Қоғам

Көпбалалы отбасы моншада тұрып жатыр

0
(0)

Алматыда үйі өртенген отбасы моншада тұрады. Әп-сәтте бар жиған-тергені күлге айналған ана төрт баласымен бірге жуынатын жерде бір аптадан бері түнеп жүр. Ал, қызыл жалын шарпыған баспана қайта қалпына келтіруге де жарамайды. Есеп бергенде елді қарқ қылатын жергілікті билік төтеншеліктердің жауабын күтуден басқа қайран жоқ дейді. Оның үйсіз-күйсіз төрт балаға не қатысы бар екенін өздері түсіндірер. Ал, далада қалған отбасын ең болмаса уақытша бір орталыққа да орналастыруға болмай ма деп біздің тілшіміз шырылдап жүр. Бұл туралы  Newsroom+ақпарат агенттігі «Еуразия» бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

«Бар нәрсеміздің бәрі жанып кетті. Төрт баламен далада қалып қалдық. Ешнәрсесіз».

Тау бөктерінде орналасқан жер үйдің қалай жылдам жанып кеткені Қаламқас Күлімжанованың әлі де көз алдында. Кешкі сағат сегіздің шамасында қылтимадан шыққан өрт аумаққа жылдам тарай бастаған. Ішінде қыстық киімдер мен кілемшелер болғандықтан, тез тұтануына себеп болды, дейді.

Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына электр тоғының тұйықталуы әсер еткен болуы мүмкін. Сол күні бір өшіп, бір жанып тұрды, дейді. Тіпті, қырсыққанда құбырдағы су да ақпай қалған. Өйткені, жетісіне бір рет тазалық жұмыстары жүргізіледі екен.

Жолдасымен ажырасып, төрт баласын өзі бағып отырған Қаламқас қазір жұмыссыз екенін жеткізді. Жиған дүниесінің барлығы өртеніп кеткендіктен, енді не істерін білмей дал. Ал, аудан әкімдігі көпбалалы анаға қол ұшын беруге әзірміз, бірақ күту қажет, дейді.

Қазір біз Төтенше жағдай мамандарының қорытындысын күтіп отырмыз. Осыдан кейін қаржылай өтемақы төлеу туралы құжаттарды әзірлейміз. 15 күннің ішінде құжат келуі тиіс. Алты айдың ішінде өтемақы да төленуі мүмкін», дейді Әсел ЖҮНІСОВА, Наурызбай ауданы әкімінің аппараты әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы.

Өртенген баспана иесі жеке меншік жерінде орын болғандықтан енді оған шағын болса да үй тұрғызып алуды көздеп отыр. Өйткені, моншада қыста түнеу мүмкін емес, дейді. Қазірдің өзінде кеші салқын, іші тар екенін айтуда.

Қаламқас КҮЛІМЖАНОВА, көпбалалы ана: «Тар. Қазіргі кешкі уақыттарда салқын. Түнде суық. Бірақ, басқа баратын жерім жоқ. Не болатынын білмеймін».

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button