50 жылдан кейін әлем картасы қалай өзгеруі мүмкін?

 406 

50 жылдан кейін біз қолданып жүрген қазіргі карта үлкен өзгеріске ұшырайды. Жаңа мемлекеттер пайда болып, кей мемлекеттер жойылуы мүмкін. Өйткені біздің дәл қазір көзіміз үйреніп қалған карта осыдан жарты ғасыр бұрын мүлде бөлек еді ғой. Екінші д.ж соғыстан кейін көптеген елдер бодандық қамытын шешті, тәуелсіз ел атанды. 1960 жылы Африканың 17 елі тәуелсіздік алып, «Африка жылы» деген атпен тарихқа енді.


1950-53 жылдар аралығында соғыстан Корея екіге ресми бөлінсе, 1990 жылы керісінше қос Германия бірікті. 1991 жылы «Халықтар түрмесі» құлап, 15 азат ел глобуста пайда болса, 1991-2002 жылдар аралығында Югославия қанды қырғынмен ажырап, Еуропада 6 мемлекет жарқ етті. Айта берсе көп.

Демек алдыңғы 50 жылдықта әлем картасы тағы өзгеретін болады. Оған тіпті БҰҰ-да әсер ете алмайтынына сенімдімін. Африкада әлі бірнеше тәуелсіз елдер пайда болатын болады. Судан қазірдің өзінде Оңтүстік және Солтүстік болып екіге бөлінді. Тек картаға ену ғана қалып тұр. Дарфур аймағындағы соғыстан 3 млн адам опат болды. Дарфур да болашақта жеке ел болуы мүмкін. Биафра аймағы да Нигерияда өз тәуелсіздігіне қол созуда. 1967-70 жылдары ол үшін бір қырқысып алып еді. Руанда да екіге бөлінудің алдында тұр. Руандадағы тутси мен хуту этностары түбі екіге жарылады. Онсыз болмайды, өйткені 1994 жыл салған жара тым ауыр. Қара құрлықтың өзінде кемі 20 жаңа ел пайда болмақ.

Африканы қойып Таяу Шығыстың өзінде жақын арада бірнеше ел бой түзеуі мүмкін. Ирак түбі Шииттік Ирак, Сүнниттік Ирак және Күрдістан болып бөлінуі мүмкін. Атаулары басқаша болмақ.

Палестина республика статусын алып, картадан жақын арада пайда болады. Өкінішке орай, ешқандай ұрансыз және шынайы рационал көзқараспен қарасақ, басқыншы Ресейдің салдарынан бөлшектенген Украина аймақтары Киевке қайта оралмайтын сияқты. Өз басым Киев жақын арада ДНР мен ЛНР-ді қайтарады дегенге сенбеймін. Ол екеуі Ресейге де керек емес. Экономикалық шығыны тым көп. Демек бұл аймақтар осындай де-факто қалпында қала бермек. Ал Еуропада Косова мойындалса, Шотландия референдум арқылы тәуелсіздік алса, онда Кәрі құрлық картасы да шимақталмақ.

2014 жылы жабайы Ресей тартып алған Қырым да Украинаға кері қайтуы екіталай. 2008 жылы Грузиядан Осетияны тартып алған агрессор он жылдықтың ішінде бірнеше елді қан қақсатып, ортағасырлық әдіспен әрекет етіп, жерін кеңейтті.

Ал шығыстағы көршіміздің өзге елдерге қалай көз алартып жүргенін соқыр ғана байқамас. Олардың Шығыс Азиядан, аралдар мен Орталық Азиядағы көршілес елдерінен жер алуға деген тәбеті зор. Тіпті Үндістан мен Вьетнамға қыр көрсетуде.

Тіпті осы екі державаның да бөлшектенуі мүмкін деген ой келеді. Өйткені қазіргі Ресейден экономикалық және әскери тұрғыдан бірнеше есе қуатты КСРО-ның өзі кескен теректей сұлап түсті. Қазіргі Ресейде Кавказ азаттығын алуға кетәрі емес. Сын сағатын күтіп жүр. Қытайға да ондай сценарий жүріп кетуі мүмкін.

Таяу Шығыста Иранның құлауы ғажап емес. Онда бірнеше ел пайда болмақ. Түркілік Әзірбайжан мен шиіттік елдер. Қысқасы геосаяси қызықтар әлі алда.

Жаңа мемлекеттердің пайда болуы титулды ұлтпен саны жағынан пара-пар және белгілі бір облыс не аймақта тығыз топтасқан өзге этностардың әсерінен орын алмақ. Сондықтан біз үшін қашанда барлық облыстардағы қазақ ұлтының сан жағынан өзге этностардан басымдығын сақтап қалу аса маңызды. Яғни демография мәселесін мемлекеттік бағдарламалар арқылы мықтап қолға алу керек. Қазақстанға қатысты болжам айтуға ауыз бармайды, клавиш басылмайды, санам жетпейді. Қандай жағдай болмасын ел аман, жұрт тыныш болса болды.

Сілтеме

Бөлісу: