Қоғам

Жас депутат: Есірткінің таралуына қарсы күрес шараларының тиімділігі төмен

5
(1)

Жастар арасында есірткі заттары, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуын алдын алу жұмыстарының тиімділігі төмен. «Nur Otan» партиясы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері осындай қорытындыға келді деп хабарлайды newsroom.kz порталы.

Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Асқар Омаровтың айтуынша, биыл нашақорлықтың алдын алу үшін 3 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, ол 1 млн-ға жуық жас қазақстандықты қамтыған.

«Білім беру мекемелерінде түрлі консультациялар, семинарлар мен дәрістер өткізілді. Өңірлік полиция департаменттерімен бірлесіп рейдтер, оның ішінде қоғамдық орындарда есірткінің жарнамасын бояп кетіру, ақпараттық буклеттерді тарату жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, балалар мен жастарға арналған «150»  ұлттық сенім телефон желісі аясында тәулік бойы психологиялық қолдау көрсетіледі, бүгінге дейін 2 мыңнан астам адамға кеңес берілді», – деді Асқар Омаров.

Алайда, Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Мәди Ахметовтың пікірінше, мұндай іс-шаралардың басым көпшілігі есеп беру үшін ғана өткізіледі және олар нақты нәтиже бермейді.

«Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің деректеріне сәйкес, Қызылорда облысында 1200 адамды қамтыған 25 іс-шара өткізілген. Ал онда 250 мың жас тұратынын ескерсек, өңір жастарының тіпті 1%-ы да қамтылмаған. Ол 1200-дің тең жартысы – Jas Otan белсенділері. Сол сияқты жастарының саны 300 мыңға жуықтайтын Шығыс Қазақстан облысында мұндай іс-шаралармен 2,5 мың адам қамтылған. Павлодар өңірінде «65-00-60» сенім телефоны ашылды. Бірақ оған өзім және әріптестерім қанша рет қоңырау шалсақ та, ешкім жауап бермейді. Осы сияқты жәй «есеп беру» үшін ғана жасалатын жұмыстар жеткілікті, – деді Мәди Ахметов.

Өз кезегінде, отырыс барысында Ішкі істер министрлігінің өкілі, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің аға инспекторы Серік Сұлтанов баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл елімізде 2 мыңға жуық есірткі қылмысы анықталып, 12 тоннадан астам түрлі есірткі заттары, оның ішінде 107 кг синтетикалық есірткі тәркіленген.

Сондай-ақ, Серік Сұлтанов қоғаммен тікелей диалог орнатылған әлеуметтік желілерде есірткі қылмысының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Оның айтуынша, осы жылы құқық қорғау қызметкерлері 170 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамтыған 2 мың акция, интерактивті сабақ пен семинар өткізген.

«Әлеуметтік желілердегі парақшаларыңызды мақтан тұтасыздар. Ал сіздердің telegram арналарыңызда бар болғаны 250 жазылушы бар, ол 2019 жылы құрылған және бірде-бір жазба жоқ. Сіздер қоғаммен диалогты осылай орнатасыздар ма? Нашақорлықтың алдын-алу бойынша Instagram аккаунты тіпті ашылмаған. Ал барлық семинарларыңыз бен интерактивті сабақтарыңыз – бір реттік акциялар. Дәріскер келеді, студенттердің жартысы ұйықтап отырады, оларға бейнероликтерді тез-тез көрсетеді де, сосын тарап кетеді. Өкінішке қарай, алдын алу жұмыстарының сапасы жоқ», – деді Мәди Ахметов ІІМ өкіліне.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният Кеңес мүшелерін мәселенің медициналық аспектісі туралы хабардар етті. 2019 жылы ресми наркологиялық есепте 22 мың адам тұрса, өткен жылы бұл көрсеткіш 20,5 мың адамға дейін төмендеген. Сонымен қатар, соңғы 5 жылда психобелсенді жаңа синтетикалық есірткіге тәуелділердің саны 60 есе өсті.

«Шамамен 47 мың жас жоғары қауіпті аймақта, олардың 20 мыңға жуығы тәуелді. Есірткіге тәуелділердің ең көбі Солтүстік Қазақстан облысында, Нұрсұлтан және Алматы қалаларында тіркелген. Алайда, мұның барлығы таза медициналық көрсеткіштер, бұл – диспансерлік есепте тұрған және ем алатын адамдар. Жасөспірімдер мен жастар арасында есірткіден хабары барлардың көп екеніне назар аударғым келеді. Сауалнама жүргізілген респонденттердің 55,6%-ы героин туралы біледі. Респонденттердің 9%-ы есірткіні бір тәулік ішінде ала алатынына сенімді», – деді Ажар Ғиният.

Жиын қорытындысы бойынша Жастар кеңесінің мүшелері Денсаулық сақтау министрлігіне жастар денсаулық орталықтары базасында нашақорлық мәселелері бойынша жеке «жедел желі» ашуды ұсынды. Ішкі істер министрлігіне есірткі препараттарын рецептісіз сататын дәріханаларда «Jas Otan» белсенділерімен бірлесіп бақылау сатып алу туралы мәселені пысықтау ұсынылды.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button