Қоғам

Сая Қасымбек: садақаны көрсетпей, селфилетпей-ақ жасауға болмас па екен?

0
(0)

Марқұм әкем жалпақ тілмен айтқанда «нағыз малтабар» болды. Жылқы баққанға дейін ауылдағы төрт ферманың біреуінде завферма болды. Жылқышы боп кетуі өз алдына хикаят. Борты салдырлаған машинамен таңсәріден үйден шығып кетіп, түнделете шаң-шаң боп оралады. Қойшы ауылды аралап, шаруашылығына дәрі-дәрмек, азық-түлік, керосин, т.б. қажетін тасып, қала берді үйін жаңа қонысқа көшіріп беріп қайтады. Аптасына кемі үш қой әкеледі. Бірінің жамбасы сынған, бірінің омыртқасы жарақаттанған секілді кіл мертіккен қойлар. Ауылдағы ветврачқа көрсетіп, «мал болмайды» десе сойымға бауыздайды. Әкемнің көбіне уақыты тығыз болғандықтан, апам, үйі шүпірлеген балаға толы ерлі-зайыпты көршімізді шақыртатын. Күйеуі қойды сойып, мүшелесе, әйелі бас үйітіп, ішек-қарнын тазалайды. Жұмыс біткен соң, апам марқұм қойдың екі қолы, бас-сирағы, ішек-бауырын түгел ерлі-зайыптыға арқалатып жібереді. Бір күні апамның рулас жақын туысы үйге кеп «туысқаның маған бермей, неге айдаладағы біреуге ет бересің?!» деп шу шығарды. Апам өте сабырлы жан болатын. Туысының айқайын әбден тыңдап алып,»Жақсы. Қорада түнде әкеп тастаған мертіккен қой жатыр. Сой. Ішек-қарнын тазала. Бас-сирағын үйіт» деді. Туысы;»Сен ет жеу үшін Мен неге қара жұмысын істеуім керек?» деп байбаламға салды. Сонда мырс еткен апам:»Ендеше тыңда. Олар, ет жемес бұрын алдымен еңбегін сіңреді. Екіншіден, үйі толы шидей бала. Екеуінің тапқаны тамағына жетпейді. Үшіншіден, сенің қарның менің етімсіз де тоқ. Сауап деген бар. Кем-кетікті түгендеу қарны тоқтың парызы емес пе? Иманың қайда?! деді. Туысы «Е, о дүниенің сауабын кедейдің өзіне істеткізіп жинап жатырмын десеңші?» деп апамның бетіне салық қылды. Апамның сол кездегі жауабы әлі күнге санамнан кетпейді. «Кедейде намыс жоқ деп кім айтты?! Жарылқау ретінде берсең шамына тиіп, алмай қоюы мүмкін. Өзіне істетсең «еңбегіммен таптым» деп садақаға күмәнданбайды. Айқайлап бергенше садақаны білдірмей бергеннің сауабы мол» дегенде, әлігі туысы бәрі-бір түсінбей қойған еді. Апам, туысының көңілін қалдырмау үшін бір дорба жылқы етін толтырып салып берді. Туысы кеткен соң;»Қарақыз, қарны тоқтың имансызынан қашық бол. Иманыңды былғап аласың. Кедейге садақа бергің келсе «мә?!» деп берме. Намысына тиесің. Өзі тапқандай қуанып алатын жолын тап. Бойы тіктеліп алатын болсын.» деген еді. Сол кезде небәрі алтыншы, не, бесінші класта оқимын. Баласынбай сондай парасатты сөзді маған айтқан марқұм анам гений болған екен-ау?! Біздің бүгінгі қателігіміздің бір пұшпағында – балаға өнеге боларлық істі өзіміз іс жүзінде көрсете алмай жүргенімізден-ау? Жәй… Садақа апарған үйдің адамдарымен селфилетіп әлемжеліге салып жатқандарды көргенде мектепте әліп оқымаған анамның биік парасаты есіме түсіп кеткені. Садақаны көрсетпей, селфилетпей-ақ жасауға болмас па екен? Ар жақта тұрған бала-шағаның әлемжеліден көріп қоятын достары алдында намыстанып қалуы мүмкін ғой?

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:

Тағы да

Scroll Up
Close