Мәдениет

Қарағандыда ядролық полигонның жабылуының 30 жылдығына орай Кәріпбек Күйіковтің көрмесі ашылды

0
(0)

Белгілі суретші, антиядролық қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіков Семей полигоны жабылуының 30 жылдығына арналған көрме ұсынды. Экспозиция Қарағандының Достық үйінде ашылды, деп хабарлайды newsroom.kz. порталы.

– Мен өз шығармаларымда жан айқайын бейнеледім. Себебі, мен және менің ата-анам – ядролық сынақтардың тірі куәгерлеріміз. Мен туып-өскен Егіндібұлақ ауылы полигоннан жүз шақырым жерде орналасқан. Бала кезімде ата-анамның Семейге жиі барғаны есімде. Содан кейін олар көбінесе дала арқылы өтетін жолды қысқартып, қиып өтетін. Әрине, мұның бәрі бізге әсер етті, – дейді Кәріпбек Күйіков. – Өзімнің суреттерім арқылы адамдарға ядролық қарудың қауіптілігі туралы жеткізгім келеді. Елестетіп көріңізші, егер ол террористердің қолына түссе не болады? Сондықтан антиядролық қозғалыс – бұл менің бүкіл өмірім.

Достық үйінде қоғам қайраткерлерінің, ғалымдардың, этноұйымдар мен «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділерінің қатысуымен онлайн режимінде «Ядролық қарусыз Қазақстан – бейбітшілік пен келісім елі» атты дөңгелек үстел өтті. Кездесуді облыстың ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды.

– Биыл біз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеміз. Бұл күн Семей полигонындағы ядролық сынақтардан бас тартудың 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. 1991 жылғы 29 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сансыз азап шеккен ядролық жарылыстарды тоқтатып, бейбітсүйгіш ел ретінде бүкіл әлемге Тәуелсіз Қазақстан Республикасын паш етті, – деп атап өтті Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын. – Атом бомбаларының жарылыстарынан кейін қандай қайғылы жағдай болғанын бәріміз есте ұстауымыз керек. Ядролық сынақтар Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарында көрініс тапты. Жарылыстардың салдарынан біздің миллиондаған азаматтарымыз зардап шекті, ал радиоактивті жауын-шашын флора мен фаунаны жойды. Мұның бәрін ұмытпау керек.

29 тамыз – қазақстандықтар үшін ғана емес, бүкіл әлемдік антиядролық қоғамдастық үшін де ерекше күн. Естеріңізге сала кетейік, Семей полигонында алғашқы сынақ 1949 жылдың 29 тамызында өткізілді. Ал 42 жылдан кейін сол күні полигон Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ресми түрде жабылды. 2010 жылдан бастап 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде атап өтіледі.

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button