Қоғам

Премьер-Министр Асқар МАМИН: Қазақстан сапалы серпіліс жасай білді

0
(0)

Қазақстан Республикасының Үкімет басшысы Асқар Ұзақбайұлы Мамин кеше еліміздің «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттері бастаған бірқатар жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының сауалдарына жауап беріп, келелі әңгіме өрбітті. Біз кең ауқымды сұхбаттың мазмұнды тұстарын ықшамдап ұсынып отырмыз.

Пандемия жағдайындағы экономикалық ахуал, дағдарысқа қарсы іс-шаралар және локдаун

Пандемия басталғалы бері біз дағдарысқа қарсы экономиканы қалпына келтіру іс-шараларының 3 топтамасын қабылдадық. Биыл ел экономикасы тұрақты түрде өсуде. 10 айдың көрсеткіші бойынша экономикамыз 3,5%-ға артты. Оның негізгі драйверлері саналатын өңдеу өнеркәсібінде – 5,3%, құрылыс саласында – 7,6% және пандемияға байланысты шектеулерге қарамастан қызмет көрсету саласында 3,4% өсім тіркелді.

Сонымен қатар шетел инвес­тицияларының көлемі 6 айдағы көрсеткіш бойынша 30,4%-ға артты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Сонымен бірге тауар айналымының көлемі, әсіресе экспорт 20%-ға өсті. Соның ішінде тауарлардың қайта өңделген көлемі 25,5%-ға артты. Мұны да аса жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Жалпы, шетелдік, халықаралық қаржы институттары биыл ел экономикасы 4%-ға өссе, алдағы жылы 4,5%-ға өседі деп болжам жасап отыр.

Елдегі эпидемиялық ахуал бір­тіндеп жақсарып келеді. Бүгін­де еліміздегі Павлодар және Сол­түс­тік Қазақстан сынды екі-ақ өңір «қызыл» аймақ қатарында.

8 млн 550 мың отан­дасымызға вакцинаның бірінші, 7 млн 800 мың адамға екінші ком­поненті егілді. Осылайша, вакци­наның бірінші компонентін ересектердің 75%-ы, ал екінші компонентті 69%-ы қабылдады. Бұл – ТМД аумағындағы ең жо­ғары көрсеткіш. ПТР тестілеу мәсе­ле­сінде де көш бастап келеміз. Жағдай жіті бақы­лауда.

Бұл ретте біз екпе егілетін азаматтар санатын кеңейткенімізді де айта кеткім келеді. Тиісінше, бала емізетін және жүкті әйелдерге, 12-18 жас аралығындағы мектеп оқушыларына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған Pfizer вакцинасы салынады. Вакцинаның алғашқы топтамасы аймақтарға жеткізіліп, екпе жұмыстары басталып кетті. Қазір инфекциялық ауруханалардың жүктемесі – 30%-ға, реанимациялық орын жүктемесі 27%-ға жеңілдеді. Еліміздегі денсаулық сақтау жүйесі өзіне артылған міндетті абыроймен атқарып жатыр деуге толық негіз бар. Өздеріңіз білетіндей, індеттің жаңа толқыны Еуропаның кей мемлекетіне қиын соғып жатыр. Олардың қатарында көршілес мемлекеттер де бар. Бұл ретте, еліміздің денсаулық сақтау жүйесі пандемияның қандай да бір жаңа толқынына сақадай сай деуге болады. Ең бастысы, елдегі жағдай тұрақты.

 Қымбатшылық және инфляция

Елде инфляция жоғарылағаны анық байқалып отыр. Алайда бұл – жалғыз Қазақстанда ғана емес, жаһандық нарықта қалыптасып жатқан жағдай. Мәселен, БҰҰ мәліметінше, азық-түлік инфля­циясының индексі 30,1%-ды құрайды. Бұл – кейінгі 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Көршілес Ресейде 8,1%-ға жетті. Мұндай жағдай АҚШ-та да, Еуропада да орнап отыр. Әрине, біз де жаһандық экономиканың бір бөлігіміз. Сон­дықтан инфляция елімізді сырт айналып өтпейтіні анық. Бүгін­де Қазақстандағы инфляция деңгейі 8,9%-ды құрайды. Соған қарамастан, қабылданып жатқан іс-шаралар нәтижесінде жағдайды тұрақтандыра алдық деген сенім бар. Азық-түлік инфляциясының индексі төмендеді. Мемлекет басшысы алдымызға 8,5%-дың дәлізіне кіру жөнінде міндет қойған болатын. Бүгінде біз осы мәселені шешу жолдарын қарастырып жатырмыз.

Осы мақсатта біз аймақтармен тікелей жұмыс істеп келеміз. Мәселен, еліміздің бір өңірінде өндірілетін тауар нақ осы тауар түрі өндірілмейтін өзге өңірлерді қамтуға тиіс. Мұндай жұмыс елі­міздің барлық аймағында жүріп жатыр. Яғни тауар ағынын бас­қару үрдісі қалыптасты. Біздің мақ­сатымыз – сауда үстемелерін 10%-ға төмендету, тауардың қым­бат­тауына жол бермеу. Әсіресе әлеу­меттік маңызы бар тауар түр­лерін жіті бақылап отырмыз. Ке­йінгі екі аптада әлеуметтік маңы­зы бар азық-түлік бағасының қым­бат­тамағаны – қабылданып жатқан іс-шаралар жемісі.

 Халықты жұмыспен қамту

Жұмыспен қамту – әлеуметтік маңызы жоғары мәселе. Бұған Үкімет айрықша назар аударады.  Әзірленген Ұлттық жобалар бо­йынша 5 жыл ішінде 2 млн жұмыс орны құрылуға тиіс. Осындай жос­парымыз бар. Бұл мәселені тұрақ­ты бақылауда ұстаймыз. Қазір еліміздегі жұмыссыздық дең­гейі 4,9%-ды құрап отыр. Биыл 1,2 млн отандасымыз жұмысқа орна­ласуға жәрдемдесу шараларымен қамтылады. Соның ішінде «Ең­бек», «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы», «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары бар. Осы бағдар­ламалар арқылы жоспарға сәй­кес 1,2 млн азаматты жұмыспен қам­тып, жұмыссыздық деңгейін 4,9%-да сақтап қаламыз деген үміттеміз.

 Көлік, транзит салаларындағы әлеует қандай?

Мұхитқа шығуға мүмкіндігі жоқ мемлекет ретінде транзит-көлік саласы Қазақстан үшін аса маңызды. Соған сай тиісті теміржол, автокөлік инфрақұрылымдары дамуда. Бұл бағыттағы жұмыстардың бәрі қазір өз нәтижесін беруде. Есімде, 2011 жылы  Қазақстан арқылы 1,5 мың контейнер өтетін. Ал қазір көрсеткіш 1 млн контейнерге жетіп отыр. Пандемия тығырыққа тіреген 2020, 2021 жылдары да Қазақстан – Ресей, Қазақстан – Қытай бағытымен Еуропаға шығатын контейнер  тасымалының 40 пайызға өскенін көріп отырмыз. Бұл – Қазақстан өзінің географиялық тұрғыдан тиімді орналасқанын оңтайлы пайдаланып отыр деген сөз. Біз жерүсті тасымалымен-ақ бәсекеге қабілетті болып отырмыз. Жоғарыда атап өткен көрсеткіштер – осыған дәлел.

Әлем елдерінің барлығы тран­зит үшін күресуде. Еуразия жүре­гінде, екі үлкен мемлекет – Қытай мен Ресей ірі нарықтарының ортасында орналасқан Қазақстан бұл күресте өзіне тиімді модельді тапты деп толық айта аламыз. Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкімет алдына қойған іргелі міндеттерінің бірі осы еді. Бұл жұмыстарды одан әрі жалғастыра береміз.

 Ауыл шаруашылығы туралы

Біз бірінші кезекте пандемия мен дағдарысты ескере отырып, азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше назар аудардық. Одан кейінгі ауқымды міндет – экспорттық әлеуетті арттыру. Екеуі де бір-бірімен тікелей байланысты. Қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақтандыруда тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл топқа 29 азық-түлік түрі жатады. Оның 11-і бойынша ішкі нарық толықтай қамтамасыз етілген. 12-сі бойынша қамтылу көрсеткіші 80 пайызды, 6-ы бо­йынша 50 пайызды құрап отыр. Бұлар – құс еті, шұжық өнімдері, қант, балық, сүт өнімдері (ірімшік, сүзбе) және алма. Мәселен, ішкі нарықтың қантпен қамтылу көрсеткіші 31 пайызға тең. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аталған алты тауар түрінің қамтылу көрсеткішін кем дегенде 80 пайызға жеткізуіміз керек. Сонда азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мәселені толық шешеміз. Ол үшін әрбір тауар тобына қатысты нақты жоспар құрылғанын атап өткім келеді. Яғни біз жыл сайын тиісті міндеттерге қол жеткізуіміз керек. Әрбір тауар тобына қатысты нақты жоспар бар.

Экспорттық әлеуетті дамыту да – маңызды бағыт. Бұл бағыттағы мүмкіндік мол. 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығы тауарларының экспортын екі есе ұлғайту міндеті тұр. Яғни қазіргі 3 млрд доллардан 6 млрд долларға жеткізу керек.

 Энергетика, жаңғырмалы энергия көздерін дамыту мәселелері

Соңғы жылдары бұл салада профицит байқалды. Яғни біздегі электр энергиясын өндіру көлемі тұтыну көлемінен асып түсті. Биыл тұтыну көлемі орташа есеппен 8 пайызға өсті. Аталған өсім экономиканың өсімімен, цифрлы технологиялардың дамуымен байланысты. Сондықтан белгілі бір мерзімде дефицит пайда болды. Жуырда Жамбыл облысындағы ГРЭС-те болдым, әріптестеріміз Екі­бастұз ГРЭС-і бойынша жұ­мыстар жүргізді. Жөндеу жұмыс­тарынан кейін электр стансалары қосымша 2 мың МВт-дан астам электр энергиясы өндіретін болады. Бұл қалыптасқан түбегейлі мәселені шешуге жеткілікті. Ендігі жерде Қазақстанда электр энергиясымен қамтуға қатысты ешқандай мәселе болмайды.

Экономика дамып жатыр. Сондықтан энергетика саласын да одан әрі дамыту маңызды. Ол үшін тиісті жоспар түзілді. 2030 жылға қарай кем дегенде 15 мың МВт жаңа қуатқа ие болуымыз керек. Бұған жаңартылған энергия көздері де кіреді. Су, жел, күн электр стансаларының, газ генера­циясының жұмысы осында толық қамтылған. Яғни алдағы он жылда өндірілетін энергия көздерін екі есе ұлғайтуға тиіспіз.

 Білім беру, медициналық инфрақұрылымды жақсарту мәселелері

Расында да, денсаулық сақ­тау және білім беру салаларын жаң­ғыртудың маңызы зор. Бұл жерде демографиялық процестерді естен шығаруға болмайды. Мә­селен, бүгінде елімізде 400 мың­ға жуық 1-сынып оқушысы бар. Ал түлектердің саны шама­мен 180 мыңға жуықтайды. Яғни соңғы он жылда елдегі туу көрсеткіші екі есе өсті. Тиісінше, оқу орындарының санына деген қажеттілік те өзгеріп отыра­ды. Сондықтан мектептердің жетіс­пеушілігіне, үш ауысымды мектеп­тердің үлесін азайтуға барынша мән беріп отырмыз. Бұл ретте алдағы 5 жылда 1 мың мектеп салу керек. Жыл сайын 200 мектептен салынуға тиіс. Сонда ғана аталған мәселелер шешімін табады.

Әрине, білімнің сапасын да естен шығаруға болмайды. Бүгінде мұғалім мамандығының беделі артты. Бұған жалақының айтарлықтай көтерілуі де түрткі болды. Мәселен, қазір педагог мамандығына оқуға түсу үшін ҰБТ-да 100-ден жоғары ұпай жинау керек. Бұрын шамамен 60 ұпай жеткілікті болатын.

Медицина саласына келер болсақ, пандемия жағдайында ел аумағында аз ғана уақыттың ішінде 18 аурухана салынды. Пандемия кезіндегі негізгі жүктеме де соларға түсті. Бұлардың бәрі заманауи үлгіде салынған. Дәрігерлерге де жақсы жағдай жасалған. Жоспарға сәйкес Қазақстанда заманауи 20 госпиталь салынбақ. Біз бұл тұрғыда маңызды қадамдар жасаған Түркияның тәжірибесін зерделеп көрдік. Бүгінде Түркия моделіне сәйкес мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында бірнеше госпиталь салынуда. Бұл міндетті орындау арқылы біз алдағы уақыттағы орын алуы мүмкін қиындықтарға сақадай сай боламыз.

Отандық туризмнің даму әлеуеті жоғары

Әлемдік деңгейдегі туристік өнімді ұсыну оңай емес. Біз бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс жүр­гізіп жатырмыз. Маңғыстаудың, Түркістанның туристік әлеуеті жо­ғары. Елбасы шешімімен облыс орталығы Түркістанға көшіріліп, қыруар шаруа тындырылғанына ел куә. Мұндағы сакральды орындар туристерді қызықтыратыны анық. Сондықтан кесенелерден бөлек, жұртты қызықтыратын дүниелер болуы қажет. Біз осы істі соңына дейін жеткізуіміз керек.

Табиғи парктерді коммерция­ландыру да маңызды бағыттың бірі. Өкінішке қарай табиғи парк­тердегі инфрақұрылым ақсап тұр. Бүгінде Алтын-Емел, Шарын, Көлсай, Іле Алатауы секілді табиғи орын­дарға қатысты нақты жоспар­лар бекітілген. Кез келген турист бұл жерлерден жоғары сапалы қызмет алатын болады. Щучинск-Бурабай курорттық аймағының да әлеуеті мол. Жоспар түзілген, инвес­­торлар пулы әзір. Қолға алынған жұмыстар ойдағы­дай аяқ­талса, екі-үш жылда Қазақ­стан­ның туристік келбеті мүлдем өзге­реді. 2020 жылы туризм сала­сына бағытталған инвестиция 600 млрд теңгеден астам соманы құ­рады. Бұрын-соңды мұндай көрсеткіш болған емес.

 Экологияны жақсарту – 
басым бағыт

Еліміз Париж келісіміне қо­сыл­ғандықтан, 2030 жылға қарай зиянды қалдықтардың көлемін 15%-ға қысқартуға байланысты міндеттеме алды. Қазақстан бұл міндеттемені орындауға мүдделі. Демек жаңғырмалы энергия көз­дерінен өндірілетін қуат кө­лемін 5 есеге арттыруымыз қажет. Яғни күн, жел энергетикасы мен гид­ростансалардан алынатын энер­гияның көлемін 5 есеге көбейтіп, жалпы өндірілетін электр энергиясы жүйесінде оның үлесін 15%-ға дейін ұлғайту керек. Жалпы, өндірілетін электр энергиясының көлемінде көмірдің үлесін 40%-ға төмендетуді көздеп отырмыз. Қазір оның көлемі 70%. Демек өндірілетін электр энергиясының деңгейін екі есеге азайтуымызға тура келеді.

Сондай-ақ Мемлекет бас­шы­сының 2 млрд ағаш отырғызып, ор­­манды алқаптарды ұлғайту тап­­сырмасын орындау есебінен кө­мір­­тегінің көлемін азайтамыз деп жос­парлап отырмыз. Былтыр Кли­мат жөніндегі саммитте Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміз 2060 жыл­­ға қарай көміртегінен толы­ғы­­мен арылуды көздеп отырғанын жет­­кізген еді. Осыған қатысты ар­­найы ұлттық стратегия қолға алын­­­ғанын айта кету керек. Қазір­дің өзінде бұл бағытта бірқатар жұ­­­мыс атқарылып жатыр. Тұрмыс­тық қалдықты өңдейтін бірне­ше за­­уыт­тың құрылысына байла­ныс­ты жо­балардың іске асуы да рес­пуб­­ли­кадағы экологияға оң әсер етуге тиіс.

 Көршілермен сауда-саттық ұлғая береді

Соңғы 8 айда Ресеймен арадағы сауда-саттықтың көлемі шамамен 27%-ға артқаны байқалып отыр. Биыл елдеріміз арасындағы та­уар айналымы 20 млрд доллардан асатынына сенімдіміз. Бұдан басқа тікелей шетелдік инвестицияның көлемі ресейлік капиталдың тарапынан 20%-ға ұлғайғанын атап өткен жөн. Өндірістік кооперация аясында екі елдің бірлескен жобасы көп.

Тұжырып айтсақ, көршілес елдермен жақсы достастық қа­рым-қатынас жолға қойылған. Көпжақты әріптестіктің оң нәтижесі көп. Қытай мемлекетімен де 20 млрд доллар көлемінде тауар ай­налымы қалыптасуда. Өзбек­станмен тауар айналымы 4 млрд долларға жетуге тиіс. Еуро­палық одақ ел­дерімен де сауда-эко­но­микалық ба­ғы­тта байланыстар ор­натылып жатыр. Десе де негізгі сауда әріп­тестерімізбен арада­ғы интегра­циялық үдерістерге ба­сым­дық беріледі.

 Сапалы серпіліс
кезеңі

Тарихи өлшем бойынша 30 жыл кез келген мемлекет үшін көп те, аз да уақыт емес. Бірақ осы аралықта Қазақстан сапалы серпіліс жасай білді. 30 жылда еліміз ІЖӨ-сі 17 есеге өсіп, тартылған инвестиция шамамен 400 млрд долларға жетті. Тауар айналымы орташа есеппен жарты млрд доллардан 100 млрд долларға дейін ұлғайды. Мыңнан аса кәсіпорын құрылып, 100-ден артық жаңа өнім түрін шығару ісі меңгерілді. Жаңа астана салынып, өңірлердің дамуына тың серпін берді. Осындай негізі берік заманауи Қазақстанды құруда Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орны айрықша. Нұрсұлтан Әбішұлының қажырлы еңбегі мен дипломатиялық көре­генділігі өз жемісін беріп, тұрақты мемлекетіміздің қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Елбасының бастамасымен іске асырылған бірнеше жобаның куәгері болып, оны көру бақыты бұйырды. Мемлекет дамуының жаңа ке­зеңінде Нұрсұлтан Әбішұлы саяси сабақтастықты үзбеу мақсатында елді басқару тізгінін Қасым-Жомарт Кемелұлына тапсырды. Осылайша, Қазақстан өз бағдарынан ауытқыған жоқ. Енді егемен еліміздің алдында жаңа мақсаттар мен міндеттер тұр. Бүгінде Қазақстанды дамытуға арналған стратегиялық жоспарлар Мемлекет басшысының бастамасымен табысты жүзеге асырылып келеді. Түйіндей келгенде, Қасым-Жомарт Кемелұлымен бірге тәуелсіз мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып, өркениетті елдер қатарынан өз орнымызды алатынымызға шүбә келтірмейміз.

 

Дархан Қыдырәлі,

Владимир Курятов

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button