Нұр-Сұлтанда «World Scholars Cup» халықаралық олимпиадасының «WSC Nursultan Round» аймақтық кезеңі өтті деп жазады Newsroom.kz порталы
Ерекше білім сайысы еліміздің алдыңғы қатарлы 18 мектебінен 400-ге жуық қатысушылардың басын қайта қосты.
«World Scholars Cup» халықаралық білім олимпиадасы 2007 жылдан бері әлемнің 100-ге жуық үлкен қалаларында 10-18 жас білім алушылары арасында өткізіліп келеді. Сайыстың басты мақсаты – қатысушылардың қызыға білім алуына, топта және жекелей өнер көрсету арқылы жаңа қырынан танылуына жағдай жасау. Топтық эссе, пікірталас және жан-жақтылық тесті арқылы аймақтық және жаһандық кезеңнен сүрінбей өткен сайыскерлер ақтық мәреде АҚШ-тың Йель Университетінде бақ сынайды.
Араға 2 жыл салып 2022 жылдың 19-20 наурыз күндері «WSC Nursultan Round» аймақтық кезеңі Спектрум халықаралық мектебінде еліміздің алдыңғы қатарлы 18 мектебінен 400-ге жуық қатысушылардың басын қайта қосты. Екі күнге жоспарланған жарыстың жалғыз шарты – тек ағылшын тілінде жүргізілетіндігінде. Сайыстың басты қағидасы бойынша тілдің түсінікті, ойдың анық болуы – білімге құштар жастардың ынтымақтастық әрі өзара қолдауы арқылы іске асатынымен тікелей байланысты.
