Мәдениет/Тарих

Абай және жастар мәселесі

4.1
(24)

Материалдық құндықлықтарды жоғары қоятын Батыс әлемінде пайда болған ой –сана біздің елімзде нарықтық қарым-қатынастар орын алған кезеңде халықтың барлық топтарында көрініс алды. Бұл жағдай әсіресе жастардың, отбасылық қатынастардың рухани дағдарысына әкелді.

Елбасы  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында 21 ғасырдағы ұлттық сана туралы « Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды » деп ой тұжырымдайды. Демек «рухани жаңғырудың» елімзідің келешегі жастар үшін қажеттілігі зор.

Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбаев өз шығармаларындағы  жастар философиясы ерекше өзектілікке ие. Көтерген мәселелері мен ой пайымдаулары әлі күнге дейін маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Абай есімі жастарды білім, ғылымға шақырып қана қоймай адамдар арасындағы  махаббат, сенімге ие болу мен  жауапкершілікке тәрбиелеу жалпы  «Сен де бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та, бар қалан!» бағытымен байланысты.        Абай философиясының негізгі мақсат-мүддесі – әр бір пендені  пенделік жолдан құтқарып, адам ету болатын болса, жастардың ұлы хәкімнен алары мол, әр бір сөзі – бүкіл өміріне азық.

Ұлы ойшылдың пікірінше адамның кісі ретінде қалыптасуында орта және тәрбие өте үлкен рөл атқарады. Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық» деп ойын түйіндеді. Абай адамның жақсы не жаман болуы құдайдан емес, тәрбиеден деп есептейді. Жетінші  қара сөзінде: «Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу кеткенін айтса да, ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: «Ой, тәңірі-ай, кімнен кім артық дейсің!» – дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз…». Бірақ біз неге өсіп келе жатқанда әлемді тануға деген осы ұлы құштарлықтан айырыламыз? Неліктен біз бала кезіндегідей белгісіз нәрсемен кездескенде тамақ пен ұйқыны ұмытпаймыз, неге ғылым құрып, белгісіз нәрсені ашатындарға ермейміз? Біз көкжиегімізді кеңейтіп, өмірдің басында жинақталған қазынаны көбейтуіміз керек еді … Яғни, адамның бойында туа пайда болатын жан құмары  тек қана жанның пайдалы тамақтарын сіңіру қажет. Сонымен қатар қазіргі таңдағы кездесіп отырған жастардың басты  мәселелері-жұмыссыздық, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінбеу, ғылымды игермеуді бала күнінен «көріп білуінің» себебіне жатқызады.  «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады», деген ойын  «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім» өлең үзіндісімен әрі қарай сабақтастыруға болады.

Біздің бүгінгі басты міндетіміз – ұрпағымызға дұрыс және тиімді бағыт-бағдар беру, онда отансүйгіштік рухын және ежелгі ұлттық дәстүрлерімізді тәрбиелеу. Жастарға жан-жақты дамыған, үйлесімді тұлғаның әр түрлі бағыттарында өзін-өзі жүзеге асыруға мүмкіндік беру керек.

Абай өзінің көптеген өлеңдері мен «қара сөздерінде» пендеге тән әдепсіздік, әділетсіздік, надандық, арсыздық, пара және пәлеқорлық, мақтаншақтық, менмендік, арамдық және т.б. теріс қасиеттері туралы ренішпен сөз қозғаса, нағыз адамға тән адамгершілік, ізгілік, шыншылдық, білімділік, әдептілік пен әділеттілік, қайраттылық пен төзімділік, имандылық сияқты көптеген қасиеттеріне жан-жақты талдау жасап, адамның өз бойында осы қасиеттерді бар мүмкіндігінше жетілдіру қажеттігін айтады. Әсіресе ғылымды игеру туралы 38-қара сөзінде былай деп ой топшылайды: «Әуелі адамның адамдығы ақылғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер – әуелі хауас сәлим һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады. Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат дәфғы мұзарратларны айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала». Абай бұл сөзінде өмірдің басты мәні байлықта емес, ғылым мен білімде деген ойды қайталайды. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық деп білесің. Надандық – білім-ғылымның жоқтығы, дүниеде ешбір нәрсені оларсыз біліп болмайды. Білімсіздік хайуандық болады.Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса, адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан қисабына қосылады» дей келе мұның барлығының емі ғылым мен білімде деп тағы ой қорытады.

Болмыстың шынайы мәнін, құндылықтарды табу керек және жалған құндылықтарға құмарлықпен өміріңді жоғалтпау керек идеясы 4-қара сөзде кеңірек ашылады: «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының кайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды. Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды». Бұл әсіресе екі қолын бос қойып, құр сенделумен уақытын өткізіп жүрген жандарға тура қаратып айтылған сөздер іспеттес.

Жастардың жағ­дайына алаңдаған хакімнің бол­жамы қазіргі жастардың хал-ақуалымен сәйкестігі, ақынның сол қоғамдағы уайымы бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

Руханилық жоғарғы деңгейге ұмтылатын үдеріс, тұрақты қозғалыс. Әр адам өмір бойы өзімен-өзі жұмыс жасап, құндылықтарды қалыптастыру, ата-бабаларының тарихын зерттеу және басқа адамға құрметпен қарау арқылы рухани қасиеттерін жетілдіруге ұмтылуы керек. Қоғамнан өз орнын тауып, адал өмір сүруі, сол қоғамның бет-бейнесінің көрсеткіші. Демек, жоғары рухани, толерантты және білімді жастар дәстүрлі жалпыадамзаттық құндылықтарға көшудің негізгі тірек күші болып қала бермек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Н.Ә.Назарбаев., «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы., 2017
  2. ҚұнанбаевА. Шығармаларының екі томдық жинағы: ІІ т. — Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы

                                                                                                               Қуандықова Гүлжайна

                                                                      Әл-Фараби ат.ҚазҰУ-інің 1-курс магистранты

                                                                                                                           Жанатаев Данат

                                                                                     Әл-Фараби ат.ҚазҰУ-інің профессоры

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 4.1 / 5. Бағалар саны: 24

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button