Қоғам

«AMANAT» партиясы азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу үшін бірқатар ұсыныстар берді

Халықты бәрінен бұрын азық-түлік бағасының шарықтап кетуі алаңдатып  отыр.

Есесіне елде инфляция деңгейін төмендету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілмейді. Бұл жайында «AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, кәсіпкерлік және аграрлық сектор мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында айтылды.

Сыртқы инфляциялық жағдайдың нашарлауынан елдегі инфляцияның деңгейі өскен. Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әбдікәрімовтің айтуынша, сәуірде жылдық инфляция 13,2% болып, бұл азық-түлік тауарлары бағасының шарықтауына алып келген. Жылдық азық-түлік инфляциясы 17,9%-ға жеткен, ал бұл – 2007 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Алайда, бұл сандар нақты емес.

«Халықтан сұрасаң, олар бағаның 2 есе өскенін айтады. Инфляция бойынша ресми статистикаға ешкім сенбейді. Ол қалай есептеледі? Барлық дүкендердің емес, тек таңдап алынған белгілі бір сауда орындарының ғана бағасы көрсетіледі. Өйткені Статистика департаменті тексеріс жүргізетін дүкендерді өздері таңдайды. Ал онда тексеріс кезінде басқа баға, тексерістен кейін басқа баға тұрады», – деді Кеңес төрағасы,  Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай партиялықтарды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қорының апта сайынғы мониторингі туралы хабардар етті. Республика бойынша жалпы көлемі 731,4 мың тонна қор бар.

«Биыл 23 мамырдан бастап 6 ай мерзімге қант экспортына тыйым салынды. Республикада қант зауыттарының өнімін есепке алмағанда шамамен 35 мың тонна қант бар. Сондай-ақ, 2022 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімге күнбағыс тұқымдары мен күнбағыс майын, осы жылдың 15 маусымына дейін 1 млн.тонна көлемінде бидай және 300 мың тонна көлемінде ұн шығаруға квоталар енгізілді. Сонымен қатар, әлемдік аграрлық азық-түлік нарықтарындағы бағалардың құбылмалы түрде өсуі азық-түлік бағасының шарықтауына алып келеді», – деді Жеңіс Өсербай.

Ал Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Баттақов азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Ол бүгінгі таңда азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ екенін атап өтті.

«Бағаның өсуін тежеу үшін «айналым схемасы» арқылы сауда нысандарына жеңілдікпен несие береміз. Әкімдіктердің сауда жүйесіне қатысушылар үшін төмен пайызбен заем беруі қарастырылған. Бүгінгі таңда 81 млрд.теңге бөлінді. Сондай-ақ азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорлары құрылды, онда азық-түлік қорлары сақталады. Тұрақтақтандыру қорларын қалыптастыруға 16,8 млрд. теңге бөлінді. Сонымен қатар,Түркістан және Жамбыл облыстарында ерте пісетін көкөністерді сатып алуға келісім-шарт жасау жоспарлануда», – деді ол.

Министрлік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тексеру мақсатында, сауда нысандарында үстемеақы мөлшерінің сақталуы тұрғысынан да мониторинг жүргізген. Қазір барлық аудан орталығында мониторингтік топтар үй жанындағы дүкендерге сауда үстемесін бақылау жұмыстарын күшейткен. Алайда партиялықтар ведомствоның жұмысын сынға алды.

«13-20 мамыр аралығында әкімдік үй жанындағы дүкендерде 549 заң бұзушылықты анықтады. Әкімдік қызметкерлері елдегі барлық дүкеннің 80%-ын аралады. Бұл – толықтай тексерді деген сөз. Нені негізге алды? Содан кейін «айналым схемасының» тиімділігіне тоқталып өтсек. Миллиардтаған қаражат жұмсалады. Нәтижесі қайда? Баға күн сайын өсіп жатыр. Одан да бұл қаржыны сауда желілеріне емес, тұрмысы төмен тұрғындарға тартқанымыз дұрыс болар. Бағаны тұрақтандыра алмасаңыздар, әлеуметтік әлсіз топтарға субсидия беру арқылы қолдау көрсетіңіздер. Мұның сауда желілеріне ақшаны оңды-солды таратқаннан гөрі пайдасы көбірек болады», – деді Кеңес төрағасы.

Жиынды қорытындылай келе, Кеңес мүшелері инфляцияны төмендету бойынша жүйелі жұмыс жүргізілмейтінін атап өтті. Ұлттық банк елдегі бағаның тұрақтылығына жауапты негізгі орган екеніне қарамастан,  ол бұл мәселеден шет қалып отыр.

«Базалық мөлшерлемені 14%-ға дейін көтеріп, несиелендіруді шектеді. Бұл бағаны ұстап тұруға көмектеседі деп ойлайды. Керісінше, бұл біздің өндірушілерге зиян тигізеді. Олардың шығындары артып, несие пайызы жоғарылай түскендіктен бағаны көтеруге мәжбүр болады. Мұндай жағдайда Үкімет бұл жұмысты өз жауапкершілігіне алуға тиіс», – деп түйіндеді Аманжан Жамалов.

Ұлттық экономика министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігіне инфляцияны есептеу әдістемесін өзгерту бойынша ұсыныс әзірлеу тапсырылды. Бұдан басқа, экономика министрлігі еңбек министрлігімен бірлесіп, азаматтардың әлеуметтік әлсіз санаттарына арналған атаулы субсидиялар мәселесін пысықтауға тиіс.

Сүреті түсірген Радмир Фахрутдинов

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.