Мәдениет/Тарих

Сөзі — найзадай, өзі — найзағай

3.5
(8)

Ақынның мінезі – ақынның паспорты. Дәуір тынысын тап басуда шайыр айтқан шындық халық көкейіндегі ұлы мұраттармен үнемі үндес келеді. Ілкідегі «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген аталы сөздің түп-төркінінен де осы ақын образын, шайырға тән өткір мінезді, поэзияға тән өрлікті аңғару қиын емес. Ханға қаймықпай дат айтып, ел мүддесі таласқа түскен қысылтаяң кезеңде қарақан басын құлқыны үшін саудаға салмайтын ақын, ең алдымен мінезді болуы керек. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегенде де осы мінез туралы айтқан деп ұғамыз.

Әлбетте, қазақ әдебиеті тарихына зер салған кез келген оқырман мінездері найзағайдай шатырлаған шайырлар қосынының аз емес екеніне көз жеткізер еді. Тіпті олардың жырын тілге тиек етпей жатып-ақ ерлік пен азаттықтың айғағындай есім-сойларының өзі намысыңды жанып, аттарының тұяқтарын дүрсілдете ту сыртыңнан ту көтергендей болады. Көшпелі көк түріктердің тасқа қашалған том-том тарихы Күлтегін, Тоныкөк жырларынан бастап, Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді жыраулардың өршіл өлеңдерімен өзектесіп жаныңа күрескер рух сыйлайды. Бұл тізім және жалғасып-жалғасып келіп Махамбет, Мағжан, Қасымдарға ұласады, тіпті берірек қарасақ алаштың ары мен мұңын жоқтап, қасиетті сөзге қорған болып келе жатқан біздің бүгінгі кейіпкеріміз Серік Ақсұңқарұлы болып толығады.

Шын мінезі шығармасынан көрініп тұратын ақын Ақсұңқарұлы туралы айтқанда міндетті түрде оның бірбеткей болмысына барып тірелер едік. Ақынға мұндай мінез қайдан келді дейтіні жоқ. Биыл Мемлекеттік сыйлыққа түсіп жатқан Секеңнің шығармашылық зертханасына үңілген тұста да сол мінезін еш айналып өте алмайтынымызды түсіндік. Осынау жазбамыздың өзінде де шайырдың «шатақ» мінездеріне қайта-қайта соғып отыруымыз мүмкін. Шамамыз келгенше көкеміздің «көкейіндегі Күлтегін бабасы жазып кеткен жауһар жырларды» сіздермен бірге парақтап көргіміз келеді.

Мінез дегеннен шығады, бірде жас ақындар ағамыздың үйіне бара қалсақ, ағамыз өлең жазып болған беті, шалқар шабытпен қазақ ақындарының антологиясын «ауызша» құрастырып, ойша тізім жасап отыр екен. Бұл әңгіме кейін «Ақсұңқарұлының санамағы» деген қызық анекдотка айналып кетті.

Үйіне кіргеніміз сол еді, амандасқан қолымызды жібермей тұрып бірден: – Қазақ поэзиясында Абай, Мағжан, сосын — Мен, – деді, бір жағы сендер не дейсіңдер дегендей оқты көзін сынай қадап. Жөпелдемеде бізде қандай пікір болсын: – Дұрыс қой аға, дегенмен Қасым ше? – дедік қайдан шықсақ одан шығайық деп. Ағамыз: – Ойбай, Қасым көкем бар екен ғой! – деді шошып кетіп.  – Міне, – деді сосын саусақтарын қайтадан бүгіп: – Абай, Мағжан, Қасым, сосын – Мен!.. Бұл жолғы дауысында бағанағы қатты екпіннен гөрі қажығандық, өзі айтып жүретін қаптаған «халтурщиктермен» алыса-алыса шаршағандық бар сияқты. Әлгі тізіміне келісіп, бекіте салуға да болушы еді, біз бірақ үнемі өзі айтып отыратын әдебиеттегі ұстаздарын есіне салуды парыз санадық. Аға, Мұқағали қалып барады, – дедік. Ағамыз: – Ойбай, Мұқағали қалып барады екен ғой, – деді көкесіне еркелей әрі ыңғайсызданып. Бізді бұл кезде әбден күлкі қысып болған. Қайта санайды: – Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали, сосын – Мен! Біз де қоймаймыз: – Аға, Жұмекен ше, Қадыр ше? «Түу, тұра тұрыңдаршы, не боп кетті, Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали», деді де кішкене ойланып тұрып қалып: – Әй, көп боп кеттік, тізімді кейін дұрыстап қайта қарау керек, – дейді қарқылдап. –  Жүріңдер, жақсы келдіңдер, Ғалия, бізге кофе әкел, – деп балконына қарай беттейді.

Бұл санамақтың  екінші нұсқасын ақын Светқали Нұржан ағамыздан естіп тіпті шегіміз түйіліп қала жаздады. Светқали ағамызға звондап: – Түгел халтурщик, біз өзі бес-алтау ғана қалдық қой, – депті әңгімені созбақтамай. Әлгі қоңыраудан кейін арада біраз жылдар өтеді. Түрлі оқиғалар орын алады. Жау көбейген, жақтас азайған. Елордадағы бір жиыннан шығып, есік алдында темекісін бұрқыратып тұрса Светқали бауыры шыға келіпті. – Жарыққали, амансың ба жаным, қайда жүрсің, бері қарай кел, біз өзі аз қалдық қой, үшеу-ақ қалдық, үшеу-ақ, – депті.

Светқали аға кейін айтады. – Үшеудің біреуі – өзі. Біреуі не Есенғали, не қасына шақырып, қолтықтап тұрып айтқан соң мені айтып тұр деп топшыладым. Мәселе, анау ортада тұрған үшінші сорлы кім екен? – деп сылқ-сылқ күледі. Біз де күлеміз, бала сияқты мінезі осындай әңгімелерге үнемі арқау, өзек болады да жүреді.

Мәселе, ақындық деген Алладан берілетін аса қасиетті ұғымды былғамауға серт еткен Серік ақынның бұл мысалдардан поэзияға адалдығын аңғаруға болады. Абайдан кейінгі ақын болуды армандамайтын қазақ қаламгері жоқ шығар. Бұл туралы ақын Ұлықбек Есдәулеттің ғажап өлеңі де бар. Ақсұңқарұлы бізге Маяковскийдің «Бір біріне ұқсамайтын ақындар көп болсын» деген сөзін көп айтады. Төлеген Айбергеновше айтсақ «Әркімнің өз биігі бар». Серік ақын ешкімге ұқсамайтын мінезімен дара, өз биігіндегі бірегей де бірбеткей ұзан.

Арқадағы үлкен әдеби ортаның берік қалыптасып, қанатын кеңге жайған жемісті кезеңін ақын Серік Ақсұңқарұлынсыз елестете алмас едік.

«Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті», «Қызыларай», «Ғасырлар кардиограммасы», «Адам Ата – һауа Ана» атты жыр кітаптарын жастап, жаттап өскен тұтас буын бүгінде әжептәуір жасқа келді. Біз де сол буынның белді өкілі екенімізді үнемі мақтанышпен айтып жүреміз. Қызыларай деп қалдық қой, алдымен ақынның өлеңдеріне өтпес бұрын шайыр туған шаһарды сөз ете кеткеніміз дұрыс. Ақсұңқарұлының туған жері Ақсораң тауының етегіндегі Қызыларай колхозы.

Дәл осы жерде Секеңнің қызық мінезінің құлағы тағы қылтияды. Арқада Секеңе таласатындар көп. Қарқаралы жағы «Ақсұңқарлы біздікі деп бет қаратпайды. Ақтоғай болса, туған топырағы Тоқырауынның жағасы, Қызыларайдың қырғызы деп қиқынады. Секеңнен оңашада сұраймыз сосын: «Секе, қай жақтыкісіз, құдайшылығын айтыңыз», дейміз сөйлеткіміз келіп.

  • Әлихан қайда туса, мен де сонда туғанмын, – Әлекеңнің паспортында Қарқаралы деп жазылып тұр, – дейді еш іркілместен. Түсінген адам бұл әңгіменің ар жағынан ақынның алаш идеясы үшін түгел өмірін сарп еткен ұлы мұратын анық аңғарар еді.

Жалпы, Ақсұңқарұлының өлеңдері – өзі жүріп өткен жолдардың сан тарау шежіресі деуге болады.  Ақын өмірде нені көкірегіне түйді, неден шоқ басты, неден отқа күйді, маңдайы қалай тасқа соғылды, бәрі-бәрі өзі айтатын алдындағы ала қағазында жатыр. Ақсораң – Арқадағы ең биік нүкте. 1565 метр. Сол тауға қарап, биікке ұмсына ұлы сапарға шыққан ақын әр өлеңінде осы шыңды өлмес өлеңдеріне өзек етіп отырады.

Мен өзіңнен жүз рет кетіп қалып,

Жүз мың мәрте қайтадан қайтып келем», дейтін Ақтоғай мен Ақсораң шайыр өлеңдерінде тірі образға айналып кеткен.

 «Дүниежүзілік картада,

Жүрекке ыстық бір нүкте» дейтін образ — осы Ақтоғай-Қызыларай!

Шайыр шығармаларын оқып отырған оқырман әлбетте Ақсұңқарұлының «күлкісін» бірден аңғарады. Бағанадан бері ақынның қызық мінездерін айтып жатқандықтан бұны да әзіл әңгіме деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Алайда Ақсұңқарұлының бұл күлкісі тіпті басқа күлкі. Ызалы күлкі, ызбарлы күлкі. Бәйгеге баптап қосқан «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» атты жыр кітабында «Ақсораңның басында» деген ғажап өлеңі бар.

Ақсораңның басында,

Ала бұлттардың қасында,

Ақсұңқар құстың ұясы.

Соныменен кіндігім бірге туасы;

 О, жүрек, асау жүрек, бұлқын келіп,

Жұлқын келіп!

Қияға қыран ұшса мағұмұрланып,

Жапалақ жалбаңдаса, күлкің келіп;

Құзғынның жайпап кеткен жұртын көріп,

О, жүрек, жұлқын келіп, бұлқын келіп;

…Дүниеге шыр-шыр етіп жылап кеп ем,

Дариға-ай, кетіп барам күлкім келіп! – дейді.

Өмірде ешқашан бұлжымас, балталасаң бұзылмас қағидалар болады. Адамзат сол қасаң догмалардың шеңберінен көбіне шыға алмай қалатыны қиын. Жаратылыс заңы бойынша өмірге жылап келіп, жылап кетуіміз керек еді. Мұны мұзарт Мұқағалидың: «Жылап қайттым өмірдің базарынан» деген жалғыз-ақ жолынан да аңғаруға болады. Ақиық ақынның осынау жалғыз ғана жолы алайда ақынның ғана емес, бүкіл адамзаттың айтар ойын арқалап тұрғандай сезіледі. Жапон прозасының ірі өкілі Рюноскэ Акутагава айтты дейтін атақты сөзді бәріміз білеміз. «Адам өмірі Бодлердің бір тармағына тұрмайды». Мұқағалидың өлеңіндегі осынау жалғыз жол да сондайлық ұзақ сапардың соңғы аялдамасындай дара тармақ.

Алайда жоғарыдағы Ақсұңқарұлының өлеңіне қайт үңілер болсақ, шайырдың шалт шешімі еркісіз езу жиғызады. «Дариға-ай, кетіп барам күлкім келіп!».

Қайталап айтуымызға болады, біз білетін өмір формуласы бойынша өмірге жылап келіп, жылап кетуіміз керек еді. Алайда Серік ақын Арқадағы Шаншардың қулары деген атпен белгілі болған Қантай-Тонтай құсап жылап келіп, күліп кететінін айтады. Мұны Абай хакім үнемі қасына ертіп жүрген қартайған Қиясбай да қыр басында бала-шағамен ойнап тұрып Абай хакімге: –– Абай аға, осы адам баласы анасынан жылап туа ма, күліп туа ма? – депті. Бұған Абай: – Күліп туу жаратылыстың заңында жоқ қой, – деп жауап қайтарыпты. – Олай болса, – депті Қиясбай, – дүниеге жылап келген адам баласы, күліп өлмейді. Сондықтан бұл фәниге кейіспен келген пенденің, алдамшы дүниеге аяғын шалдырмай, өмірін өкінішсіз өткізіп өлген бірде-бірі жоқ. Ал мен дүниенің өзін мазақ етіп жүрген жоқпын ба? – депті.

Жалғыз бұл емес, ақын зертханасына үңілген оқырман Ақсұңқарұлы кейіпкерлерінің небір күлкілеріне кездесер еді. Бірде құлақ тұндырар Әзәзілдің ащы күлкісі, бірде досы Көпен Әмірбектің мысқыл күлкісі, бірде Қызыларайдың қырық жесірін табалаған төрт әйелдің топас күлкісі, бірде ғашығы ару Ләйләнің нәзік күлкісі болып сіздің жүзіңізге жүз түрлі өрнек салады. Бұл ақынның көзге көп көріне бермейтін бір жұмбағы деп ойлаймыз. Жоғарыдағы біз тізіп шыққан күлкілерді көріп болған соң өзіңіз де «Менің күлкім қандай?» деуіңіз мүмкін?

Шынымен біздің күлкіміз қандай?

Ақынның асқақ болмысы оның есім-сойымен де айбарлана түседі. «Ақсұңқар – сен де құсың, мен де құспын, қанатым талғаннан соң жерге түстім», деп көк тағысының қанатына көкейіндегі көне сарынды маржан ғып тағатын ақынның аты затына әрқашан сай. Жалпы сұңқар құс өз жаратылысында теңіз түбінен маржан жеген балықты іледі екен. Әлгі балықтар судың бетіне бірер сәтке ғана басын қылтитады-мыс. Сол қысқа ғана секундттардың ішінде сұңқар өте зор жылдамдықпен ұшып келіп әлгі маржан жұтқан судың құртын дереу шеңгелдейді. Арабтардың сұңқарды үлкен ақшаға сатып алатыны да содан болуы керек. Бізге байлық әуелден таңсық емес. Мәселе, мөлдір поэзияның жүректер түкпірлерінде, қия шыңдардың құзар бастарында ғана кездесетін қол жетпес құбылыс екендігінде…

Сұңқар – судағы балықты ілсе, Ақсұңқарұлы сахарадағы қазақ деген халықты ауызынан тастамайды. Сұңқар – маржанды ілсе, Ақсұңқарұлы Мағжанды пір тұтады. Сұңқар – тегін қыраннан өрбітсе, Ақсұңқарұлы  тегін Тұранда билік құрған көшпелі қазақ ұлысынан таратады!

Өзі керемет жақсы көретін Андрей Вознесенскийдің:

«Жазбай-ақ кетер ем, сау денім,

Бірақ та мүмкін бе

ескілеу

жақтауға

Қысылған сәуленің,

Шыңғырған дауысын естімеу» (Ауд. Авт.) дегеніндей, поэзия сондай нәзік, сондай қастерлі ұғым. Тура теңіздің астында, көп адамның қолы жете бермейтін әлгі маржан тастар сияқты бағалы сөз.

Асан қайғының:

«Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады,

Таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады.

Су түбіңде жатқан тас – жел толқытса шығады,

Ой түбінде жатқан сөз – шер толқытса шығады» дегені осы асыл тас, осы асыл сөз. Ақсұңқарұлының өмір бойы жырлап келе жатқан, төбесінен жауған жауһар өлеңдері!

Серік ағамыздың өлеңдері өзінің мінезімен астасып, кез келген жырынан атойлап алға шығып отыратынын сөзіміздің басында бекер айтпадық деп ойлаймыз. Тағы да айтатын сияқтымыз. Ақын бауыры Жанат Жаңқашұлы ол мінездердің біразын таяуда «Тәңір сыйлығының лауреаты» дейтін тамаша мақалаға «тұздық» еткен болатын.  «Секеңде ұйықтағанда ғана эмоция болмайды. Қалған кездің бәрінде – эмоция. Ертеде Қарқаралыға барғанда Серіағаңды танитындар «Осы сен кішкентай күніңде қайнап жатқан қазанға түсіп кетпей қалай аман қалғансың?» деп әзілдегенін естігенбіз. Одан кейін Ғалия шешемізге бұрылып «мынаның мінезін қалай көтеріп жүрсің?» деп сұрады. Жақын таныстары болса керек. Сонда жеңгеміз биязы ғана жымиып: – Ондай түгі де жоқ. Өте жуас, жақсы адам, – деді. Ал Серіағамның қандай «жуас» екенін мен жақсы білем ғой. Ғалия шешем екеуімізді шәй үстінде кезек-кезек қажайтын. Кейде қайнау шегіне жеткізіп тастайды. Сонда да Ғалия шешеміз жымиып отырады.

Серіағам өте асығып, отша  лапылдап жүреді. Әсіресе жол жүрер алдында. Аяқ-қолы асықпағанмен өзі өте асығып тұрады. Сосын, «Ғалия, менің пиджагым қайда», «Үй, соткам қайда, ту, ёлки» секілді сөздер шығады босаға алдынан. Бұл әдетке үйреніп алған Ғалия шешем зыр жүгіріп, пиджагын кигізіп, соткасын қалтасына салып шығарып салады. Отасқаннан бергі үйреншікті жұмысы шығар деп ойлаймын. Алаш жұрты жақсы көретін классик ақын Серіағаның ар жағында бабын тауып зыр жүгіріп жүретін осындай жақсы адам тұр», дейді бір жазбасында Ж.Жаңқашұлы.

Шынымен де Секеңнің үнемі от алып жүретініне барлығымыз үйренгенбіз. Тағы да осы Жанаттың  Қойлыбай Асанов ағамызға айтқаны ғой: – Секеңнің соғымға барғаны, соғысқа барған сияқты, – деп. Күйіп-піскенде де сұмдық енді, маңайын қуырып жібереді.

Қайбір жылы Қарағанды облысының алыс аудандардың біріне жолға шықтық. Әзіл әңгіме болса да ауданның атын атамағанымыз дұрыс. Онсыз да қарсыластарының қатары аз емес. Жолшыбай облыстық бір мүшайраның қорытындысы шыққаны белгілі болды. Комиссия құрамында Секең де бар екен. Әлгі бәйгенің қорытындысы ақынға бірден ұнамады. Шамасы әлсіз өлеңдер өтіп кеткен сияқты. Шыж-быж болды да қалды. Соткасында маза жоқ. «Зағыпар, сен не қарап отырсың?», «Апай, басқа-басқа сіз енді өлеңді түсіну керексіз ғой» деп кезек-кезек звондайды комиссия мүшелеріне.  Жолда келе жатқан соң байланыс кей жерлерде үзіліп-үзіліп кетеді. Секең одан сайын жынданады. Ызаның әбден шегіне жеткен кезде байланыс мүлде құрыды. Мәселе әлі шешілмеген. Бәйге тұлпарға емес, тұғырға берілгелі жатыр. Қайнап тұрған өшін қайтсе біреуден алу керек, қасымыздағы бізге дүркін-дүркін соқтығады. «Мынау неге істемей қалды?», дейді байланысты біз бұғаттап отырғандай. Біздің не кінәміз бар, бұл ауданда өзі байланыс  дұрыс ұстамайды дейміз. – Ел емес екен ғой, – дейді әлгі ауданға жыны келіп. Ауданның бар кінәсі шалғайда жатып, ұялы байланысы нашарлығында ғана. Оны айтқызып тұрған мәселені жоғарыда айтып кеттік. Мұндағы түйткіл, ауданның байланысында емес, бәрі әділдікте жатқан сияқты. Осал өлең оза шапса, нағыз таланттар тасада қалса Секеңнен маза кетті дей беріңіз. Кейін сол үшін басы небір дауға қалатынын да біледі. Бірақ Секеңнің бұл мінезі өлеңге деген адалдық өлшемінен туған, ақынға керек нағыз мінез деп ойлаймыз.

Оған «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» кітабының кез келген бетін ашып қалсаңыз куә боласыз. «Әдеби орта» деген өлеңіндегі мына бір екі жолдың өзі көп дүниені айтып тұр емес пе?

Мұқағали жынды… деп жүрген көкем,

Көзін сығып өксіп тұр:«Данам-ау…» деп.

Өлеңдері өмірдің өзіндей сарт-сұрт. Қай жағыңнан кеп қалғанын білмей дал боласың. Отырып қаласың. Ойланасың. Образдарына сүйсінесің…

«Банкті баукеспе ұрыға,

Халықты Құдайға тапсырдым» дейді.

Тағы бірде:

«Ит пен құс шықты басыңа,

Басыңның жоғын басынып» деп саңқ ете қалады.  Нарықтық экономика алға екпіндеп, рухани ракурсқа рай бұрмай кеткеніміз өтірік емес қой. Ақша озып, ақыл арзандаған кезеңде Ақсұңқарұлы тіпті өршеленді. Анти-поэзиямен жалғыз алысқан жеке батырдай арғымақ-пегастың өмір бойы жалында ұйықтап келеді!

Тағы да осы кітабында:

«Сұлулықты Тәңірі еді жаратқан,

«… Сұмырайды өзім жинап алғанмын» дегеніндей, шайыр ағамыз қазір де өлеңге опасыздық танытқан біреулермен шайқасып жатқанына күмәніміз жоқ.

Жалпы Ақсұңқар ақын туралы таңды таңға ұрып айта беруге болатын шығар. Қарап отырсақ шайырдың бүкіл өмірі талас-тартыс, күрес, бәйге, аламанмен өтіпті. Өмір бойы дау мен додада жүретін ақынның биылғы жарысы да қызық. Мемлекеттік сыйлық та өзінің мінезіне тап келгендей. Тізімдегі «конкуренттерінің» осалы жоқ. Бұл жолғы «қарсыластары» бағанағы өзі саусағымен санай салатын Абай мен Қасым не болмаса Мұқаң мен Жұмекен емес.  Тізімде Ақсұңқарұлынан жасы үлкендері де, жасы кішілері де бар сияқты. Алайда биылғы сыйлықтың жолы демей-ақ қояйық, жөні Секеңді! Неге Секеңдікі екенін тәтпіштеп жату артық деп ойлаймыз.

Бәйгеге түскен күрең кітапты жаба беріп мына бір «Ғасыр адамы» деген өлеңге көзіміз түсіп кетті. Толық оқып шықтық. Жалпы Секең физикті көрсе: – Ақын емес, физик болуым керек еді, – дейді. Сазгер Есжан Әміров досы жазғандай, футбол көрсе: – Әттең Ақтоғайда стадион болған жоқ, әйтпесе қазақтан шыққан тұңғыш Пеле атанар едім, – дейді.

Төмендегі өлеңді ғасыр адамы атанған физик Темірғали Көкетай көкесіне арнаған. Физиканы, химияны қызығып оқығандар жақсы білуі тиіс, дүниедегі ең қатты металл алмаз бен жұп-жұмсақ графиттің құрамы бірдей екен. Мәселе, сол элементті кімнің қалай қайнатуында сияқты. Сенбесеңіз қара қарындаштың ішіндегі графитті мың градустан жоғары қайната алсаңыз ол сөзсіз алмазға айналады. Мың қырлы гауһар осылай түзіледі. Секеңнің бағанадан бері тепкісі темірдей мінезін айттық қой, шын мәнінде жүрегі өте жұмсақ адамның өлеңдері еліне қарап елжіреп тұрады. Ақын әсте қатыгез бола алмас еді. Ақын қатал болса адамзаттың көзін арбар жауһар жырлар қайдан келер еді? Өмірдің көрік үрлеген ыстық жалыны ақын Ақсұңқарұлын мың қырлы жауһарға өзі айналдырғандай, өлеңдері айналғандай.

ҒАСЫР АДАМЫ

Физика-математика — несібіңіз,

Алты Алашқа әйгілі есіміңіз.

Бірақ, аға, есебін бұл қулардың,

Сіз шығара алмайсыз — кешіріңіз!

 

Бұл шайтанның есебі жан улаған,

Шығара алмай, ел естен тануда, аға:

Амалында қосу мен көбейту жоқ,

Бөлу ғана — мұныкі,

Алу ғана.

 

Мен түгілі, көктегі Құдайға анық,

Көз атаулы барады лайланып:

Бөлуменен алудың күні туды,

Көбейту мен қосуың былай қалып.

 

Өз есебін шығармай қоймайды бұл,

Біз — етекте,

Төбеден ойнайды құр:

Сізді қалай — ақымақ, мені — мәжүнін,

Елді — есалаң тобыр деп ойлайды бұл?!.

Қолымызда болса бұндай шедеврлерге біз шаппай бәйге берер едік. Алдағы аламаннан Ақсұңқарұлының арғымақ-пегасы алқынбай дара келсе деп үміттенеміз.

Мирас АСАН,

Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 3.5 / 5. Бағалар саны: 8

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:

Тағы да

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Scroll Up
Close