Қоғам

Ақпарат министрі Аида Балаева жастардың басын қосты (фото)

0
(0)

24 қарашада ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Нұр-Сұлтан қаласында «Тәуелсіздік ұрпақтары» республикалық жастар форумы өтті.

Бұл туралы ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған newsroom.kz порталы хабарлайды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Парламент Мәжілісінің және облыстық мәслихаттардың жас депутаттары, «Nur Otan» партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің өкілдері, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің, Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанатының, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының мүшелері, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, түрлі саладағы жас ғалымдар, оқытушылар, зерттеушілер, жас кәсіпкерлер мен стартаперлер, республикалық және өңірлік жастар ұйымдарының басшылары қатысты, сондай-ақ онлайн-режимде еліміздің барлық өңірлерінен белсенді жастар қосылды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы                    Н.Ә. Назарбаев форум қатысушыларына арнайы Видеоүндеуін жолдады, оның барысында Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жастар еліміздегі мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті. Қазақстанның жас патриоттары Тәуелсіз мемлекет қызметінің барлық саласындағы жетістіктерін нығайтады.

Аида Балаева ел Тәуелсіздігінің 30 жылындағы жастар саясаты саласындағы негізгі жетістіктері жөнінде айтып берді. Елбасы                         Н.Ә. Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың елімізде жастарды қолдау жөніндегі халықаралық деңгейде лайықты бағаланған саясатының арқасында жас қазақстандықтардың дамуы мен өзін-өзі дамытуы үшін бірегей мүмкіндіктер жасалды.

Елбасы тағайындаған «Болашақ» халықаралық стипендиясының арқасында 15 мыңнан астам жас қазақстандық әлемнің үздік оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алды.

Жыл сайын 1992 жылдан бастап жас таланттарды қолдау үшін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы беріледі.

2000-шы жылдардан бастап жастар саясатын іске асыру жөніндегі қызмет қосымша қарқын алды. Осылайша, «Қазақстан жастары» мемлекеттік бағдарламасы, мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданды, «Жасыл ел», «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға», «Серпін» және басқа да бірқатар жобалар іске қосылды.

«Жасыл ел» жобасы бойынша 2005-2021 жылдар аралығында жастар еңбек жасақтары 44,3 миллион ағаш отырғызды, бүкіл ел бойынша 180 мың гектар жерді өңдеді, осы жылдар ішінде жоба шеңберінде 300 мыңнан астам жас жұмысқа орналастырылды. Қазіргі уақытта 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңге жыл сайын 30 мың адамды, оның ішінде ауылдық жерлерден 10 мың адамды жұмысқа орналастыру міндеті қойылды.

«Серпін» бағдарламасы бойынша 2014-2021 жылдар аралығында 7,7 мың студент оқуын аяқтап, 5,5 мың адам немесе 71,7% жұмысқа орналастырылды.

2010 жылы құрылған Ұлттық волонтерлер желісі қазіргі уақытта 50 мыңнан астам мүшеден тұратын 3,5 мыңға жуық волонтерлік ұйымды қамтиды. Бүгінгі таңда волонтерлар 1 мыңнан астам жобаны, соның ішінде әлеуметтік, экологиялық, мәдени, медициналық, спорттық, оқиғалық жобаларды сәтті жүзеге асырды.

2019 жылды Жастар жылы деп жариялау жастар саясаты саласындағы маңызды оқиға болды, ол жастар саласын бұрын соңды болмаған қолдау жылы болды. Жұмысқа орналастыру, тұрғын үй жағдайларын жақсарту, кәсіпкерлікке оқыту, ғылымға және бизнес-бастамаларға гранттар – бұл жас қазақстандықтарға мемлекет тарапынан көмек көрсетілген бағыттардың толық емес тізбесі.

Елбасы жастар жылы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді тапсырды. 2019-2021 жылдары жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз 9 мың жалдамалы пәтер берілді.

Жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерін гранттық қаржыландыру 9 млрд. теңгеге дейін ұлғайтылды. Биылғы жылы Мемлекет басшысы Қ.Қ. Тоқаев зерттеу жүргізу мерзімін                            3 жылдан 5 жылға дейін ұлғайту туралы шешім қабылдады. Аталған механизм 35 жасқа дейінгі жас ғалымдарға өздерінің шығармашылық және зияткерлік әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді.

Жастарды қолдаудың 2020-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспары бекітілді. Жоспар 10 бағыттан тұрады, олардың шеңберінде жас қазақстандықтарды қолдаудың қолданыстағы шараларын жетілдіру, қазіргі заманғы тетіктерді енгізу, қоғамдық ортаға бейімдеу және басқа да жаңалықтар арқылы олардың белсенділігін арттыру жоспарлануда.

Жалпы, Тәуелсіздік жылдары еліміз мынадай нәтижелерге қол жеткізгенін атап өту қажет.

Соңғы 20 жылда елдегі NEET санатындағы жастар үлесінің көрсеткіші 18,6%-дан 7,1%-ға дейін азайды, оның ішінде соңғы 5 жылда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,4%-дан 3,8%-ға дейін төмендегені байқалады.

Соңғы 5 жылда магистратурада және докторантурада білімін жалғастырғысы келетін жастар санының ұлғаю үрдісі өсіп келеді. Мәселен, егер 2015 жылы 15 816 түлек болса, 2020 жылы – 20 249 адам; 2015 жылы – 533 адам, 2020 жылы – 905 адам.

1991 жылдан бастап 2021 жылға дейін туберкулезбен ауыру 2,4 есеге, 2012 жылдан бастап 2021 жылға дейін жастар арасында вирустық гепатитпен ауыру 4,5 есеге төмендеді.

Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, вакцинациялаудың арнайы бағдарламасының арқасында жастар арасында В вирустық гепатитінен сырқаттанушылықты 1998 жылдан бастап 2021 жылға дейін 59,8 есеге төмендетуге мүмкіндік туды.

Әлеуметтік инклюзия саласындағы жағдайдың жақсарғанын атап өту қажет.

Орта білім беру қызметтерінің қолжетімділігі бойынша жағдай жасаудың арқасында 2014-2021 жылдар аралығында мүмкіндігі шектеулі оқушылар саны 2 есеге ұлғайды.

2010 жылдан бастап ЖОО-да квота бойынша оқитын мүгедек адамдардың саны 2,5 есеге артты. 2020-2021 оқу жылында олар 1 349 болды.

Соңғы үш жылда жастарды бұқаралық спортқа тарту процесінде оң динамика бар, ол 2021 жылы 2,5 миллионнан астам адамға жетті.

2023 жылдан бастап жастар санының өсуі бойынша оң динамика күтілуде, ол 2030 жылға қарай ең жоғары мәнге жетеді.

2015 жылы Жастар ресурстық орталықтарының қызметіне жол ашқан «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа заң қабылданды. Қазіргі уақытта ел өңірлерінде 209 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Тек осы жылдың өзінде ғана 800 мыңнан астам жастар ЖРО арқылы атаулы көмек алды.

Елбасы бағдарының сабақтастығын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жастарды қолдауды мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыттарының бірі ретінде белгіледі. Мемлекет басшысы бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.

Олардың ішінде бір саяси партиядан Мәжіліс және мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу үшін тізімге енгізілген адамдардың жалпы санынан жастар мен әйелдер үшін 30%-дан кем емес квота бар, соның арқасында осы жылы депутаттық корпус, әсіресе өңірлерде айтарлықтай жасарды.

Талантты жастарды қолдау жөніндегі стратегиялық шаралардың бірі Президенттік жастар кадрлық резерві болды. Бұл жоба жоғары білікті жас мамандарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға мүмкіндік берді. Конкурсқа 13 212 кандидат қатысып, оның нәтижелері бойынша кадр резервіне 300 адам кірді. Бүгінде Президенттік резервке іріктеудің екінші кезеңі жүріп жатыр, оның аясында қосымша 150 кәсіби жасты іріктеу жоспарлануда.

Жыл сайын «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа» бағыттары бойынша жастардың 30 жобасы мен бастамаларын қолдауға берілетін «Тәуелсіздік ұрпағы» гранты тағайындалды. Оның мөлшері 3 миллион теңгені құрайды. Биылғы жылы Конкурстық комиссия сараптамалық талқылаулар нәтижесінде үздік 30 жобаны іріктеп алды.

Жас мұғалім – «Болашақ» бағдарламасының түлегі Асхат Жұмабеков Қазақстандағы ғылым мен білімнің дамуы, жастардың өзін-өзі дамытуының жаңа мүмкіндіктері туралы айтып берді.

«Серпін» бағдарламасының түлегі Айдар Күзеров ауыл жастарын қолдаудың артықшылықтары туралы айтып берді.

«Витебскідегі Славян базары» халықаралық өнер фестивалінің жеңімпазы Рухия Байдукенова мемлекеттің шығармашыл жастарды қолдауға қосқан үлесін атап өтті.

Жас стартапер Тимур Рыспеков мемлекеттік цифрландырудың мамандық таңдауға әсері және Қазақстандағы технологиялық даму процестерінің ерекшеліктері туралы айтып берді.

Елбасы медалінің иегері, эколог, Павлодар облысының «Жасыл Ел» штабының жетекшісі Русанна Самекова жастарға экологиялық білім берудің маңыздылығы туралы айтып берді.

Форум барысында жас белсенділердің бастамашыл тобы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы                               Н.Ә. Назарбаевқа «Алғыс кітабын» табыс етуді ұсынды, онда Елбасының қолдауымен және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің арқасында табысты іске асырылған еліміздің ең көрнекті жастарының алғыс сөздері жинақталған.

Сондай-ақ Тәуелсіздіктің жас ұрпақтары атынан математика пәні бойынша халықаралық олимпиада жеңімпазы Сұлтанбек Байжанов  2041 жылғы болашақ ұрпаққа арналған криптографиялы-капсулалы Жолдауды іске қосты, ол арнайы крипто-кілтпен шифрланған және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 50 жылдығына орай ашылатын болады. Крипто-хабарламаны жас стартапер Тимур Рысбеков арнайы әзірледі.

Форум жұмысы аясында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы табыс етілді, оған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаев қатысты.

Марапатты табыс ете отырып, Мәулен Әшімбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың жастарды қолдаудағы жоғары рөлін атап өтіп, қазақстандықтардың жаңа ұрпағы, Тәуелсіздік ұрпағы экономикалық қуатты, бейбітшіл және әлеуметтік мемлекет құру бағытын жалғастыратынына сенім білдірді.

Іс-шара барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып және «Ashyq» жүйесін пайдалану арқылы өтті.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button