Қоғам

Кісі ақысы қарғысқа ұшыратпасын!

3.6
(19)

Екі-үш күн бұрын «Тик-ток» желісінен бір өзбек жігіті Алматыда «Ақсай» ықшамауданындағы «Айша» деген хостелге айына 300 мың теңге төлейтін болып жұмысқа шақырылғанын, алайда ешқандай келісім-шарт жасалмай екі айдан соң бір тиын ақша төлемей, өзін кемсітіп қорлап, боқтап қуып жібергенін орасан ренішпен айтып тұрғанын көрдім.

Иесі қазақтар көрінеді. Қарадан тұрып біз ұялдық. Жұмыс берушілеріне арнаған нәлет қарғысы да құлағымызда қалды.

Нарықтық қатынастар кезі болған соң ба осындай кісі ақысын жейтін, жұмыстарын жасатып алып артынан ештеме көрмегендей безеретіндер көбейді. Танымал М. деген әншінің үйіне күрделі жөндеу жасатып алып, құрылысшыларды құрқол айдап шыққаны, әлем чемпионы С. деген спортшы сылақшы келіншектердің ақысын төлемей қойғаны, өзін елге тұтқа санайтын бір дөкей жас көмекшісін екі жыл бойы емексітіп жанында ұстап, ақыры сиырқұйымшақтатып ақысын бермей қуып жібергені, Н.деген кәсіпкер жігіттің екі қабатты үйін салдыртып алып құрылысшыларға ақшасын бермей зар қақтырғаны сияқты жағдаяттар ел ішінде көп. Әлгіндей озбырлыққа көбіне даяшылар, бақташылар, күзетшілер, құрылысшылар, қара жұмысшылар ұшырап жатады. Бұл өзі кеңінен тарап бара жатқан теріс құбылысқа ұқсайды. HeadHunter зерттеу орталығы өткен жылы 2 мыңдай адамның арасында онлайн жүргізген пікіртерім нәтижесіне қарағанда сұрау салынғандардың 84 пайызы жұмыс іздеген немесе жұмысқа тұрған кездерінде алдау әрекеттеріне тап болғандарын айтқан.

Адам баласы дініне, ұлтына, нәсіліне қарамастан Алла алдында да, заң алдында да бәрі бірдей. Асыл дінімізде «Біреудің еңбегінің ақысын жейдесінің тері кепкенше бер» дейтін қағида да бар. Алла Тағала өз ақысын кешіргенімен құлдарының арасындағы ақыны олардың өздеріне қалдырған. Алдауға ұшырамау үшін жұмысқа тұрар алдында келісім-шарт жасалуын талап еткен де тиімді. Білуге тиісті нәрсе сол – біреудің ақысын жегенді ақысы желінген адам кешірмей Алла кешірмейді.

Қарап отырсаңыз, біреудің ақысын жеген озбыр ерте ме, кеш пе өзі сонысының зардабын тартқанын көресің. Айталық, тілге тиек болған әлгі әнші екі қабат үйін банкке кепілге қойып ақша алып, ақыры сол үйінен айырылып қалды. Ал Н. деген кәсіпкер үйін казинода ұтқызды. Аузымен құс тістеген дөкей инсультке ұшырап арбаға таңылды. Чемпион істі болып, темір торға тоғытылды. «Бұл дүниенікі о дүниеге кетпейді» деген осы!

Сондықтан кісі ақысын жеп қарғысқа қалмайық, ағайын!

 

Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),

Жазушы-публицист

 

 

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 3.6 / 5. Бағалар саны: 19

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button