Қоғам

Адам не үшін түс көреді?

0
(0)

Ғалымдардың айтуына қарағанда, адам өмірінің 30 пайызын ұйқымен өткізеді және осы уақыттың 25 пайызында түс көреді екен. Түстің табиғатына біржақты қарауға болмайды. Түс сапасы жағынан ғана емес, маңыздылығы мен атқарар рөлі жағынан да әрқилы болып келеді.

Әдеттегі түс

Ұйықтап жатып түс көру немесе тыныш ұйықтаудың арасында ешқандай айырмашылық жоқ, екі жағдайда да адам ағзасы тыныстап дем алады. Көрген түстердің көпшілігі ойлау және әрекет ету төңірегіндегі қажетті ақпараттарды бере алмайды. Мұндай түстер ұйқыдан оянған сәтте бірден ұмытылады. Мұны адам сезімінің ми жасушаларындағы керексіз ақпараттардан қуат алуынан туындаған әрекеттердің көрінісі деп түсінген жөн. Әр түрлі қуат алған сезім нүктелері ми қабыршағына ретсіз әсер ету барысында қарсылыққа тап болады. Адам миы түрлі сезім қуаттарынан тазартылып отырмаса, санаға түскен шектен тыс ауыр салмақтың әсерінен, ақыл-есінен адасып кетуі мүмкін. Адамның ұйқысы қанбаса ұнжырғасы түсіп ауыра бастайды. Өйткені күні бойы көзбен көру, естіп білу, тану арқылы ми қатпарларына жинақталған басы артық ақпараттар мидың тыныстап дем алуына мүмкіндік бермейді. Мида жинақталған басы артық ақпараттардан арылудың басты жолы дұрыс тынығып демалу. Түсініксіз, шым-шытырық түстер көру адам ағзасының шаршағанын білдіреді. Сондықтан әдеттегі мұндай түстерге соншалықты мән бермеген жөн.

Көріпкелдік түстер

Көріпкелдік түстер кез келген сәтте: көз ілінісімен, терең ұйқыға берілгенде, оянар сәтте, яғни, таң алдында көрінуі мүмкін. Мұндай сәттерде адам түсінде көрген оқиғаларды өңінде басынан өткергендей сезінеді. Әдеттегі түстерден табиғаты да, маңыздылығы да ерекше. Түске енген оқиғалар мен бейнелерді ми қабыршағына әсер етуші жай бір ақпараттар емес, ғарыш кеңістігінен келіп жеткен, болашақта басыңнан өтетін оқиғалардың хабаршысы ретінде қабылдаған жөн. Мұндай түстер ми қатпарларымен адам ағзасының түрлі орталықтарына бірқалыпты, жайлы әсер ететіндіктен ұмытылмай бірден есте сақталып қалады. Бұл сирек кездесетін құбылыс, әрі көргендерінен дұрыс қорытынды шығарып, мағынасына мән беруге қабілетті адамдардың ғана түсіне енеді.
Теңізшілер туралы шығармалар жазушы отставкадағы теңізші Морган Робертсон 1897 жылдың жайлы кештерінің бірінде әдеттегіден тыс ерекше түс көреді. Суығыстырымы 75 мың тонналық алып мұхит лайнері өзінің қуатты үш қалақшасымен Атлант мұхитының мұзды суын 25 тораптық жылдамдықпен қақ жарып келе жатты. Робертсон кеме ернеуінің жоғарғы жағындағы «Титан» деген кеме атауын анық көріп қалады. Кейін Робертсон өзінің көрген түсінің жемісі бойынша «Титанның апатқа ұшырауы немесе бос әурешілік» атты атышулы роман жазады. Арада оншақты жыл өткенде аталмыш кітап төңірегінде даулы пікірлер туындап, Атлант мұхитында шын мәніндегі ғасыр апаты орын алған еді. Робертсон бірақ нәрседен қателесті. Кеме бортында «Титаник» деген жазу бар болатын.

Түс-аян

Ұйқыдағы адамға түсінде тылсым күш иелері, әулие-әмбиелер, аруақтар аян береді деген ұғым-түсінік қазақ халқында да бар. Түс-аян – өзіндік ерекшелігі мол құбылыс. Мұндай түс барысында жан адамның назарын денсаулық жағдайына немесе алдағы оқиғаларға аударып, неден сақтануы керектігі жайлы ескерту жасайды. Мұның барлығы түс барысында жүзеге асады. Өйткені, ми денеге бақылау жүргізуді тоқтатып, таным-түсінікке тікелей әсер етеді. Түс көру сәтінде адам жаны денеден ұшып шығып, күрделі мәселелерді осы шақтағы жер бетінің тіршілігіне сәйкестендіре шешу үшін болашаққа саяхат шегеді, болатын жаманшылықты ескертеді, алдағы күндерде жақсы нәтижелерге әрекеттенеді. Бір сөзбен айтқанда, болашаққа талдау жасап, бағыт-бағдар сілтейді.
Адам денесі қолайсыз жағдай пісіп-жетіле бастаған тұста өз бойындағы алдын алуға болатын кінәраттар жайлы ақпараттар бере алады. Ақпарат белгілері келіп түскеннен соң 2-5 сағаттан кейін ми қатпарларында тазалық жұмыстары қызу жүргізіледі. Ал дененің аурушаң учаскелерінен түрлі белгілердің келіп түсуі жалғаса береді. Сондықтан көрген түстен дұрыс қорытынды шығару үшін таң алдында енген түстерге айрықша мән беру керек. Бұл түстер әлдебір аурудың белең алғаны немесе қолайсыз оқиғалар жайлы ескерту жасап, анық хабар беруі мүмкін.
Бір сырқат жан дәрігерге жиі шағымданатын көрінеді. Түсінде аяғы үнемі тасқа айналып кетеді екен. Бастапқыда дәрігер ауру жанның сөзіне мән бермейді. Арада біраз уақыт өткенде әлгі бақытсыз жанның аяғы шынында да семіп, сал болып қалса керек. Осынау оқиғадан кейін дәрігер түс барысында ағзаның белең алған аурулар жайлы ақпараттар беретіндігі жайлы шындап ойлана бастайды. Нақтылы қай ағзаның ауыратындығына дөп басып диагноз қойылмағанымен, кінәраттың қай тұста белең алғандығы жайлы тұспалдап берілетін мұндай ескертулерге әрбір дәрігердің ерекше мән бергені жөн.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:

Тағы да

Scroll Up
Close