Қоғам

Қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы Алим Алмат

0
(0)

Алим Алмат (шын аты Ғалымжан Әбдісалямов) бір ғасырдан астам өмір сүрді – 101 жыл (1917-2018)
Ақтөбе облысында туып, Стамбулда қайтыс болды.
Оның өмірі қызыққа және қиындыққа толы.

Алим Алмат тұңғыш қазақтан шыққан Алматыда және Ташкентте оқыған алғашқы скрипкашы болып саналады.

Советтік биліктің алғашқы жылдарында Әлім Алмат нағашы ағасы Темірбек Жүргеновтің тікелей қолдауымен «скрипкашы» мамандығы бойынша алдымен Ташкенттегі, сосын Алматыдағы музыкалық техникумда оқиды.

Алайда тағы бір жақын ағасы Ұзақбай Құлымбетов пен Темірбек Жүргенов репрессияға ұшыраған жылдары оқудан қудаланады, абырой болғанда оқуын қайта жалғастырып дипломын алады. Студент кезінде ұстазы И. Лесманның тапсырмасымен кейін Қазақстанның тұңғыш скрипкашысы атанған Әйткеш Толғанбаевқа сабақ берген.


Ғалымжан атамыз 1939 жылы әскер қатарына алынып, соғыс басталған жылы Польшаның территориясында тұтқынға түседі. Лагерлердегі соғыс тұтқындары қорғансыз күйде болғаны белгілі. Алайда Әлім Алмат лагерлерде скрипка тартумен көзге түсіп, 1943 жылы Түркістан легионы арқылы Берлин консерваториясына оқуға жіберіледі. Бұл жайында белгілі журналист Жақсыбай Самраттың «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Өлімнен өнерімен тірі қалған» деген мақаласы бар. Ал Берлин қаласы бомбаланған жылдары оқуын Венада жалғастырады.


Соғыстан кейін түркістандық Қарыс Қанатбай арқылы Мария Шоқайға өтініш-хат жазып, Берлин консерваториясынан С. Рахманинов атындағы Париж консерваториясына ауысады. Әлім атамыз ұлы қайраткер, тәуелсіздік күрескері Мұстафа Шоқайдың көзін көре алмаған. Бұл туралы ол кісі «Мұстафа Шоқай жолымен» экспедициясының авторы, қайраткер, ақын Қасымхан Бегмановқа берген сұхбатында айтып өткен. Есесіне оның жары Мария Шоқаймен өзара қарым-қатынасы нығайып, оның үйінде екі жылдай тұрған екен.

Оқуын бітіргеннен кейін Әлім Алмат Мария Шоқаймен ақылдаса отырып, 1950 жылдың күзінде Франциядан Түркияға қоныс аударады. Содан бері Стамбул қаласында тұрады, осында отбасын құрып, балалы болады. 25 жыл бойы Стамбул симфониялық оркестрінде жұмыс істейді. Анасындай көрген Мария Шоқаймен 1961-1969 жылдары үздіксіз хат алысып тұрған. Сол хаттардың бірінде жазылғандай, Әлім Алмат Берлиндегі Мұстафа Шоқайдың ескерткішін орнату жұмыстарына атсалысқан, «Түрк Елі» Комитетімен де байланысқан.

Мария Шоқайдан айырылған 1969 жылы Әлім Алмат туған бауыры кинооператор Файзолла Әбсәламовпен Стамбулда табысқан. Әлім Алмат 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайына арнайы келіп, туған елімен қайта қауышқан. Міне, содан бері арғы атасы Алматтан тарайтын бір қауым ағайын-туыстарымен үздіксіз қарым-қатынаста.

Бүгінде артынан ерген жалғыз баласы Төреден Мұрат, Ниль есімді немерелері бар. Кезінде Мария Шоқай басқа түркістандықтармен салыстырғанда әрі жас, әрі саясаттан алыстау Әлім Алматқа сол күнге жетер деген үмітпен Мұстафа Шоқайдың жеке заттарын елге жеткізуді аманат еткен екен, оның бұл аманаты да тәуелсіздіктің арқасында орындалды.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:

Тағы да

Scroll Up
Close