28 панфиловшы ерлігі – қып-қызыл өтірік!

 928 

«Жеңіс күні» – тойлайтын емес, еске алып,дұға бағыштайтын күн.

Мына масқараны қараңыз: Қазақстандағы білім басқармалары енді «Жеңіс күні» дегенді балабақшалардағы аузынан емшек сүті кеппеген сәбилерімізге де тойлатпақшы. Балалар сол «»жеңіс тақырыбына» арнап суреттер салуға, тақпақтар айтып, т.б.іс-шараларға қатысуы керек болыпты. Осыған қарап-ақ, өз басым мына билік қазақты білдірмей Ресейдің қоластына кіргізіп қойғанын да байқамай қалдық па деп қорқамын.Иә, дүнияда өзіңмен көрші тұрған ел сенің жер-суыңды, қазына-байлығыңды өзінің әкесінен қалған қыруар байлығындай иемденіп алғанымен қоймай, беліңнен шыққан ұрпағыңды да ненің оң, ненің теріс екеніне ой жүгіртпейтін және ол қандай арамзалық үгіт, уағыз айтса соның бәріне сенетін, өзінің тілінен гөрі сол қожайынының тілінде тәуірлеу сөйлейтін, сол не айтса соны қайталайтын мәңгүртке айналдырғаны қасірет екен.

Осыдан біраз жыл бұрын ҚазҰУ бітірген бір жиенім маған: «Сен ұлтшылсың! Ұлтшыл боламын деп ана Гитлер,Наполеон, Шыңғыс хан не болды? Сен ұлтшылдығыңды қоймасаң Гитлер не Наполеонға ұқсап құрып кетесің. Әлде де ойлан!» деп жер-жебіріме жетті. Ойнап айтып тұр ма деп бетіне қарасам, ондайдың ізі де жоқ. Керісінше, мені Гитлер, Наполеон, әлде Шыңғыс хан болып кететіндей маған үлкен бір аянышпен қарайды. Өмірімде бұлай ұзақ күлмеген шығармын, ішегім түйіліп барады, күлкімді тыяйын десем де тыя алар емеспін. Ішегім үзіліп бара жатқандай, қорқа бастадым. Ананың бетіне қараймын да күлем, қараймын да күлемін. Уh деп тоқтадым-ау, әйтеуір. Есімді жинаған соң есімі елге мәшһүр бір ойшылдың сөзі ойыма орала кетті. «Өзінің құл екенін білетін, бірақ сол құлдықтан құтылуға әрекет жасамай ішкен-жегеніне мәз құл – нағыз құл. Ал өзінің құл екенін білетін және сол құлдықтан құтылуға қолдан келгенше харекет жасайтын құлды құл деуге болмайды. Ол нағыз адам депті». Сол ойшыл осы сөзін тек әлгі жиеніме емес, осы күнгі қазақ атаулының көбіне арнағандай көрінеді де тұрады.

Ойлап көріңізші, Құдай кешірсін, үш ғасырдай патшалық та, Кеңестік те Ресей улап тастаған құлдық санамнан арылайын деген ой көп қазақтың басына әлі де кіріп-шықпайтыны көрініп-ақ тұрған жоқ па?! Сөйте тұра, сол қазекең дінін де, тілін де, салт-дәстүрі мен ұлттық тәрбиесін де «мұртын шақпай» сақтап отырған көршілес өзбек, әзірбайжан, түркімен тақылеттес ұлттардан өзін озық санайтынын қайтерсің?! Әсіресе, Ресейдің әлі де жүргізіп келе жатқан империяшыл саясатының дем беруімен «Жеңіс күні» деп аталатын (9-Мамырдағы) мейрам-сымағын көршілес елдер Қазақстанға ұқсап мемлекеттік деңгейде тойламайтынын, соғыста шаһид болған әкелері мен аталарына күңіреніп отырып тек дұға бағыштайтынын айтып мақала жазғаным үшін кейбір қазақтар әлеуметтік желіде (әсіресе «Абай kz» те) мені түтіп жей жаздады. Бір жақсы жері, сол байғұстар шын аты-жөнін айтуға да батылы жетпейді,бүркеншік есіммен жазады. Қашанда орыс не істесе соны істеп, орыс не айтса соны қайталау қанына сіңген қазақтар сол «Жеңіс күні! дегенді Георгий лентасын омырауына да, астындағы несиеге алған төрт доңғалақты көлігіне де желбіретіп тағып, екі танауын желпілдетіп кеп тойлап жүргеніне қарап сол байғұстарға күлкің де келеді екен. Ондайда ол қазаққа бірнәрсе деп көр.

Ал қазақпен бауырлас, діндес ұлттарды былай қойғанда латыш, литва, эстон, молдавандар,ешбір Еуропа мемлекеті де, орыспен кіндігі бір дерлік украин да бұл күнді мейрамдамақ түгіл жоқтау айтып, күңірене еске алады. Иә, бұлар да, әлгі түркі тектес бауырлас көрші ұлттар да біздің әкелеріміз бен аталарымыз ол соғысқа өз еркімен құлшынып барған жоқ, оларды еріксіз қойша қаптатып қанды қырғынның ортасына апарып салды дейді. Шынында да КСРО құрамындағы сол кездегі республикалардың ешқайсысы да Ресейге өз еркімен қосылған жоқ. Олардың әрқайсысы патшалық және Кеңестік Ресей күшпен басып алғанға шейін өз алдына ел болып отырған еді. Сондықтанда әр республика азаматының бір ғана өз Отаны болды. Ортақ Отан деген сөз ешқандай ұғымға да, қисынға да симайды дейді сол көршілес республиканың көзі ашық тұлғалары.

Мәскеу «Ұлы Отан соғысы» (олар 1812 жылғы Наполеонмен соғысты да Отан соғысы деп атайды) деп ат қойған соғысқа шейін қазақтың Ресейден көрмеген қорлығы жоқ. Оның бәрін тізсең, осы басқыншы елдің жауыздығынан тұла-бойың түршігеді. «Аға ұлттың» «чурка», «баран», «зверь», «дикарь», «калбиты» тағы басқа да кемсіткен сөздерін, қорлық-зорлықтарын айтпағанда Кеңес Үкіметі енді орнап жатқан кездің өзінде-ақ біресе ақтар, біресе қызылдар қазақ ауылдарын кезекпен шауып, кезекпен қырып, еркегін қорлап, қыздарын зорлағанын, қазақтың ауқатты, дәулеттілерін жер аударып, түрмеге қамауларын, жалғыз күнкөріс көзі малын тартып алып, халық жауы деп ату-асу, қайта-қайта әдейі ашаршылықтар ұйымдастыруларын айтсаң да осы күнгі көп қазақтың ұлттық намысын ояту мүмкін еместей көрінеді. Сосын әлгі ойшылдың нағыз құл туралы айтқаны тағы да есіңе түскенде сол жарықтық бүгінгі қазекемнің қанына сіңіп кеткен құлмінезін айтқандай көрінеді де тұрады.

Құлмінез демегенде не дейсің, орысқа тілі де, діні де бізден жақынырақ поляк, украин, латыштар Ресейдің басқыншы оккупант әскерлері десе, қазақтар әлі де айбынды Совет әскерлері дейді. Ондайлар әкелеріміз бен аталарымыз бұл қырғынға өз еркімен емес, ет комбинатына айдап апарған қойша айдалып барғанын да біледі. Кезінде біз оқыған талай ерліктердің өтірік, ойдан шығарылғаны ашылып жатқалы да біраз болды. Мысалы, 70 жыл бойы 28-панфиловшылардың ерлігі деп жас ұрпағымыздың миын улап келген «ерліктің» қып-қызыл өтірік екенін соны ойлап тапқан журналист Александр Кривицкийдің өзі ресми түрде мәлімдесе де, бүгінгі көп қазақ баяғы қисайған басын бері бұрғысы келмейді. Өйтсе, орыс «братанынан» айрылып қалатындай көреді.

Сол соғыс кезінде өтірікті судай сапыратын ең өтірікші «Красная звезда» деген газет болды. Сол газеттің әдеби хатшысы болған А.Кривицкий кейін 1942 жылдың 22 шілдесі күні 28 панфиловшы сарбаз Дубосеково разъезі түбінде немістің көп танкісі мен қыруар сарбазына қарсы ерлік көрсетті деген ертек мақаланы өзі ойдан шығарып жазғанын мәлімдеді баспасөз бетінде.

Ол осы мақаласында ол кезде жұртшылықты да, шайқасып жатқан сарбаздарды да рухтандыру үшін мұндай өтірік ерліктер туралы өтірік мақалалар күн сайын жарияланып тұрғанын да айтып өтті. Ол ол ма кейін КСРО әскери прокуратурасы 1948 жылы сол шайқасқа қатысыпты деген Иван Добробабин дегеннің ісін тексеру кезінде бұл ойдан шығарылған өтірік екені дәлелденгені КСРО-ның орталық газеттерінде жарияланды. Ұлы Отан соғысы деген сөздің аржағында СССР дегеніміз орыстың Отаны, яғни, бұл Ресей деген ызғарлы мегзеу жатқанын мынадан-ақ аңғаруға болады: Сол Кривицкийдің мақаласында саяси жетекші (политрук) орыс Клочков «Россия кең-байтақ, бірақ шегінерге жол жоқ. Артымызда Москва!» деп ұран тастайды. Бұл сөздің аржағында орыс ұлтшылдығының, орыс шовинизмінің исі мүңкіп тұрғанын «Жеңіс күні» деп айтаққа ілесіп тұра шабатын қазақтардан басқа ұлттар баяғыда-ақ түсінген. Әйтпесе, өзінің бұл мақаласы ойдан шығарған өтірік екенін мәлімдеп отырған журналист А.Кривицкий неге сол Клочковтың аузына тек Ресей және Москва деген сөздерді ғана салған? Соғыс аяқталғасын да Мәскеудегі алтын жағалы орыстар – Кремльде Жеңісті «обмывать» етіп арақ ішіп жатқанда неге тек «За великий русский народ!», «За русское оружие!» деп стакандарын көкке көтеріп шуылдады дейсіз?

Бәріміз бірігіп жеңдік, әзірбайжан, қазақ, өзбек, татар, қырғыз, башқұрт, түркімен, тәжік, авар, қарашай достарымыз болмаса жеңе алмас едік деген бір ауыз сөз сол 75 жылдан бері бір айтылмайтыны несі? Бүгінде өздерін көп оқыған деп санайтын қазақтар осыны неге айтпайды? Қашанда өзге елдерді басып алып, өзге халықтарды қанап-тонауды ата-кәсібіне айналдырып алған Ресей қарудың күшімен де, тоқсан түрлі амал-айла, қулық-сұмдықпен де сол елдерді уысынан шығармай ұстап отыруға әбден машықтанған. Сол үшін Мәскеу жоқ жерден жалған той-думандар, мейрамдар ойлап таба береді. Қазақстаннан басқа түркітілді республикалар да, орыспен кіндігі бір Украина да, Балтық бойындағы Эстония, Латвия, Литва, Молдовия да сонау 1991 жылы Кеңес өкіметі құласымен ондай той-думандардан бас тартты. Тек Қазақстан ғана 8-ші Март, 1-ші Май, Рождество Христово, Жеңіс күні т.т. даңғыр-дұңғырдан қалмай Мәскеу не істесе соны істеп Ресейдің соңынан қалмай шапқылап келеді. Әлгінде қазақты құлдықтан шыққысы келмейтін жеке пенденің қылығымен салыстырдық. Бірақ сол құлмінезі үшін бүкіл қазақты күстаналау үлкен күнә. Өйткені,Мәскеудің үлкен бір идеологиялық қаруы дерлік бұл өрескел мейрам біздің мемлекет басында отырған бірнеше шонжарға да қажет

Олар Мәскеуді сәл ренжітіп алса, қазаққа 30 жылдан бері жасап келе жатқан бүкіл қиянаты үшін қарабасына күн туа қалса қорғайтын жалғыз қамқоршысы Кремльден айрылып қаламыз деп қорқады. Сондықтан өзінің мойнындағы құлдық қамытын, сол құлдық санасын қитабан қалың қазақтың санасына сіңіріп отыр.

Иә, Кеңес Одағы дегеніміз Ресей империясы еді. Сол империяны сақтап қалу үшін ғасырлар бойы, өздері қорлап-зорлап, қолдан ашаршылық, ату-асулар ұйымдастырып қырып-жойып келген қазақты керек кезінде «Отан үшін», «Москва үшін», «Сталин үшін» дегізіп алдап та, күшпен зорлап та апарып салған қанды қырғынды енді «Жеңіс күні» деп тойлатып қою да онсыз да аңқау қазақтың ұлттық санасын оятпай, бұратола сөндірудің Ресейдің де, қазақбилігінің де үлкен бір тиімді әдісі. Сенбесеңіз қараңыз: егер Нұртоқай билігі:» Бұрынғы КСРО мемлекеттері түгелге жуық 9-шы мамыр күнін мемдеңгейде тойлап жатқан жоқ, сондықтан біз де сөйтеміз» деп көрсінші, қандай күйге душар болар екен. Қасиетті ислам дінінде қантөгісті тойлау өте ауыр күнә. Сондықтан «Жеңіс күні» деп христиан әулиесі Георгийдің сарыала таспасын тағып алып той-тойлаудың орнына бұл күнді еріксіз барып ажал құшқан әкелеріміз бен аталарымызды еске түсіріп «Дұға бағыштау күні» десек әлдеқайда дұрыстау да, әділ де болар еді.

Журнаист,Мырзан Кенжебайдың әлеуметтік желідегі жазбасы

Дереккөз: Abai.kz

Бөлісу:


Және де: