Мәдениет

Білге ақын. Олжас Сүлейменов туралы толғаныс

5
(1)

 

Дүниені дүр сілкіндірген жауынгер жұрттың қазыналы керуенінің қатепті қара нарының қоңырау үнін жаңа заманға кемеңгерлікпен жалғастырған жасампаз тұлғалар Алаштың рухани жаңғыруына тосын бетбұрыс жасап, пассионарлық қуатымен ел жадын серпілтіп оятып, сұңқар дабысымен, тұлпар шабысымен  бодандықтан бостандыққа қарай жігер беріп келген.

Кешегі кіреуке тоң мұзы сірескен тар қапас заманда ағынға қарсы жүзген, жұртын шуақты болашаққа шақырған тарлан ақынның таңғажайып өр үні қазақ қана емес, түгел түркі әлемінің санасында саңқылдап жалғасып жатты. Ол – Шығыс пен Батыстың, Азия мен Еуропа өркениетінің тоғысқан түйілісінен ғарыштық жазира толғаммен жаһандық өркениетке тіл қатқан, ұшқыр қаламына мәдениетаралық үндестіктен қуат алған қазақ халқының дарабоз перзенті, Қазақстанның Еңбек Ері, Түркі дүниесіне қызмет сыйлығының лауреаты, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті түрколог, айбоз ақын Олжас Омарұлы Сүлейменов.

Арқалы ақынның өнерна­малық кеңістігінде Ұлы даланың дүбірлі байтақ тарихы, құман-қыпшақтың бекзат ар-намыс қағидаты, ғұндар мен түркілердің жыраулық жорық сарыны, Білге Тоныкөк пен Гилгамештің, Қорқыт пен Хорхттың, Тұран мен Шумердің, Мысыр мен Бабылдың, славян мен пече­негтердің көне мәдениетінің ұш­қыны, өткеннің інжу-маржан дәстүрін бойына жинақтаған қаһарман қазақ халқының ерлік шежіресі таңғажайып өрнек­тер­мен өріліп, оқырманның түй­сігіне сүйіспеншілік пен пара­сат­тың ұясын салып жатты. Түгел түркінің айбынды рухын шын мәнінде киелі рәмізге айналдырып, жырымен тұңғыш асқақтатқан Алаштың ақтангер ақыны Мағжан Жұмабаев болса, бодандық түнекте үзіліске ұшыраған сол игі дәстүрді отты жырымен лапылдатып жалға­ған ақын Олжас Сүлейменовті қаймана халқы қадір тұтады. Адуынды ақын жырлары ақ қа­ғаз­ға бәдізделген Йолығтегін, Тоныкөк дастанының жарасымды жалғасындай. Айталық, ақын әйгілі «Бөлтіріктер» өлеңінде қансырап жығылған шуланның қан аралас уызын еміп, көзін кек­­пен ашатын көкжалдары ту­­ра­лы айту арқылы қайсар тү­р­­­кі­нің бөрі тотемін санада жаң­­ғыр­­тады. «Құман жырында» «Балатонға барар жолды сіл­те­­сең, о, аруақ айғырымды ерт­тер ем», деп Аттиланың рухына тұс­пал жасап, ағайын жұрт мажар мен қыпшақтың түмен ғасырлық тамырлы байланысына сәуле түсіреді. «Арғымақ» өлеңінде «ойхой, қыпшақ даласының» шашасына шаң жұқпас арғымағы мен сайыпқыран ерлерінің сер­тін буырқанған сезіммен су­рет­тейді. Оның әр өлеңінде, дас­тан­дары мен толғауларында түр­кі ха­лық­тарының көне ерлік тари­хы, Жібек жолы бойындағы құм­ға батқан ежелгі шаһарлар, ғұн­дар мен үйсіндердің, шумер мен қып­шақтардың қышқа қашал­ған шежіре-бітіктері, ежелгі Русь пен Ұлы дала жұртының байырғы байланыстары көркемдікпен мү­сін­деледі. Осылайша, түгел түр­кіге олжа салған Олжас ақын өлең­­дерінде қазіргі заманғы ұр­пақтар­дың бабалардың батыр­лық дәуіріне деген іңкәр са­ғы­ныш-аңсары романтикалық сарында айшықты көрініс табады.

Түмен жұртқа түнек болған тар заманда тыйым салынған түркітануға түрен тарту үшін кенен білім нұрлы ақылмен бірге жылы жүрек пен ыстық қайрат керек екені белгілі. Жойқын жырларымен жанартаудай жарқ еткен текті тұлпардың, ойшыл ақынның бойынан соның бәрі табылды. Сондықтан Түркі рухын жырмен түлет­кен, көкірегі­не «күннен туған, гуннен туған» жыраулардың шұ­ғылалы шапа­ғын түнеткен жампоз ақын­ның «Аз и Я» кітабы әлемдік түркологияда төңкеріс жасап, сананы сілкіндіріп, жас буын­ның өткеніне деген құрметі мен құш­тарлығын оятты. Өктем империя тарапынан қа­пасқа қамалып, тыйым са­лын­ғанымен, даңқы дүниені дүр сілкіндірген аса сирек кітап­тардың қатарынан орын алды. Жапон мен мажар тіліне алдымен аударылып, кейіннен дүйім түркі халықтарының тіл­деріне тәржімаланған еңбек нақақ қиянатқа ұшырағанымен, әйгілі Баку конгресінен кейін жап­пай репрессияға ұшырап ауыр жазаланып, саяси қуғын-сүр­гін­нен көз ашпай, тіліне тұ­сау, қолына бұғау түсіп, әбден мұ­­­қалып, жасып қалған түрко­ло­­­гия ғылымының үміт алауын жақ­ты, жаңа кезеңін бас­тап бер­ді. Ақын бұл кітабында тек түркі әлемінің ғана емес, тұ­тас Азия құрлығының атынан жал­­пақ жаһанға жар сала­ды. «Тау­ларды аласартпай, да­ла­ны асқақтатайық» деп гуманис­тік асқақ ұранды айтып қана қоймай, бұл қағидатын әрбір ісі арқылы дәлелдеген сөз зер­гері әділеттің ақ таңы болып атып, ақи­қат­тың жалған өтірікті жеңуі үшін толағай қажыр-қайратын арнай білді. Адамзаттың түбірлі баба тілі мен өркениеттің түпкі өзегі тамырлас құбылыстарға ие екенін дәйектегенімен, импе­рия­л­ық астам пейіл иелері шам­шыл­дықпен қаламгерге жала жауып, «Аз и Я» кітабын кітап сө­релерінен түгел жинап тәр­кі­леді. Еңбек сол тұста үстем­дік құр­ған еуроцентристік сыңар­жақ көзқарасқа қатты соққы беруімен де оқырманды елең ет­кізді. Әйгілі кітапқа қарсы өре түрегеліп, жазалау науқанын ұйымдастырған дүрбелең оқиға халықтың өктем биліктің шын әл­петін тануына көзін айқара аш­ты, ақынның күрескерлік жі­­герін шарболаттай шыңдап, қай­сар келбетінің қалыптасуына сер­пінді баспалдақ болды. Олжа­бай батырдың жетінші ұрпағы, Жаяу Мұсаның жалғасы болған  Олжас Омарұлының есімі осылайша түркінің ту ұстар рәмізіне айналды.

Кеңес Одағы дәуірінде қу­ғын мен айдаудан, нақақ жала­дан әбден зәресі ұшып, зәтте бол­ғаны сондай, зиялы қауым Отан тарихы, этнология, түрко­ло­гия­мен шұғылданудан жас­қанып тайсақтайтын еді. Рес­ми тарих көшпенділерді қараң­ғы, сауатсыз, жабайы, хан­дық би­лігі ыдыраңқы, мәдениет­ті жа­сап-жаратушы емес, күйрету­ші шапқыншы күш ретінде дәлел­деуге нұсқаулық беретін. Бүгін­де ізі де қалмай көмес­кі­лен­генімен, бұл еліміз бастан кеш­кен тұтас бір дәуірінің шынайы кескін-келбеті, кешегі күннің шындығы еді. Шын мәнінде, «Аз и Я» кітабында ежелгі Русь пен Ұлы дала тек жауласушы емес, өзара мәдениеттерді жалғап, алмасушы арнада жасап келгендігі туралы деректер талданған болатын. Түркі тілдерін тарихи салыстырмалы тұрғыдан па­йым­дап, үнді-еуропалық және басқа да тілдермен арабай­ла­ныстарын анықтауға ерек­ше назар аударып, түркі тіл­дері­нің этимологиясының арғы тегіне барлау жасаған. Мұ­ның өзі кеңестік билік пен әсіре­шо­­винистерге «қауіпті ұлтшыл­дық», «алматылық автор­дың орыс халқына қарсы ба­ғыт­­та­ған ең қатерлі зиянды кі­та­бы» деген үрейлі сын-пікір туғызған. Осындай империялық өктем қысастыққа азаматтық көзқарасынан айнымай қасқайып қарсы тұруы Олжас Омарұлын күрескерлік тегеурінді жолға түбегейлі түсуге алғышарт жа­саған. Қанатын қомдаған қыран ақын ақыры бодандық құлдық пен таптаурын қалыпты күл тал­қан етіп, ұлттың болашақ бақы­ты үшін қалтқысыз қызмет ететін марғасқа қайраткерге айналып, елінің өткен заманға кеткен есе­сін еселеп қайтарды.

Түркологияға, түркі ынты­мақ­тастығына қаламымен ғана емес, әрбір ойлы қадамымен үлес қосқан Олжас Омарұлын Бай­­қалдан Балқанға дейінгі, Ал­­тай­­дан Анадолыға дейінгі аға­йын жұрт өзінің жан бауыры, арқасүйер абызы санайды. Ол – туған жұртының даң­қын күллі адамзат алдында ас­қақ­татқан планетарлық масштабта ой толғайтын дарабоз тұлға. Олжас Омарұлының шы­ғар­машылық мұраты мен өмір­лік жолының алтын өзегі түркі жұртының та­рихи тамырымен, талайлы тағ­дырымен терең қабысып, бі­регей бітімге айналғаны асыл құндылық деуге болады. Ол – түркі халық­та­ры­­­ның саяси-әлеуметтік өмі­рі­нің небір қысылтаяң сын-саға­тын­­да сергек үн қатып, шұ­ғыл қи­мылдап, ақиқатқа араша түсе­тін өр мінезді қайраткер. Әсі­ресе, 1990 жылы қаңтарда Қарабақ оқиғасы тұтанғанда КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты кезінде соғыс өрті өршіген алаңға тікұшақпен барып, ара­ға­йын­дық жасауы, жуықта орын алған қанды қақтығыста Қара­бақтың аумағы Әзербайжан Рес­пуб­ликасына түбегейлі қай­та­ры­лып, БҰҰ қарарына сай әді­лет орнауы керектігі туралы батыл мәлімдеме жасауы ізгі ниетті бейбітсүйгіш адамзат­тың ризашылығын тудырды. Сон­дық­тан әзербайжандық ағайын­дар бүгін Олжас Омарұлын өз­дері­нің батыр бауыры, арқаті­рек азаматы санайды. Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің таяуда арқалы ақынды жоғары мемлекеттік наг­радамен марапаттауы сөзіміздің айғағы бола алады. Ал Анадолыдағы түрік оқырмандарының Сүлейменов шығармаларына деген шексіз құрметіне талай мәрте куә болғанбыз.

Олжас ақын – кеңестік дәуір­де Моңғолияға ат басын тіреп, қасиетті Өтүкен топырағында Білге Тоныкөк ескерткішіне тәу етіп, осы бітіктасты қорғау, сақ­тау, насихаттау туралы баға­лы ой-пікірін құзырлы мекеме­лерге жеткізіп, «Курьер ЮНЕСКО» журналы бетінде дабыл қаққан са­наткер. Бүгіндері Л.Н.Гу­ми­лев атындағы ЕҰУ бас ғима­ра­ты атриумында орналас­қан Күл­тегін ескерткіші көзсүйінер­лік әдепкі көрініс болса, сол мәр­мәр бітіктастың көшірмесін Қазақ­станға алғызу туралы алғаш рет бастама көтерген де Білге ақын – Олжас Сүлейменов еді.

Бүгіндері ақынның аңсаған ар­мандары шындыққа айна­­лып, Олжас Омарұлының өмір­­шең идеялары тәуелсіз түркі мем­лекеттерінде қанат жайып, жас буын ғалымдардың іздені­сіне ұдайы дем беріп, өз кезе­гін­де түркі ынтымақтастық құры­лым­дарына сәуле түсіріп келеді.

Халықаралық Түркі академиясы 2016 жылы 18 мамырда Түркі жазуы күніне орай I Ұлы дала гуманитарлық форумын өт­кізіп, сол күні мерейлі 80 жас­қа толған абыз ақынды алтын ме­далімен марапаттап, оның ғы­лыми шығармашылығын сек­циялық мәжілісте арнайы сараптап, тағылымды іс-шара өткі­зіп, әлем­нің түпкір-түпкірінен кел­­ген білікті мамандардың риза­шы­­лы­ғына бөленген болатын. Сон­да түгел түркінің тегеурінді тұл­ғасы академия ұжымына ақ бата­сын беріп, жас мамандар­дың қа­лып­тасуына ізгі тілегін білдірген еді.

Олжас Сүлейменовтің 1980 жыл­дары ащы күн мен аңыз­ақ желдің өтінде, ашық аспан ас­тында тұрған Тоныкөк кешенін қорғауға алу, сақтау, жаңғырту туралы жария еткен бағалы ой-пі­кірлері бүгіндері де өз маңы­зын жойған жоқ. Бұл орайда Халық­аралық Түркі академиясы өткен жылы ЮНЕСКО аясында Моңғолия Ұлттық му­зейі, Моңғолия ҰҒА-мен ын­ты­мақтастықта Білге Тоныкөк кешенінің 1300 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде салтанат­пен атап өтіп, ескерткішті өр­кениет талаптарына сай қор­ғауға алуға тараптармен пікір алмасты. Осы шараның жемісті жалғасы ретінде Анкарада Білге Тоныкөк паркінің ашылу салтанатын өткізіп, кешеннің ғылыми жаңғыртпасын көрерменнің көзайымы етті. Алдағы уақытта да академия абыз ақынның құнар­лы ғибрат тәлімін жүзеге асырып, буын аралық сабақтас­тықты жалғастыра береді.

Дарабоз дарын иесінің ұш­қыр қаламы қашаннан тарихымыз бен тіліміздің, көне әде­биеті­міз бен мәдениетіміздің кені­шін ақтарып жазудан тыным тап­қан емес. Олжас Омар­ұлы – жа­уап­кершілігі аса жоға­ры қыр­уар мемлекеттік әрі қо­ғам­дық ша­руаларға жегіліп жүр­гені­­мен түркологияның тау­қы­мет­ті, жүгін толағайдай ар­қа­лап келе жатқан халқының дара ту­ған данагөй ұлы. Ол – Қазақ­стан Республикасының Ита­лия­­дағы (Рим) Төтенше және өкі­летті елшісі, Қазақстан Рес­пуб­­ли­касының ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі қызметтерін атқа­рып, дипломатиялық қатынас­тарға өлшеусіз үлес қосуымен бірге әлемдік мәдениетаралық бай­ланыстарға қаламымен алтын дәнекер болған дәуір перзенті. Оған сол кезеңдерде тудырған, тарихтың терең қатпарынан сөз құдіретін сүзіп алатын «Таң­балар тілі», «Тарихқа де­йін­гі түркілер», «Құдайдың кү­лім­сіреуі», «Қиылысқан параллельдер», «Сөз коды» секілді біртуар еңбектері куә. Келесі кезекте оқырман қауым баба түр­кілердің байырғы сөздерінің сырын шешетін «1001 сөз» этимо­логиялық сөздігін ықылас­пен күтіп отыр.

Құман-қыпшақтың жусан иісі жұпардай аңқыған дешті даласынан асау арғымақтай арынымен, тарпаң мінез, бекзат бол­­мысымен, ғарыштық салқар та­­ны­­мымен жалпақ жаһанға саң­қыл­дап үн қатқан тұлпар ақын­ның даңғайыр даңғыл жолы – жас ұр­паққа мәңгі өнеге, Алашқа абы­­рой, ізгі ниетті адамзатқа ор­тақ игі­­ліктің тұма көзі. Жасай бері­­ңіз, түгел түркінің Білге ақыны!

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

Дереккөз:  Egemen Qazaqstan

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button