Қоғам

Құйылды көшің…

5
(2)

Мемлекет басшысы араға апта салмай Алаш көшіне екі рет назар аударды. Ел Президенті әуелі Түркі мемлекеттері ұйымының тарихи жиынында Алтайдан Анадолыға арпалыспен жеткен ағайынды қамқорлыққа алған Аднан Мендерестің рухына тағзым етіп, қазақ халқының атынан бауырлас түрік жұртына ақжарылғап алғысын білдірген еді. Ал кеше отыз жыл бұрын елге ағылған ұлы көш жайында сөз қозғап, оны атаулы күндер тізбесіне қосуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Анадолыда айтқан алғашқы сөзі шынайы бауырластықтың қиын-қыстау замандарда шыңдалғанын әйгілейтін тарихи оқиға ретінде түркі мемлекеттерінің басшыларын ерекше толқытса, кешегі лепесі де атамекенге жиылған жұрт пен шетте жүрген қандастарды айрықша қуанышқа бөлегені анық.

Ұлттық кеңестің кезекті жиынында Қасым-Жомарт Кемелұлы «Баршаңызға мәлім, қандастарымыздың өз атажұртына оралу мәселесі туралы Тұңғыш Президентіміз бірқатар маңызды тарихи шешім қабылдаған еді. Ұлы көш 1991 жылы басталды. Бұған Елбасының тапсырмасымен Қазақ КСР Министрлер Кабинеті қабылдаған №711 қаулы ресми түрде жол ашты. Бұл құжат 1991 жылғы 18 қарашада қабылданды… Үкіметке осы тарихи датаны атаулы күндер тізбесіне қосу мәселесін жан-жақты қарастырып, тиісті ұсыныс енгізуді тапсырамын» деп арнайы тоқталды.

Расында азаттықтың арайлы таңынан ке­йін көшіміз құйылды, дүние жүзіне тарыдай шашылған Алаш жұрты қазақ топырағын­да қайта бас қосты! Елбасы шартарапқа ­сауын айтып, Құрылтай шақырды. Тағдыр тәлейімен дүние жүзіне шашылған қандастар атажұртқа қайта жиылып, қай қияда жүрсе де арқа сүйер атамекені, аңсап келсе бауы­рына басар атажұрты бар екенін ұғынды. Отанына байсалды көшпен жеткен қандастар­дың ұзын саны бүгінде миллионнан асып, мемлекетіміздің демографиялық саясаты­ның баянды баспалдағына айналды. Қиыр жай­лап қиянат теперіш көрген, есесі кеткен ел­дің еңсесін тіктеген осы  қастерлі көшке биыл 30 жыл толып отыр. Сондықтан атаулы күн туралы Президент ұсынысы дер кезінде ­айтылды деп ойлаймыз.

Бұл ретте бодандық замандағы зобалаңды  шаңды көш пен азат елімізге оралған мамыражай жайлы көштің айырмасы, әрине, жер мен көктей. Десе де Алтайдан ауған ел қандыкөз қуғыншы әскердің қиянатына ұшырап, құстың қанаты күйетін алып шөл Такламаканды басып өтіп, жер бетінің түндігі саналатын мұз құрсанған Гималай жоталары арқылы Үндістан асып, Пәкістанды паналап, Анадолыдағы ағайынның айқара ашқан құшағына құсалықпен жеткенше он мың шақырым жолды басып өтсе керек. Бұл оқиға негізінен жиырмасыншы ғасырдағы әлемдегі ең ұзақ көш ретінде адамзат тарихында таңбаланды. Қаралы көште талай қазақтың сүйегі Такламакан шөлінде, Бұланайдың белінде, Тибеттің құба жонында шашырап, көбі көмусіз қалды. Өжет, өр жұртымыз бостандық пен ар-намыс жолында рухын қорғау үшін қалың жаумен шайқасып, қынадай қырылғанымен, жансебіл тобы қаһармандықпен құтылды. Сонда Түркия басшылары 1952 жылдың 13 наурызында қол қойған «Босқын қазақтарды көшіріп алу» туралы қаулы бойынша ана жұрт Анадолыға табан тіреп, мәуелі бәйтеректің саясында шат-шадыман өсіп-өнді. Осы тұста Мендерес туралы да мәлімет бере кетсек. Қырымда дүниеге келген, Түркияда Демократиялық партия құрып, Парламент сайлауында жеңіске жеткен тұлға елінің ілгері дамуына күш салып, тарихи-рухани құндылықтардың қайта түлеуіне берік негіз қалайды. Алайда оның реформаларына қарсы күштер жала жауып, биліктен біржолата тайдыруды көздейді. Ақыры 1960 жылы 27 мамырдағы әскери төңкерісті ұйымдастырғандар оны біржақты соттап, 1961 жылы нақақ жазаға тартты. Араға алпыс жыл салып әділет салтанат құрып, сол жер қазір «Демократия және бостандық аралы» ретінде қайта түледі. Әлбетте, бұл арал түркі мемлекеттерінің бауырластық рәмізіне айналары да хақ. Келесі жылы Аднан Мендерес қабылдаған тарихи құжатқа 70 жыл, оның қазасына биыл 60 жыл толып отыр. Бұл ретте Алтайдан Анадолыға ауған ел туралы деректі фильмдер түсіріп, музейде көрмелер ұйымдастырып, ұлы көштің ғибратын дәріптейтін түрлі рухани шаралар жүргізу – уақыт талабы болса керек. Елорданың бір көшесін марқасқа Мендерестің есімімен атап, ескерткіші бой көтерсе, ағайын жұрттың тағзым ететін киелі кешеніне айналары анық. Бұл – бауырластықты бекемдей түсетін тағылымды іс болар еді.

 

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 2

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button