Қоғам

Отқа салыңыз, суға салыңыз: президент алдында «дат» айтушылар көбейді

Орта ғасырлық Жапонияда «харакири» дейтін қанды дәстүр болған.

Даймёға адалмыз деген самурайлар сэппуку (синоним) жасап, ар-ұждан тазалығын осылайша сақтап қалған.

Даймё дегеніміз ірі әскери феодалдар болса, тұтас ұлт пен ұлысты билеген ханның алдында да өз айтарын айтып қалған қазақ халқы қансыз-ақ, қанжарсыз-ақ «дат» деген дара сөзбен айтарын айтып, мәселенің мән-жайын түсіндіруге ақылы болған. Ашық дереккөздерген сүйенсек, «дат» – парсы тілінен енген сөз «көмек, жәрдем, кешірім» деген мағынаны білдіреді екен.

Қош делік, заман өзгерді. Жұрт жаңарды. Бүкіл әлемге жабық болып, күні кеше ғана сырт әлеммен байланысын үзген Жапония жаһан экономикасының жетекшісіне айналды. Жапон жолымен жүреміз, жапан даладағы жұртты жетектейміз деген алаш арыстарының «дат» деген бір ауыз сөздері қаперге ілінбей, 37-ші жыл жалмап кетті. Хандық билікпен қош айтысып, Құдайсыздар мемлекетінде жетпіс жыл ғұмыр кешіп, біздер де өз Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, соңғы жылдарын той-томалақпен өткізіп, өзге елдердің өзгеше дамып кеткенін де байқамай қалыппыз.

30 жыл Тәуелсіз мемлекет құрып, жаһанға танылдық деген Қазақстанда соңғы жылдары Мемлекет басшысының алдында сөз сөйлеу және түрлі идея тастап, сол арқылы қызметтің биік баспалдақтарына біртіндеп шығу сәнге айналғандай. Бұл да бір посткеңестік елдердің өзіне тән идеологиялық ерекшелігі болса керек. Мәселен, алысқа бармай-ақ, көршілес Ресейде В.Путиннің алдында сөз сөйлеп, содан кейін оның Еділ бойындағы Уәкілетті Өкілі болып тағайындалған зауыт жұмысшысының қызметтік карьерасы посткеңестік елдерде біраз талқыланды.

Осы орайда, 2020 жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың алдында «Бірер күн бұрын менің жасым 39-ға толды. Біздің қатарымыз – 80-ші жылғылар жоғалған буын болып есептеледі. Біз қазір үлкен өмірлік таңдау алдында тұрмыз, әрі қарай не істеу керегін білмейміз. Жинаған біліміміз бар, тәжірибе бар, қателіктер де жасадық. Менің жеке кумирім – 1972-92 жылдары Финляндияның білім жөніндегі ұлттық кеңесін басқарған, білім саласын дамытуда өздерін тарихтың отына тастап жіберген буынның жарқын өкілі Эркки Ахо. Біз де өзімізді тарихтың отына тастауға дайынбыз. Сондықтан біздің энергиямызды пайдаланыңыздаршы. Себебі, Қазақстанда басқа жол жоқ», – деген Саясат Нұрбекті айтсақ та болады. Араға екі жыл салып еліміздің Жоғары білім және Ғылым министрі болып тағайындалды.

Жуырда Ұлытауда өткен құрылтай кезінде Мемлекет басшысының алдында белгілі журналист Мақсат Толықбай «Елімізде көзі жанып тұрған жастар бар. Сондықтан әлеуетімізді, потенциалымызды ел игілігі үшін жұмсауға дайынбыз. Су десеңіз суға, от десеңіз отқа түсеміз», – деп айтты.

«Жаңа Қазақстан» мен 2 республикада құрылтай шақырып, Ұлытауда өткен жиында танымал математик Асқар Жұмаділдаев «Бізде генерал көп екен. Бірақ бұйрық беретін командир жоқ екен. Сен салар да мен салар, атқа шөпті кім салар? – деп тұрғанда Қасым-Жомарт Кемелұлы билікті қолына бірде алды. Президент Тоқаев жедел де батыл шешім қабылдады» – деп сөз сөйледі.

Жуырда жалпұлттық референдум өтті. Ел қатысып, Ата заңға өзгерістер енген соң түрлі саяси болжам айтушылар көбейді. Алда Парламент тарайды, сайлау болады, әкімдер сайланады, елдің саяси өмірі бұрқ-сарқ қайнайды деп бал ашушылар асыра көбейді. Бәлкім, сол жорамалдар тура келіп, өзгерістер орын алып жатса, жоғарыда есімі аталған кісілердің жаңа қызметке тағайындалуына қалай қарайсыз?

Айтқандай, «жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей шынымен «ел басына күн туып, ауыздықпен ат су ішер кезде» отқа салыңыз, суға салыңыз дейтін азаматтарымыз жапонның самурайлары секілді сэппуку жасауға қаншалықты әзір екен?!

 

 

Қонырақын ҚАРАБАЙ

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 2

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.