Қоғам

Nur Otan-да жолаушылар және жүк тасымалы мәселелері талқыланды

0
(0)

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың жолаушылар және жүк тасымалын дамыту бағытындағы жұмысы көңіл көншітпейді. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Партиялық бақылау комитетінің кезекті отырысында белгілі болды.

Қазақстан автомобиль конвентінің президенті Марат Берқалиевтің айтуынша, заң жергілікті атқарушы органдарды тасымалдаушы компаниялардың шығындарын субсидиялауға міндеттегенімен, көптеген өңірлер бұл талапты орындауға асығар емес. Нәтижесінде, тасымалдаушыларға айналым қаражаты жетіспей, көлік жүргізушілер мен механиктерге жалақы төлей алмай, соның салдарынан үнемі маман тапшылығына тап болып отыр. Ал автопаркті жаңартып алғандарға лизингтік төлемдерге ақша жетпейді.

Жиын барысында партиялықтар өңірлердегі қоғамдық көлікпен байланысты мәселелерге де тоқталды. Мәселен, Жезқазғанда «Бекболатсай» шағынауданының 3 мың тұрғыны автобус қатынасысыз қалған. Қызылорда тұрғындары автобустардың қатынау кестесінің өте ыңғайсыздығына шағымданады. Мұнда орталық көшелерде маршруттар қайталанса, ал шалғай аудандарға қатынамайды.

Тағы бір өзекті мәселе – белгіленген осьтік жүктемеден асатын ауыр жүк көліктерінің жол төсемін мерзімінен бұрын бұзуы.

«Маңғыстау облысының Шетпе ауылында екі жыл бұрын жол жөнделіп еді. Бірақ карьерлік самосвалдар сол жолдарды тып-типыл етті. Енді оны қайта жөндеу қажет, оған республикалық бюджеттен тағы 800 млн. теңге бөлінді. Қазіргі уақытта еліміздегі жолдардың тек 9,3%-ы бір оське 10 тоннадан астам ауырлыққа шыдас бере алады. Осы мәселені шешуге тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келеді», – деді комитет мүшесі Дәурен Бижұманов.

Нұротандықтар транзиттік автожолдардың сапасына ерекше назар аударды. Комитетте атап өткендей, Орынбор, Челябинск, Қорған, Омбы, Жаңасібір бағытындағы автожолдардың басым бөлігі заманауи стандарттарға сәйкес келмейді. Мердігерлер жол салу және жөндеу кезінде ұшырасатын проблемалардың бірі – жол-құрылыс материалдарының қымбаттауы.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Комитет Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолдарды орташа жөндеу үшін техникалық құжаттаманың сараптамасын аккредиттелген ұйымдарға беруді, жолдарды орташа жөндеудің 1 шақырымына жұмсалатын шығындар лимитін белгілеуді, сондай-ақ келесі жылдың 1 қаңтарына дейін барлық автожолдар жай-күйінің бірыңғай картасын жасауды ұсынды.

Сонымен қатар, Партиялық бақылау комитеті жұмысында жіберген олқылықтары үшін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асқар Мұратұлына «ескерту», Теміртау қаласының әкімі Қайрат Бегімовке, Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиевке «сөгіс» түріндегі партиялық жауапкершілікке тарту туралы қаулы шығарды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин мен Көлік комитетінің төрағасы Самат Гилимовқа тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button