Мәдениет/Тарих

Дуана таратқан індет

4.4
(12)

1960 жылдардың ортасына таман Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде басталған тырысқақ індеті Филиппин, Индонезия, Пакистан, Корея, Вьетнамнан соң Иран мен Ауғанстанға тарап, КСРО шекарасына таяп қалды…

Алғашында «шекарамыз тасқамал» деп, КСРО басшылығы оған мән бере қоймады.
1965 ж. Өзбекстанның оңтүстігінде қолға түскен ауғандық есірткі сатушылардың бірінен тырысқақ індетінің белгілері байқалған соң ғана КСРО басшылығы қимылдай бастады.

Сол жылы жаздың басында КСРО Денсаулық министрлігі бірнеше эпидемиолог ғалымды Ауғанстанға іссапарға аттандырды. Іштері өтіп ауырған сырқаттарға «Ішің ауырса аузыңды тый», «Жеміс-жидекті жуып же» деген секілді кеңес беріп, дезинфекция үшін деп өздерімен ала барған спирттерін ішіп, тауысып қайтады. Оның үстіне Ауғанстанда індет зерттейтін арнайы зертхана да жоқ еді.

Олар келіп есеп тапсырғанда Ауғанстандағы індетті кәдімгі «диарея» деп көрсетті.

Тамыз айының басында Қарақалпақстанға Алматыдағы Орта Азия обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтынан іссапарға келген В.Семиотрочев деген ғалым келіп дабыл қаққанша, кеңестік бюрократтық аппарат керіліп-созылып жүре берер еді.

Мойнақ қаласының жанындағы Арал теңізіне тиіп тұрған Қазақ-дария ауылының фельдшерлік пунктіне әлдебір шаруамен кірген В.Семиотрочев сол жерде бұралып жатқан науқасты көреді. Оған жергілікті фельдшер «Ішің ауырса аузыңды тый», «Жеміс-жидекті жуып же» деген секілді кеңестерін үйіп-төгіп беріп жатыр екен. Науқастың қиналып жатқанын көрген ғалым оны тексеріп, әлгі пунктте бар жалғыз дәрі тетрациклинді егіп, сұрастыра бастайды. Сөйтсе 2-3 күн бұрын іші өтіп, құсып ауылдың имамы қайтыс болған екен. Артынан оны қараған қызы қайтыс болыпты. Бірақ оған Алланың ісі» деп ешкім назар аудармаған.

В.Семиотрочев әлгі ауылда амалсыз кідіруге мәжбүр болады. Сөйтіп жүргенде оған Арал балықшыларына қайықпен жүріп нан тарататын наубайхана қызметкері ауырып келеді…

Ауыл тұрғындарын тағы сұрастырса содан біраз күн бұрын ел аралап жүрген бір дуана ауыл имамына дем салдырған екен. Қайтыс болған молданың қайтыс болған қызының ері жергілікті наубайхананың меңгерушісі екен. Меңгерушінің әйелі ауырғанда наубайхана қызметкерлері кезектесіп оны қараған.

Қазақ-дариядағы жағдай жәй диарея емес екені ғалымға белгілі болады.
Ол «Ауыл тұрғындарынан тырысқақтың белгілері байқалады» деп, Алматыдағы өз басшыларына телеграмма жібереді.

Мәскеудің пәрменімен 6 тамыз күні Нөкіс қаласына Ташкенттен Өзбекстан Компартиясы ОК мүшесі М.Мұсаханов, вице-премьер В..Азимов, Республикалық КГБ төрағасы С.И.Киселев, Өзбекстан Денсаулық министрі Б.Мағзұмов, Санитарлық-гигиеналық институттың директоры А.Захидов, Өзбекстан Денсаулық министрінің кеңесшісі профессор И.Мұсабаев бастаған делегация келді.

Республикаға белгілі инфекционист дәрігер, профессор И.Мұсабаев ауруханаларды аралап көріп, «Тырысқақ» деген шешімге келеді.

8 тамыз күні Нөкіске КСРО Денсаулық министрінің орынбасары А.И.Бурназян, академиктер З.В.Ермольев пен Н.Н.Жуков-Вережников жетеді.

Сонымен Мойнақ ауданына шектес бірнеше аудан, Қарақалпақстанмен шекаралас Хорезм облысының бірнеше ауданы карантинге жабылып, Кеңес Армиясының 9 мың жауынгері күре жолдарды ғана емес, құм ішіндегі соқпақтарды да қатаң бақылауға алады…

Бірнеше айдан соң індет ошағы жойылады да кінәлілерді іздеу басталады.

Алғаш дабыл қаққан Семиотрочевтің үстінен «Дәрігер болмаса да, ауыл тұрғындарына укол салды. Оның үстіне кейбір сырқаттарды ақшаға емдеді» деген домалақ арыз түседі. Бірақ тергеушілер оны дәлелдей алмайды.

Сосын көктемде Ауғанстанмен шекаралас Сұрхандария облысында мақталықтарына дәрі сепкен Нөкіс Азаматтық авиация бөлімшесінің ұшқыштары тергеуге алынып, бастары дауға шатылады…

Сол індеттен қанша адам қайтыс болғаны әлі мемлекеттік құпия..

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 4.4 / 5. Бағалар саны: 12

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:
Tags

Тағы да

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll Up
Close