Мәдениет/Тарих

Қалмақ қырылған мен Арғын қырылған жер атауларының айырмашылығы қандай?

4.2
(39)

«Қазақтың жерінде не көп, мола көп» деп келетін әйгілі І.Есенберлиннің тарихи романдарында жиі кездесетін сөйлемдер баршаға мәлім. Ұлы Даланың әр қиырындағы жер атауы бір тарихи оқиғаның мәңгілік куәгері болып қалғандай. Қазір көпке таныс қазақтың жалғыз ғана дұшпаны болғандай Қалмақ қырылған атауымен аталатын жер аттары әлем картасының тоғыздығы саналатын Қазақстанның қойнауында көсіліп-ақ жатыр. Қарағанды облысы Ұлытау ауданындағы Қалмаққырған өзені, Павлодар облысы Май ауданындағы, Ақтөбе облысы Темір ауданындағы Қалмаққырған аталатын ауылдар бар.

Ал өз жерімізде жаудың қырылғаны емес өз қазағымыздың қырғынға ұшырағанымен аталатын жер атауы бар десе таң қаласыз ба, әлде бірден сенесіз бе?

Талай қырғи-қабақ қырғынды басынан өткерген ұлт тағдыры оған еріксіз сездіріп, сендіретіндей де. Отарлық езгіге жан ұшыра қару сілтеп күрескен Хан Кененің 1841-1847 жылдар аралығында патшаның саясатын тізерлетіп тастағаны да мәлім. Бірақ, отты жылдардың ақыры опат болумен аяқталған хан тағдырына байланысты тарихи-шежірелі аңыздардың да сыбдыры самал желмен жеткендей осы күндері де күңіренеді. Алатау асып Орман манап сарбаздарымен шайқаста бейтаныс жердің ой-шұңқыры көп дегені іспетті жер бедерін дұрыс бағамдай алмай әрі қарулы күштің қарсылас тараптан аздығына да байланысты хан қолға түседі. Сонда інісі Наурызбай батыр 300 жауынгермен жанындағы Хан Кенеге әуелден бас батыр болған батырлармен кеңес құрады. Қоршауды бұзып, Кенесарыны құтқарып алуға шақырады. Ағыбай батыр: «- Науан-жан, жау Хан Кенені өлтірмес. Құрылған қақпаннан құтылып, жауға елші жібереміз сосын» деген жауапқа Наурызбай келіспейді. «-Кене ағамды не жаудан құтқарайын немесе бірге мерт болайын» деп сондағы ерлігін найзаның ұшына тіккен батырлармен қоштасып, дұшпанға жалғыз жарым бет алады. Ағыбай бастаған батырлар 300 жауынгермен жаудың қоршауын бұзып елге бет алады. Фантастикалық ерлік танытқан қолдан не бары 80-ақ адам тірі шығады. Кескілескен ұрыстан Құдайы мен қайраты алып шыққан қолды Абакумов пен Черняевтің әскері тосып тұрып, шеңбірекпен қырып салады. Бетпе бет шайқастан дес бермес ерлер отты қару добының жарқыншағына жандарын төсеп, жан тәсілім болады. Өз жеріне жетіп опат болған мекенді жергілікті халық сол сәттерден бастап «Арғын қырылған», «Арғын өткел» деп атау берген. Бұл қасіретті тарихтың орын алған тұрағы қазіргі Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына қарасты жер атаулары.

Бұл ұлан байтақ дала төсінде өр қазақпен жауласқан қалмақта қырылған, жерімен елін жаудан қорғаймын деп қазақта қырылған. Кешегі тарихтан осындай жер-су атаулары көрініс беріп, сол заманның жаңғырығын осы заманға сымсыз жалғап тұрғанындай. Тарихты білмей, азаттығына ұмтылған бабалар ерлігінің құнын түсінбей, қазіргі қолда бардың қадірін түсіну қиын. Жер атаулары сөйлесін.

Б. НҰР-МҰХАММЕД

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 4.2 / 5. Бағалар саны: 39

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:
Tags

Тағы да

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll Up
Close