Консул (эссе)

 301 

Өмірдің өзі новелла (қазақстандық дипломаттарға арналады)

Кешкісін жұмыстан соң, үйге кіре бергенім сол еді қалта телефоным шыр ете қалды. Қарасам Мұқан ағамыз екен. Алыс бір Азия еліндегі дипломатиялық қызметінен елге келген екен ғой. Дереу тұтқаны жұлып алдым.

– Алло, аға, ассалаумағалейкум?! Қалайсыз?

– Уағалейкумассалам бауырым! Қайдасың? Мен Астанадағы «Орлеан» дейтін дәмханада отырмын. Қасымда өзіңе жиі айтқан Дәуіржан ағаң отыр. Біздің бүкіл дипломаттар аңыз етіп айтатын консул осы,- деп әңгімесін бірақ қайырды.

– Жақсы аға, «Қосшыдан» жетем дегенше жарты сағат, отыз минут уақыт беріңіз дегенімде, «бес секунд уақытың өтті», – деген Мәкең тұтқаны тастай салды.

Дереу киім ауыстырып, бір стакан суды сіміріп алдым да, қалаға қарай тарттым. Жетем дегенше жарты сағат деп бекер айтпадым. Қала мен пәтерімнің арасы жиырма бес шақырым, жол-жөнекей ойланып баруға уақыт молынан жетеді. Жымыңдай жанып, мені өзіне еліктіре шақырған елорданың түнгі шамдарына қарай отырып, өткен жылғы іссапарларды еске алдым. Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Тәжікстан, Вьетнам елдеріне барғанда қазақстандық дипломаттармен қоян қолтық жұмыс істеудің сәті түсті. Ел арасында сыртқы істер министрлігінде кілең дөкейдің ұл-қыздары мен тектілердің тұяқтары жұмыс істейді деген лақап әңгіме кеңінен тараған соң ба, басында елшілік қызметкерлеріне үрке қарағанымыз рас.

Бірақ қажетімізді түгендеп, алаңсыз жұмыс істеуімізге бар жағдайды жасап, өзге тілде сайрап тұрған отандастарымызды көргенде ішіміз еріксіз жылып сала берді. Сондай күндері сәті түсіп, бірге түстенгенде, көзі тірі қазақстандық дипломаттардың ерлігі мен ерекше істері жайлы сұрай бастадық. «Дәуіржан Бауыржанов – деді біразы бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. – Ол секілді отызға жуық отандасымыздың өмірін құтқару біздің қолдан келмес. Оның үстіне мойнына жауапкершілік ала отырып, миллионға жуық доллар ақшаға кепіл болып, жат жерде қиын жағдайға тап болған қандастарымызды алып шығу екінің бірінің қолынан келмес», – деп қостауды да ұмытпады. Бұл тәріздес әңгімені бір емес, бірнеше рет екі-үш елде естіген соң, Дәуіржанды көруге бізде құмарттық. Жақсыны көрмек үшін деген. Тілдесіп, әңгімелескеннің өзі бір бақыт қой деп топшыладық. Бір бұл біз ойлағандай оңай іс болмады.

Бұл тағдыр дегенді қойсаңызшы. Осыншама ерлік көрсеткен ол қазір мүлде бөлек салаға қызметке кетіпті. Қоңырау шалғанымызда «жігіттер өтірік айта береді» деп телефон тұтқасын тарс еткізіп тастай салды. Ары-бері шайға шақырып, сұхбаттасамыз ба деген ойымыз ақыры әдіра қалды. Одан кейін де біршама хабарласып едік, тұтқаны көтермеді. Жарайды, бір сәті түсер, «Консул» деген шығарма мида тұр ғой деп біз де шаруамызды жасап, күнделікті күйбең тірлікті күйттеп жүре бердік.

Ой құшағына шомып, «Орлеанға» да жеттім. Мұқан ағамызбен шұрқырай көрістік. Аш кезіңде жеген құйқаның ауыздан дәмі кетпес деген, алыс елде жүргенде көрген жақсылықты қалай ұмытарсың. Оның үстіне таулы елде отырып, кәрістің волейболшы қызына өлең шығарған қазақ дипломаты да кемде-кем болар. Мұқаң туралы да бір шығарма дайын тұрған секілді. Өзі ақын, өзі әнші, өзі жазушы әрі аудармашы сері көңілді дипломаттың біз көрген сегіз қырын қағазға түсірмеуді өзімізге айып санадық.

– Дәуіржан ағаң міні, – деп жанында тұрған орта бойлы, көзілдірікті жігітті таныстырды. Түр келбетіне қарасам, қырықтың қырқасына енді іліккен азамат сияқты көрінді. Консулдың ерліктерін естіген басым, екі иығы қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай дәу қазақты елестеткенім рас еді. Ол ойымды түр келбетімнен оқығандай болған Дәуіржан ағамыз жұмсақ күлкісімен қарсы алып, кафедегі орындықта қарсы алдыма жайғасып, бетіме барлай қарады. Әбден ел көріп, адам танып, ысылған психолог екені байқалып тұрды. Бірақ көзілдіріктің ар жағындағы кішкентай көздерден бір от пен қайсарлықтың ұшқыны сөніп жанып, сөніп жанып тұрды…

Өткен жылды еске алу

Кафеде отырып, жоғарыда сөз еткен елдердің біріндегі кездесуді еске алдым. Алыс-жақын елдердегі қазақтар туралы деректі фильм жүргенде, небір жаны жайсаң жақсы ағаларға кез болдық. Соның бірі – Иманжүсіп ағамыз еді. Интеллегент отбасыдан шыққан кәнігі дипломат. Жас шамасы отызды орталап қалған жігіт ағасы. Салып-ұрып елшілікке кешкісін кіріп барғанымызда жұмсақ жымиып қарсы алып, Елшімен жолықтырып, бар шаруамызды шеше салды. Қайтар күні қонақасыға шақырды. Сөзден-сөз шығып, дипломатия саласына қатысты қызықты әңгімелерді сұрай бастадым. Көп сөзге келген жоқ. «Егер, сен бұл саланың кәсіби мамамын сұрасаң, арамызда Дәуіржан – деген ағаң бар. Арамыздағы аңыз ғой. Әй, ондай ерлік екінің бірінің қолынан келмес», – деп үнсіз қалды. Қандай ерлік? – деп ақырын сұрадық. Алдындағы кофеден бір ұрттаған Имекең «Қайбір жылдары еліміздің бірталай азаматтары байқаусызда көрші елдердің біріне өтіп кеткен. Содан қаншама «қырғын» болды. Әр елдің салты басқа иттері қара қасқа дегендей, біздің бауырларды заңмен қысып кеп береді. Дәл сол күндері әлгі елде консулдық қызметте жүрген Дәкең күніге қаншама соттың табанын тоздырады. Том-том құжаттармен танысып, бітпейтін кездесулерге барады. Төрт айға жуық соттың табалдырығын тоздырады». Бұл менің естіген әңгімемнің бір парасы ғана. «Ұмытып барам, сот барысы өткен қала мен консулдық орналасқан ел астанасының арасы бес жүз шақырымдай. Дәуіржан ағаң бала-шағасын көрмей қанша сандалды. Әй, бұл көрінбейтін майданның ортасында жүрген дипломаттың жұмысын қойсаңшы», – деген біруақ үнсіз қалды. Сосын, сосын не болды аға? – деп тақымдай түстік. «Ақыры не болды дейсің бе? Естуімше, ашық сот болыпты. Шекара тәртібі мен заң бұзғаны үшін қандастарымызға жиырма-отыз жыл үкім кесіледі, не болмаса, әрбірі жазадан құтылуы үшін жиырма-отыз мың доллар көлемінде айыппұл төлеуі тиіс болады. Соттың үкімін естіген ағайындарымыз бен олардың туыстары теңселіп кетсе керек. Шықпа жаным шықпамен күн көріп отырған қарапайым шаруалар ол ақшаны қайдан тапсын. Дәп сол сәтте сот үкімімен келіспеймін деген консулымыз ортаға суырылып шығады ғой. «Бүкіл қаржыны мен төлеймін. Керек болса, консулдың мөрімен, өз атымнан кепіл хат беремін» , – дейді. Абдырап қалған жұрт пен мұндайды күтпеген судья да сасып қалса керек. Осылайша сот процесінен кейінгі ұзаққа созылған келіссөздердің нәтижесінде азаматтарымыз елге қайтарылады. Олардың әрбірін абақтыдан шығарып, жоғын түгелдеген консулымыз елге дейін әкелген деп те естідім. Ар жағын білмедім»,- деген Иманжүсіптің сөзінен соң да, жақсыны көрмекке құмарттық.

Осы әңгімені ойша еске түсіріп, кездесу барысында арқа-жарқа әңгіме айтқан екі достың әңгімесін тыңдап біраз отырдық. Сәті түскен сәтте жоғарыдағы әңгімені ақырын ғана сұрағанымда үнсіз ғана бас шұлғыған Дәуіржан көзін бір нүктеге қадап, ұзақ уақыт ойланып қалды. – Жүр сен екеуміз сыртқа шығып, түтіндетіп қайтайық, – деген Мұқаңның соңынан ақырын ғана ере бердім.

– Сен Дәуіржанның әлгі өзің естіген оқиғадан кейінгі қазір соғыс жүріп жатқан араб елдерінің біріндегі консулдық қызметін естімеген шығарсың? Ой азаматым-ай, қаншама отандастырымызды от пен оқтың арасында жүріп аман шығарды-ей. Нағыз арыстан жүректі деп осындай жігіттерді айтар болар. Сол кезде куә болған жігіттер айтады: бір күні оқ өткізбейтін жилет пен каска алуға қаржы сұрап хат жазып отыр. «Мен қорқақ емеспін, балаларым үшін алаңдаймын. Сол үшін де елге аман оралғым келеді». Қайтсін енді, шиеттей бес баланы бағу оңай ма? Айтшы бауырым солай емес пе? – деген Мұхаңның сөзіне бас шұлғып, әңгіменің артын тостық.

– Сен Дәуіржанның миллион долларға жуық қаржыға басын тігіп, азаматтарымызды алып шыққан «операциясының» соңы қалай біткенін естімеген шығарсың. Ендеше былай, көрші елдің орталықтан біршама қашық жатқан облыс орталығындағы түрмесінен шыққан біздің азаматтарға сол күні пойызға билет болмай, қонақ үйге түнеген. Қуаныштарын арақпен жумақ болған олардың бұл ессіздіктерін көрген біздің бауыр бөтелкелерді біртіндеп шағып, әлгілерді елге аман-есен алып келген. Ең қызығы сол – теміржол вокзалына келгенде, туған-туыстарының жат елдің түрмесінен құтылғанына қуанған ағайындары Дәуіржанды вокзалда ұмытып, жалғыз өзін тастап кеткені. Өмірінде ештеңеден қорықпайтын, досқа қоң етін кесіп беретін досым сол кезде көзіне көз жас алып, жерге отыра кетіпті, – деген сөздерді естігенде еріксіз бас шайқадық.

Аштық жариялаған дипломат

Адам жылқы мінездес бауырым. Бүгін бар, ертең жоқ. Дегенмен адамшылықты ұмытқан оң іс емес. Менің тағы бір таңқалғаным іште отырған ағаңның қайбір жылдары бес-алты қазақтың баласын көрші елдердің біріндегі түрмеден босатып алғаны, – деп қызықты әңгіменің шетін шығарған Мұхаң шек-сілесі қатып күліп алды. Әсерлі әңгіме десе, әлемді ұмытатын әдетіміз емес пе? Алға қарап, еміне түсіп, әңгіме айтушының аузына түсіп кететіндей, қос құлағымызды тоса бердік.

Дипломат бұл дүниеде не көрмейді? Қызмет бабында түрлі жайтты кезіктіресің. Дегенмен, аштық жариялаған дипломатты естуің бар ма? – Жоқ. – Әрине, естімейсің. Ал, Дәуір ағаң оны да істеген. Әй, азаматым, бұның басынан не өтпеді дейсің. Қайбір жылдары болған оқиға. Шекара бойындағы қазақ ауылдарының бес-алты ойын баласы аңдамай арғы бетке өтіп кетеді. Ол кезде заман басқа, заң бөлек. Шекарашылар апарады да қалалық ішкі істер бөліміне өткізіп, қамап тастайды. Мына жақта у-шу. Екі-үш күн өтеді. Хабар жоқ. Балаларын сабылып іздеген жұрт. Ақыры бұл әңгіме консулдың құлағына жетеді. Іздеп жүріп, қалалық бөлімшенің уақытша қамағынан балаларды табады. Бөлімше бастығы министрлерің хабарласып, хат жазбаса босатпаймын деп прокурорға сілтейді. Ол болса, еліңнің құзырлы органдарынан ресми хат келсін, сосын көрерміз деп шіренеді. Ызаға булыққан Дәуіржан дәл бүгін балаларды алып кетпесем, атым өшсін деп есікті тарс жауып, сыртқа шығып кетеді. Білгеніңді қыл деген прокурор миығынан күліп қала береді. Есіктің алдына шыққан ол дереу жан-жағын барлайды да, бүкіл киімін шешіп тастап, прокуратураның алдына аштық жариялап жата кетеді. Мұндайда үйіле қалатын шығыс елінің халқына тән қасиет емес пе? «Ойбай, не дейсің көрші елдің дипломаты аштық жариялап, қалалық прокуратураның алдында жатыр екен», – деген сөз бен Халықаралық даудан зәресі ұшқан прокурар бүлдіршіндерді сол күні босатып жібереді. Сонда деймін біздің консулдың намысқойлығы мен ержүректігі ғой осындай қадамға барғызған. Балақандармен жолыққанда ересектеуі жылап қоя беріпті: «аға, біздің бүгін алып кетіңізші. Мына жақта кешкісін маска киген ағалар келіп, бізді пышақпен қорқытады»… Ішінен қан жылаған қайран досым уәде беріп, бір күннің ішінде балақайларды әке-шешелерімен табыстырып уәдесін орындады, – деген Мұхаңның сөзінен кейін көмейімізге жас тығылғандай болды. «Жүр, ішке кірейік бауырым»,- деген оның сөзінен соң, жауып бастаған жаңбырды енді байқағандай ішке кіруге асықтық.

Қарсы алдымда отырған қазақтың қарапайым жігітінен осыншама қайсарлық пен жігерлілік қайдан пайда болды? Тәрбие ме, тек пе? Бет-жүзіне барлай қарап, бәлендей ерекшелік байқай қоймадым. Тек Шериаздан Елеукенов ағамыз жазғандай, Будданың құлағындай үлкен құлағы мен бүркіттің тұмсығындай орақ мұрны ғана тегін адам еместігін білдіріп тұрғандай.

Жоғарыдағы әңгімелерді естігелі бері Дәукеңнің атақты бір жазушының ұлы екен де зерттеп білгенбіз. Ол кісінің шығармаларын жата-жастана оқығанымыз бар еді. Өзінен осы әңгімелерді тағы бір қайталап сұрай бергенімде, оны зілсіз бір жеңіл қалжыңға бұрып, ол тақырыпқа қайтіп аяқ баспай қойды. Тек алдағы уақыттарда байланысы тұрайық деп тағы бір телефонын жазып берді. Оның өшірулі болатынын, қайта хабарлассам сұрақтарым жауапсыз қалатынын білген басымыз осы әңгімелерді көздің қарашығымен мидың ағына ақырын ғана жаза бердік.

Сол күнгі кеш көңілді өтті. Мұхаңның мәйекті әңгімелерін тыңдап, елін сағынған дипломаттарды үйді-үйдіне шығарып салдық. Жаңбыр толассыз құйып тұрды. Көлікте Есенқұл Жақыпбектің «Біздің елдің жігіттері» термесі ақырын ғана ойнап тұрды. Басқа батыс елдерінің бірінде болса, біз жазған үш оқиға мотивімен баяғыда-ақ, блокбастер түсіріліп, әлемдік кассаның алдында тұрар еді. Мәселен, «Арго операциясы» – деп күбірлеп отырып, «Біздің елдің жігіттері, жігіттердің төресі» – деген термеге қосылып, қала сыртындағы «Қосшыма» еш қамсыз қайта бердім…

P.S. Шығарма барысындағы кейіпкерлердің аты-жөндері өзгертілді.

Олжас БЕРКІНБАЕВ

Бөлісу:

Және де: