Қоғам

Алматылық келіншек жеке емханада босанамын деп өлім аузынан қалды

5
(1)

Алина Абилева бұған дейін өте сирек ауырғанын айтады. Жүктілік мерзімі де қиындық туғызбаған, деп хабарлайды Newsroom+ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

«Бүкіл отбасымызбен баланың дүниеге келуін тағатсыздана күттік. Жүкті болған сәттен бастап мен алдын ала жоспар құра бастадым: қай перзентханада босанатынымды мұқият таңдадым. Осылайша, Е. есімді дәрігердің онлайн-жаттығуына кезіктім. Алғашқы сәбиім болғандықтан, оны туғаннан кейін дұрыс тексеруін, екпелердің дұрыс салынуы жайлы қатты алаңдадым. Осылайша Е. және «Керуен Медикус» емханасында босанамын деген шешімге келдім», – дейді алматылық келіншек.

Айтуынша, сан мәртеп рет узи жасалып, бірнеше тексерістен өтсе де дәрігерлер әйелдің жатырындағы баланың ірі екенін ескертпеген.

«Босану уақытым таяса да, сәби шығуға асықпады. Толғағым басталды. Алайда акушерлер мені тіпті ұмытып кеткен. Тек келесі ғана бір-ақ естеріне түстім. Менде де және баламда да тахикардия басталып кетті. Іске акушерлік бойынша бас дәрігердің орынбасары араласып, мені кесар тілігі арқылы босандырды. Мен су ағып кеткеннен кейін 35 сағатта кейін барып босандым», – дейді ол.

Негізі дәрігерлер ау бастан келіншекті кесар тілігі арқылы босандырулары керек болған. Өйткені баланың ірі болуынан және оның мойнына кіндігі оралып қалғандықтан табиғи жолмен босандыру нәрестенің өміріне де, анасының өміріне де қауіпті екен.

«Бірнеше күннен кейін ауруханадан шыққан соң ішім қатты ауыра бастады. Дегенмен мұның өзінде дәрігерлер мені емдеуге асықпады. Абырой болғанда, туыстарым денсаулық сақтау министрлігі арқылы байланысқа шығып, жедел түрде ота жасатқызды. Әйткенмен, комаға түсіп, одан әрі өліп кетуім де ғажап емес еді», – дейді келіншек.

Ауыр отадан өткеннен кейін әйел жатырын алып тастағанын біліпті.

«Дәрігерлер менің өмірімді аман алып қалғандарын айтып, ағынан жарылды. 3 апта ем курстарынан өтіп, бауырым антибиотиктердің салдарынан қызметі бұзылды. Қатты күйзеліске түскендіктен 20 килограммға жуық салмақ тастап, сүтім тартылып қалды. Баламды бір айға жуық көрмедім. Сенесіздер ме, балам сол күйі ана сүтінің дәмін тата алмады», – деп қосты Алина Абилева.

Ол 5 ай өткеннен кейін ғана аяққа тік тұрып, министрлікке шағымын жеткізіпті.

«Ең сорақысы, менің денсаулығыма балта шапқан дәрігерлер «дәлеліңіз болса, істеңіз» деп айтып тұр. Олар өздерінің кінәлерін сезінгілері де келмейді. Осылайша, жоспарларымның тас талқаны шықты. Мен сұраған дәрігерлердің барлығы емхана қызметкерлерінің ісін естіп, жағаларын ұстайды. Ал Е. болса, түк болмағандай желіде марафон өткізіп жүр», – дейді алматылық әйел.

Stan.kz редакциясы Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасынан аталған іс бойынша сұрастырған еді. Алайда ведомство өкілдері жеке емханалар олардың құзыретіне кірмейтінін айтып, ат тонын ала қашты.

Өз кезегінде редакциямыздың тілшісі аталған оқиға жайлы Алина Абилеваның өзімен байланысқан еді.

«Өкіншіке орай, бірден сотқа шағымдана алмайсың. Бірінші жауапты комитетке арыз жолдайсың. Мен электронды үкімет арқылы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты медициналық және фармацептикалық бақылау комитетінен өз шағымыды жолдадым. Алайда көбі осы уақытқа дейін емханадағылар құжаттарды ауыстырып үлгеретінін айтады. Бұдан өзге, қазір тексеріске жарияланған мораторий салдарынан комитет «Керуен Медикус» емханасына бірден комиссия жіберте алмайды», – деді келіншек.

Сөзінше, емханада табиғи жолмен босану 490 мың теңгені құраса, кесар тілігін жасату 700 мың теңгеге айналады екен. 

«Ең өкініштісі, көптеген адамдар маған ұқсас жағдайға тап болғандарын жарыса жазуда. Алайда олар шағым жолдауға асықпайтын көрінеді. Ал мен бұл істі соңына дейін алып баруға бел будым», – деді Алина Абилова.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button