Мәдениет/ТарихСұхбат

Ақиқатты аңыз еткен автор

4
(73)

Қазақ атауының алыбына айналған Момышұлын танымайтын «қазақ» кемде кем. Қаһарлы жүзі қайраттай ұлт екенімізді «ұлы» сөзін пәмиләсіна алғаш боп жалғатқаннан-ақ байқауға болады.

Баукеңе батылы жетіп, сұхббаттасқан, шерін шығарған, шектен аспай сұрақ қойған екі қазақ журналисті бар. Бірі жеті минутта жеткен Жанболат Аупбаев болса, бірі әз Әзілхан. Екі мықтының алыпқа қойған бірдей бір сұрағы бар:

«Батырсыз ба?»   

Бауке: «Қырық жыл қырғыннан тірі қалған адаммын. Еліміздің талай саңлақ батырларының, ақылды ерлерінің қаза тапқанын көрдім. Менен артық, менен батыл, менен ақылды жігіттердің өліп кеткен өз көзіммен көрдім».

Баукеңнің бұл жауабы жігіттің мақтану мен мадаққа жақын болмауына шақырады. Бойында қайсарлық бар әр қазақ жігіті батыл әрі ақылды. Бірақ батырмын деуі сол екі қасиетінен жұрдай қылады…

Оған дейінгі келген журналистердің олқылықтарын ортаға салсақ:

  1. Шашы ұзын жігітті жақтырмай, «қатын сынды» деп атағаны
  2. «Соғыста қиналдыңыз ба?» деп сұрақ қойған журналисті бәкісімен қуалағаны.

Біз бұдан не ұғамыз? Сұхбатқа барарда сұрағымызды сан оқып, саптаудан өткізу керек. Сұрақ – журналистің болмысы. Жауап – еңбегінің жемісі.

Момышұлының мақтауға тұрарлық маңызды да мәнді әңгімесін тыңдап, мардымды еңбек жазуға жолдама алған Әзілхан Нұршайықовтың журналистік шеберлігіне сын жоқ. Сұхбат-диалог ретінде жазылған бұл шығарма көптің көңілінен шықты. Зымырандай өте шығатын ғұмырдың зұлмат уақытын сөзбен суреттеген екі мықтыны, бір арнада тоғыстырған картина.

Сапалы сұхбаттың басты объектісі салиқалы әңгіме. Төрт жүз беттен тұратын туындыдан жетпіс бес жылдық тарих тарауымен танысамыз. Нұршайықов шығармасы қаһарманның шырмауда қалған кезі мен шыңға шыққан уақытынан сыр шертеді.

Әр баспадан денесіне диктофонын тыққан журналистер Момышұлының дегбірін қашырған еді. «Айда марш» деген айқай аранына түскен талай журналиске Әзілхан үлгі. Тұйық кісіні тағылымды сұрақтарымен тәнті етті. Он журналист кеп аша алмаған образын он екі сағатта суреттеген авторға оқырман да оң бағасын берді. Он екі сағатқа созылған әңгіме кейін жалғасын тауып, бес жылға ұласады.

Абыз адамның ақиқатын аңыз еткен автордың төрт сұрағы қатты ұнады. Берілген жауап та Баукеңнен қалған болашаққа өнеге. «Ұстазына шәкірті шариғат айтпайды» деген ұстаныммен сыпайы өткен бұл сұхбатта екеу ара ұқсас бір нәрсе бар. Соғыс көрінісі.

«Солдаттың сағынышы, ата-ананың қайғысы бәрінің басынан өтті. Бірақ еңсеміз ел үшін еді».

  1. «Оттан ұшқан ұшқын тәрізді ауызыңыздан шыққан теңеулерге таң қаламын. Цифрларды өлеңдей қып қалай жаттап алғансыз? – Комплиментті қатындар жақсы көреді. Әскери академияда лекция оқыған адаммын. Түсінікті ме?»

Автордың осы сұрағы мамандығыма маңызды. Журналистің әр сөзі ісімен байланысты болу керегін ұқтырды. Пәтуалы, дұрыс әңгімені құрастыра алмайтынымыз құртады. Оған оқымайтынымыз кінәлі. Қазақ әдебиетінің тармағы сан тарау. Түрлі терминді біз секілді тілді көп қажет ететін маман иелері қолданбаса, қара халық қайдан біледі? Батылдығын сөз етіп, батырлығын мойындамаған Баукең де тілді тірі кезінде қатты құрметтеген адам. Күрмеуінен шыққан әр сөзінде зіл мен «біл» бар. Ал автордың асқан шеберлігі: қарапайым сұрақ арқылы тіл тазалығына арқау болған жағдайды біліп алуы.

  1. «Қазір елде сіздің құрметіңізге қойылған Бауыржан есімді балалар көп. Қандай тілек айтасыз? – Есімім орыстың Иваны сияқты боп бара жатыр екен ғой. Әрине, әзілім. Барлық Бауыржандардың ішіндегі нөмірі бірінші мен болсам, қалған Бауыржандар азамат боп өсіңдер, менен асып кетсеңдер, оған өкпе жоқ».

Автордың сұрағы бүгін мен келешекті ұштастырып тұр. Бауыржан есімі қазір екінің бірінде бар. Бодан уақытындағы Бауыржанның болашақ Бауыржандарға айтқан өнегесі дәл осы кітапта кеңінен жазылған. 2020 жылдың есім қою статистикасына сүйенетін болсақ, трендте Бауыржан аты да бар. Түп мағынасы «туған туыс, ағайынға жан тәнімен көмектесіп, жақсы көрсін, бауырмал болсын». Батырға бұл есімді адам емес, құдайдың өзі қойғандай. Бауырмалдығы тек туған туыспен шектелмей, туған жерге, елге ұласқандығы ұлт азаматы екендігінің айқын дәлелі.

  1. «Сіз қандай адамдарды қадірлейсіз, қандай адамды жек көресіз? – Ардақты ананы қадірлеймін. Ары бар азаматты ардақтаймын. Маңғазсынған ағаны ұнатпаймын. Сіз данышпансыз деп көзге мақтап, көлгірситін ініні жек көремін. Шын дос сыртыңнан мақтайды. Әйелдің сайқалы бірді ғана арбайды, әдебиет сайқалының мыңға зияны тиеді. Түсінікті ме саған»?

Сұрақ пен жауапты талқылаудың қажеті жоқ. Жалған өмірді жалған іс әрекеттер мен алдамшы, арамза ойлармен ластаған адамдарға қажет жауап. Ананың қадірі қай кезде де құнды. Ардың тазалығы мен бойға ұяттың ұялағаны өтірік мақтаншақтық пен көлгірситін әдетті жояды. Баукеңнің «әдебиет сайқалының мыңға зияны тиеді» деген сөзі қазіргі қоғамның бұлыңғыр айнасын суреттеп тұрғандай. Бұл ойға арқау болған автордың сұрағына жеке алғыс айтамын.

Көбі кітап оқымайды. Үлкендерден еститін сөз осы. Қателік кімнен, қайдан кетті? Автор да кітап та көп, оқырман аз. Неге?

Менің жауабым: Кітап жазу машығын үйреніп ап, миллион табуды көздейтін авторлардың кесірінен қоғам өзімшілдікпен өзгеруде. Әдебиетті оқитындардың қарасы азайған. Барлығы «ақшаның сыры, қалай баюға болады, өзіңді құрметте, даму» тақырыбындағы мотивациялық жанрды оқиды. Бәлкім, дұрыс болар. Алайда, бойдағы адамгершілікті ақшаға айырбастайтын кітаптардың біреуіне пайдасы тисе мыңға зияны тиеді. Өйткен, бойдан адамдық кетсе, барыңнан не қайыр?…

  1. «Бауке, әйелдеріңіз, өзіңізге өмір серік болған жеңгейлер жайында бірдеңе демейсіз бе? – Қай әйелге қалай үйленгенін, неге ажырасқанын саған қандай ақымақ еркек айтып береді деп ойлайсың. Әйелді қорлаған еркекті өмір өкінішсіз жібермейді. Өйткені, әйел – өмірдің анасы. Менің көзім осыған жетті. Түсіндің бе»?

Бір сұрақ арқылы бүкіл журналистердің қателігін айқындап тұр. Жеке өмір деп аты айтып тұрғандай, ол жасырын болу керек. Ал біз кеп, әр адамнан әйелін не күйеуін сұрап, сұрақ астына аламыз. Басты қателік осы. Сары басылым жазбалары халықтың сұранысына ие. Өйткені, өсекке құмармыз.

«Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын».

PS: Төрт жүз бет кітаптан төрт қана сұрақты талқыладың ба деп сөге көрмеңіз. Төрт сұрақ түрткіл дүниені сипаттап тұр. Бірі отбасылық, бірі мамандық, бірі адамдық, бірі болашаққа өнеге.

Өмірдің өзі мен үшін дәл осы төрт тараудан тұратын секілді. Мамандық – наным, адамдық – барым, отбасым – байлығым, өнегем – әр басқан қадамым.

Сұрақ пен жауаптан тұратын тар дүниенің дәм тұзын келтіріп, бір Бауыржанды бар қазаққа үлгі еткен Әзағама әр кез басымды иемін!

Інжу ӨМІРЗАҚ

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 4 / 5. Бағалар саны: 73

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:

Тағы да

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll Up
Close