Қоғам

«Ата-анамды Ауғанстаннан алып келіңіздерші» Этникалық қазақтар көмек сұрады

3
(2)

Тәліптердің қоршауында қалған қандастар. Ауғанстанға жұмыс бабымен барып, елге қайта алмай отырған азаматтар мен сол жерде өмір сүріп жатқан этникалық қазақтар Үкіметтен көмек сұрады. Олардың сөзінше, содырлар билікті қолға алғалы, елден тыныштық кеткен. Банк, сауда орындары өртеніп, азық-түлік тапшылығы сезіліп жатыр екен.

Тіпті, террористер Кабулдағы жалғыз халықаралық әуежайды өртеп, барлық ішкі және сыртқы рейстерді тоқтатып тастаған. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

«Мына базардан келіп бір үзім нан алып жей алмай отыр. Неде болса көшірісіңдер, осылар қалмасын. Ағайын, айналып кетейін сендерден. Келгенде көмек қыласыңдар ғой. Көмектесіңдер, жәрдемдесіңдер. Жаным, қазақсыңдар ғой. Қазақты әрдайым биік қылсын Алла».

Осылай деп мұңын шаққан Ауғанстандағы қазақтардың видеоүндеуі қазір әлеуметтік желіні шарлап кетті. Содырлардың бақылауында қалған қандастар ішерге су, жерге тамақ таппай қалғандарын айтады. Тіпті, әйелдер мен бала-шаға далаға шығудан қалып, үйлерінде қамалып отыруға мәжбүр.

Ал, 5 жыл бұрын тарихи отанына көшіп келген Саид есімді азаматтың ата-анасы Ауғанстанға туыстарына қонаққа барып, кері қайта алмай қалыпты. Соңғы рет өткен аптада тілдескенінде олар жағдайдың ушыққанын айтып, көмек сұраған. Сондай-ақ, содырлардың қолына өткен елдің оңтүстік-батысындағы аймақта қоныстанған бауырларымен де байланыс үзілген екен.

САИД НАЖАФИЗАДА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Біз 5 жыл болды көшіп келгенімізге. Әке-шешеміз қазақ. Қазақстаннан Ауғанстанға кеткен алдыңғы жылы. Фарьяб деген шаһарда тудым.  Қазір енді бір апта он күн болды талибандар барлық қалаларға кіріп келген ғой. Жағдай жақсы болмай жатыр қазір.  Қазір барлық зат көтеріліп кетті Ауғанстанда. Жаман қиналып жатыр. Тамақ жоқ».

Жағдай бас қала Кабулде де күн өткен сайын ушығып барады. Қызмет бабымен Ауғанстанда жүрген отандастарымыз шекара аса алмай отыр. Тығырыққа тірелгендердің бірі ел азаматы Ниматулла Абдусаттар. Дәріханада жұмыс істейтін жігіт те биліктен көмек сұрады.

НИМАТУЛЛА АБДУСАТТАР, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Талибандар қалаларды басып алғаннан кейін, біз Қазақстанға шыға алмай қалдық. Менен басқа қазақ ағайындар бар бұл жақта.  Мына жақта қиыншылық жағдай жаман болып жатыр. Ешкім үйінен шыға алмайды. Әйел кісілер вообще шыға алмайды.  Қазақстан посольствасы да Кабулде жабылып қалған. Кабулде де бар бір-екі үй ағайындар».

Ал, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қиын жағдайда қалған қандастарымызды елге әкелуге тапсырма беріпті. Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың сөзінше бүгінде Ауғанстанда 200-ге жуық этникалық қазақ тұрады.

АЙБЕК СМАДИЯРОВ/ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ АЙБЕК СМАДИЯРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Ауғанстандағы этникалық қазақтардың өтінішіне байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрлігіне олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қажет болған жағдайда тарихи Отанына қайтару мәселесі бойынша көмек көрсетуді тапсырды. Өз кезегінде біз Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігіне осы мәселені бақылау жөнінде тиісті тапсырма бердік».

Қиын жағдайда қалған қандастарымыздың сөзінше ауған жерінде өмір сүретін этникалық қазақтардың көбінде азаматтық та, жеке басын куәландыратын бір тілім қағаз да жоқ екен. Болған күннің өзінде жергілікті билік көп бөлігінің ұлтын құжатта өзбек немесе пуштун деп көрсеткен көрінеді. Ал, саясаттанушылар Ауғанстандағы этникалық қазақтарға қол ұшын беруіміз қажет дейді. Ол үшін шұғыл түрде бір шешім қабылдау қажет.

ҚАЗЫБЕК МАЙГЕЛДИНОВ, САЯСАТТАНУШЫ: «Әрине, біз оларды қабылдауымыз керек. Және бұл жерде екінші мәселе бар, ауған мемлекетіндегі этникалық қазақтар жақсы өмірден қашып жатқан жоқ. Олардың қазіргі жағдайы мүшкіл болып отыр. Олар қауіптеніп отыр. Осындай жанайқайына біз өз Отанына ораламын деп отырған  қандастарымызға нақты бір шешім қабылдап, жауабын беру керек».

Ауғанстандағы халық «Талибан» ұйымы елде өз заңдарын тықпалай ма деп қауіптенеді. Себебі, содырлардың әрекетіне сот жоқ. Еркектер сақал өсіріп, әйелдер паранджа киіп жүруі тиіс. Ал, 10 жастан асқан қыздарға мектепке баруға тыйым салынады. Осындай ережелерге бағынғысы келмеген жұрт тезірек елді тастап кеткісі келеді. Ал, Ауған жерінде өмір сүріп жатқан этникалық қазақтардың нақты санын ешкім айта алмады.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 3 / 5. Бағалар саны: 2

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button