Қоғам

Белгілі блогер Жанболат Мамайға: «Мына қылықтарыңнан кейін жұрттың оппозициядан да көңілі қалды»

2.8
(6)

Белгілі журналист, блогер Айдос Жұқанұлы өзінің Facebook парақшасында осылай мәлімдеді. Осыған дейін де Жанболат Мамай туралы ойларымен бөлісіп жүрген журналист пост жазып, Бауыржан Байбектің заңгерінің шақыруымен Мамай мен Иманбаеваның сотқа 2 мың беттік дәлел ұсынған материалдарын тікелей эфирде талқылауға қатысқаны туралы айтыпты.

«Ұзын сөздің қысқасы – тікелей эфирге қатысқан әріптестерім, елге белгілі азаматтар Ғалым Байтоқ және Асхат Садырбаймен бірге Ж.Мамайдың ойбайлап айтып жүрген айыптауларына бір де бір дәлелі жоқ екендігіне көз жеткіздік. Дәлел дегендері осы фейсбуктегі қандай да бір жазбалар, іске қатысы жоқ мақалалар жинағы ғана. Материалдардың көбі іске қатысы жоқ кадастрлық құжаттар екен» – дейді Айдос Жұқанұлы.

Журналист өз жазбасында Жанболат Мамайдың өтірігі елді жалықтырғанына да тоқталып өтіпті.

«Қырық өтірік айтатын Тазша балаға бала кезде таңғалушы едім, енді 21 ғасырдың Тазшасына айналған өзіңізге таңдай қағып отырмын. Мен ғана емес, өзіңізден ел зәтте болды, бір сөзіңізге сенбейтін жағдайға жетті. Жалаулатқан дәлелсіз айыптаулармен, елді митингке шақырып алып ештеңе шешпей жүрген айтақтарыңызбен елдегі оппозиция ұғымын таптап тастадыңыз. Өзіңіз жиі айтып жүрген демократия қағидаларын да белден бастыңыз. Егер бізде қайбір кезеңдерде оппозиция болған болса, Сіздің мына қылықтарыңыздан кейін жұрттың оппозициядан да көңілі қалды. Себебі Сіздің жалған белсенділігіңізді, байбалам салып өтірік айтатыныңызды түсінді. Әлеуметтік желілерде бұл арзан демократия көрінісі үшін өзіңіздің қомақты ақша алатыныңыз туралы да жазып жатыр. Оның да себебі жоқ емес. Өзіңіз ресми жұмыс істемейсіз. Үлкен үй салып алып, шетелге демалуға шығасыз» – деп жалғастырған.

Айдос Жұқанұлы Жанболат Мамайдың сот шығындарын өтемеймін деп жариялап, өзі артынша төлеп тастағанын да тілге тиек етіпті.

«Кеше анау, сот шығындарын өтемеймін деп осында бәрін сендіріп, садақаңыз жиналмай тұрып екі-ақ күнде қалтаңыздан төлеп тастадыңыз. «Ер жігіттің екі сөйлегені…» не екенін өзіңіз білесіз. Білсеңіз, ендеше сол…» – деп аяқтаған жазбасын.

Сондай-ақ Айдос Жұқанұлы меңзеген тікелей эфирге қатысқан Ғалым Байтоқ та жеке парақшасында пост қалдырыпты. Оның пікірінше Мамай қағаз кеміруді үйренген, ал нақты дәлелдермен жұмыс істеу оның қолынан келмейді.

«Мамайдың тергеуі – бұл толықтай бос сөз, өтірік және қауесет. Мен бұған журналистер Айдос Жұқанұлы, Асхат Садырбай сияқты жеке көзім жетті. Біз Мамайдың сотқа апарған қағаздарын бір сағаттан астам уақыт бойы қарап шықтық. Онда Бауыржан Байбекке қарсы бірде-бір дәлел болған жоқ» – дейді Байтоқ.

Байбектің заңгері ұйымдастырған тікелей эфирге қатысқан үшінші журналист, блогер Асхат Садырбай да Мамайдың дәлелдері туралы өз пікірін білдірді.

«Аңғарғанымыздай Мамайдың айтқан айыптаулары мен сотқа ұсынған 2 мың бетке жуық деректердің ешқайсысының шындыққа жанаспайтынына куә болдық. Анау айтты, мынау айтты деген бос әңгіме мен сылдыр су. Заңгер А.Тәшенова бұл кездесуге аталмыш айыптауларды талқылау үшін екінші тараптың өкілдері мен Ж.Мамайды, И.Иманбайды өздерін шақырды. Алайда неге екені белгісіз, олар кездесуге келмеді. Айтылған айып пен тағылған кінәларға айтар уәж болмағандықтан ба, әлде ашық талқылаудан қорықты ма, түсініксіз. Әлеуметтік желіде айыптау, болмағанды болғызу, айды аспаннан бір ақ шығару оңай болғанымен алмақтың салмағы бар. Ауыздан шыққан әрбір сөзге, айыптауға нақты дерек пен дәйек болмаса оның бәрі бекер, бос сөз, жалған жала, ешқандай салмағы жоқ бос әңгіме» – деп жазған.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 2.8 / 5. Бағалар саны: 6

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button