Қоғам

Ашаршылықты әлемдік деңгейде «Геноцид» деп мойындату керек

0
(0)

Ашаршылықты әлемдік деңгейде «геноцид» деп мойындату керек. Большевиктердің тоталитарлық билігі ұйымдастырған қазақ жеріндегі жауыздықты Біріккен ұлттар ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, АҚШ Конгрессі, Еуропарламент сияқты халықаралық ұйымдар деңгейінде «ресми түрде қасақана жасалған қырып-жою» деп құқықтық баға беру қажет! Мәжілісінің отырысында «Ақ жол» партиясының өкілі Берік Дүйсенбинов Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа осындай депутаттық сауал жолдады. Ақжолдықтар ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін қайғысын терең ұғына отырып, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 30 жыл бұрын бастап берген құрбандарды ақтау жұмысы ашаршылыққа «геноцид» деп баға берілгенде ғана шын мақсатына жетеді деп санайды, деп хабарлайды Newsroom+ тілшісі  хабарлайды Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Мәжіліс өкілі кейінгі кезде қазақты қан-қасап қырғынға ұшыратқан Сталин кезеңін жағымды жағынан насихаттау белең алғанына наразылығын да білдірді. Берік Дүйсенбинов зұлмат кезеңде қаскөй жүйеге қарсы тұрған ерлердің әлі күнге «басмач» деген аттан ақталмағанын ашына айтты.

Берік Дүйсембинов, қр парламенті мәжілісінің депутаты, «ақ жол» фракциясының өкілі:

«Мысалы, әлем «геноцид» деп мойындаған Украинаның «Голодоморы» кезінде 3 миллион 900  мың адам қаза тапқан. Ал сол украиналық сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда 4 миллионнан астам адам ашаршылықтың құрбаны болған. Соның салдарынан қазақ елінің саны 70 пайызға азайып кетті. Осыған байланысты, еліміздің Сыртқы істер министрлігі ашаршылық мәселесін геноцид ретінде халықаралық деңгейде мойындату жұмыстарын бастауы керек деп ойлаймыз».

«Ақжолдықтар»  елімізде декоммунизация ұстанымы мемлекетіміздің ресми саясатының бір бөлігі болғанын қалайды. «Біз ондаған жыл бойы кірме үгіт-насихатпен өмір сүрген аға буынның көзқарасымен санасып, олардың Отанымыз үшін қосқан қажырлы енбегіне құрметпен қараймыз. Алайда өткен заман тәуелсіз ұлттың келешегіне бөгет емес, баспалдақ болуға тиіс. Қазақ елінің болашағын тоталитарлық идеология емес, жалпыадамзат өркениетіне бағытталған, келешектің ара-жігін ажырата білетін жаңа, Тәуелсіздіктің ұрпағы айқындауы қажет», – деді халық қалаулысы. Депутаттың айтуынша, бас көтерген қазақ руларын большевик әскерлері артиллериямен атқылап, қашып бара жатқан ауылдарды аэропланмен бомбалап, шекарада ұсталған қорғансыз босқындарды бала-шағасымен қосып, пулемётпен қойша қырған.

Берік Дүйсембинов, қр парламенті мәжілісінің депутаты, «ақ жол» фракциясының өкілі:

«Мысалы, шығыстағы қазақ-қытай шекарасындағы атақты «Ақ-найман қырғыны» деген қанды оқиға ел есінде сақталса да, ресми түрде әлі мойындалмаған. Ал осы заставаның аты бертінге дейін сол қырғынды тікелей басқарған қызыл әскердің атымен аталып келді. Жергілікті қариялардың айтуынша, 2012 жылы «Қарасу» шекара пунктінің құрылысы кезінде Шу өзеннің жағасынан 30-шы жылдары атылған әйелдер мен балалардың үйіліп жатқан сүйегі табылған еді».

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:

Тағы да

Scroll Up
Close