Мәдениет

Дала мен қала бірдей өркендеуде

4
(1)

Түркістанның түлеуі далаға да игі әсерін тигізіп отыр, қасиетті Қазығұрт тауының, Сарапхана елді мекені орналасқан тұсында, сарғайып, сары дала болып жатқан, биік төбе басына көгілдір жасыл орман орнатылды, жасыл ағаштар арасы,  ұлтымыздың биік рухты ұлыларының рухы топтасқан ескерткіштерменен толды.

Атап айтар болсақ, Орбұлақтағы ұлы жеңістің 375 жылдығына орай, Қазақ-Қалмақ  соғысындағы жеңістің құрметіне Бас қолбасшы болған, Салқам Жәңгірхан мен Жалаңтөс Баһадүрге «Батыр бабалар»  кешені тұрғызылып, олардың ескерткіштері орнатылды. Ұлы дала даналары,  ұлттың Ұлы билері Төле би, Қазыбек би және Әйтеке билердің еңселі ескерткіштері тұрғызылды. Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 70 жылдығына арнап, «Бабалар рухына тағзым» кешені салынды. Сондай-ақ Ұлы жеңістің 75 жылдығына арнап, тылдағы асыл аналарымыздың еңбектегі ерліктерін, жеңісті жақындатуға қосқан орасан зор қайсарлықпен жасаған еңбектерін паш ететін «Анаға тағзым» ескерткіші орнатылды. Қазығұрт елінің қасиетті ұлы, қыран жұлдызы болған, кеңестік дәуірде ерен еңбек еткен, партия, кеңес, шаруашылық жұмыстарын терең меңгеріп, ел аузында ер деп танылған Рахманберді Әбдірайымовқа елдің ері деп, ескерткіш орнатылды. Қазақстанның жалпы ұлттық қасиетті нысандар топтамасы бойынша шығарылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша, Бекет ата атындағы «Киелілер кесенесі»  тұрғызылып,  ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл нысан Қазақстанның қасиетті нысандарының топтамасын бір жерден көріп танысуға мүмкіндік туғызып тұр. Сонымен қатар халық қажетіне жарайтын  «Ұлы шаңырақ» мейрамханасы, көпшілік қоғамдық жиын өтетін салтанатты шерулер өткізлетін «Тағзым» алаңы салынып,  Амфитеатр  орнатылған, ресми тұлғалар мен туристер келіп түсетін тікұшақ алаңыда, парк көлемінен орын алған. «Мәңгілік ел» саябағының іші, Ұлы Абайдың қара сөз қағидалары, гранит тасқа жазылып, жастардың оқып үйренуіне ұсынылған. Сонымен қатар Елбасы Н.Назарбаевтың және Президент Қасым – Жомарт Тоқаевтың Мәңгілік ел,  Тәуелсіздік және Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған «Абай және ХХI ғасыр» атты бағдарламалық мақаладағы қағидалы қара сөздер, гранит тасқа ойылып жазылған, бұл мәңгілік ел, ұрпағының мәңгілік есінде сақталатын, ғасырлар иінінде де, естен шықпайтын қасиетті сөздер болып жеткізледі.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінң 30 жылдығына орай ҚР  президенті Қасым – Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында, «Алаш арыстарының асыл еңбектері идеялық тұрғыдан дәріптеліп, жастарымыздың жадында сақталып, әлемге паш етуіміз керек» деген бағдарламасын басшылыққа алып «Мәңгілік ел» саябағының бел ортасына құзырлы органдардан келісімін ала отырып, Алаш арыстарына арнап, еңселі ескерткіш тұрғызылып, ел есінде мәңгілік сақталуына  жағдай жасалынды. Бұл ескерткіштің бір ерекшелігі  Алаш қозғалысының бастаушы көсемдері болған  Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Жүсіпбек Аймауытов,  Жаһанша Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, Әлімхан Ермековтердің топтасқан мүсіндері орнатылып, Алаш қозғалысының қайраткерлерінің 141 мүшесінің тізімі түзіліп жазылды. Тәуелсіздігіміздің идеялық негізін қалаған, сол жолда құрбан болған асылдарымызды ардақтап, бүгінгі мен ертеңгі ұрпаққа жеткізетін, өлмес, өшпес, мұрасын таспен қашап тұрғыздық. Сонымен қатар, «Тағзым» алаңында Алаш ардақтысы,  ұлттың Ұлы батыры, қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы, палуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың туылғанына 150 жыл толуына орай, еңселі ескерткіш орнатылды. Ескерткіш тақтасына, оның 1944 жылы осы Сарапхана елді мекенінде болып, осы төбеде палуандық өнер көрсетіп, халықтан жиналған қаражатты  Ұлы Отан соғысының жеңісін жақындатуға үлес ретінде қосып, самолет жасатуға жібергені жайлы, сол үшін, Бас  қолбасшыдан алғыс хат алғаны жайлы мәліметтер көрсетілген. Ел игілі жолында «Туған жер» бағдарламасына орай орнатылған «Мәңгілік ел» саябақ өзінің мазмұнымен, терең мағынасымен, халыққа қызмет ететін қасиетті орынға айналды. Шымкент-Ташкент күре жолының бойына орналасқандықтан,  жолаушылардың да игілігіне қызмет етіп, мыңдаған туристердің, саяхатшылардың игілікті қызметіне жарап тұрған жайлы орынға айналды. Осынау қыруар істі қырға орнатып, халық игілігіне пайдалануға ұсынған, өз қаражатына тұрғызып, қайырымдылық іс атқарған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазығұрт елінің тумасы Бекет Тұрғараев болды.

Айгүл ӘЛЖАНОВА

«Жеті жарғы» және Қожаберген жырау»
Халықаралық қайырымдылық қоры төрағасының орынбасары

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 4 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Бір пікір

  1. Қоғам және мемлекет қайраткері, өзі жомарт Бекет Тұрғараұлына осындай игі істері үшін алғысымыз шексіз! Ақ жағалы ағамыз аман болып, бала-шағасының рахатын көріп жүре берсін!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button