ғасырдан асқан әсем әннің ұмытылмауына Таз Сисембай атамыздың еңбегі зор. Баласы Жолдыбай ағамызға үйретеді. Немересі Бақыт Жолдыбайқызы бүгінде осы әндердің тарихын зерттеп, өнермен өмірдің арасына өткел салып жүрген жас ғалым. Осы құнды дүниелерді, көкірегі көмбе Жолдыбайдыңұлы Ержан бауырымнан естігенде құс етім шығып біраз толғандым.

Білгенге маржан, білмегенге арзан. Қаншама құнды дүниелерімізді бүгінде, құм жасырып жатыр. Бір әннің тарихы осындай. Мақсатым, ұрпақ білсе деген ниет. Әнді орындаған бүгінде жетпістің төртеуіне келіп қалған Жылойлық Жолдыбай Тұрмағанбетов-деген асыл ағамыз. Әннің де естісі бар, есері бар-демекші. Есер әндерден шаршаған, есті халқым, ән тыңдай отырыңыздар.

Мақсат Сқақов

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 1 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:
Tags

Тағы да

Scroll Up
Close