Мәдениет

Қазақтың бард ақыны Табылды Досымов ғашық болған ару не жазды?

(Қазақтың біртуар бард ақыны Табылды Досымов жайлы естелік)

Негізінде мен Табылды туралы естелік жазамын деп ойлаған емеспін. Жас кезде кім-кіммен әуестенбейді, оның бәрін жаза беруге бола ма? – деуші едім, осы жолы Секең (Серік Аббас шах өтініп сұраған соң) «Жарайды… сен айтсаң. Жазамын, -дедім». Өткенге өкпелеуге бола ма? Әрі бәрі балалық қой, қазір ойласам, мен Табылға қуаныш сыйламасам да, сағыныш, мұң, өкініш арқылы оның творчествосының бұлақ болып ашылуына себебім тиіпті. Өйткені көп әуендері сол жылдарда туды. Шығармашылығының шарықтау шегі болды. Бірақ, өзі мойындамайтын. Студенттер «Сен Ильясоваға әлі ғашықсың», десе намыстанып тіпті «Мен саған ғашық емес ем, » – деп әуенге де салып жібереді.

Журфактың Табылы… ешкімге ұқсамайтын біртуар дарын. Алғаш көргенде беті бұлтиған, ұзын бойлы шып–шымыр бозбала еді. Төбесінде бір тұтам шашы қанша бастырса да жатпайтын сыйқы сотқар балаға ұқсайтын. Құрдастары «Табыл шашын жатқызу үшін тымақ киіп ұйықтайды» деп мазақтайтын. Ол күйіп – пісіп ашуланып қалатын. Бірінші қабатта үлкен аквариум бар болатын, ішінде семіз балық жүретін, сол жоғалып кеткенде «Табыл жеп қойыпты» деп жынына қалай тиуші еді!

Асығыс сөйлеп, әлдеқайда алқынып жатахана баспалдақтарынан жүгіріп көтеріліп, не түсіп келе жатқанын көрсең: «Сәлеметсіз бе?» деп амандасқаныңа мән бермегенсіп басын кегжең еткізіп өте шығады.

Сөйтседе сүйкімді болатын. Соңында қалған ұзын бойлы Абыл деген ұлы бар ғой тура әкесінің жас кезінен айнымай қалған. Ол кезде мен Табылдың таланты барын, не ақын, не әнші екендігін білмейтінмін. Әлде қасында үнемі бірге жүретін сол жылдары аты шыққан ақын Әубәкір Смаилов құрдасының көлеңкесінен көрінбеді ме? Әйтеуір ауылдан келген ұлдың қоңырлау өңі түркі еріндері, сәл келте мұрны оның өркөкіректігін мен мұндалатын тұратын.

«Біреудің жалғыз ұлы екен, сондықтан атын Табылды», – деп қойған дейтін жерлестері. Табылды болса, Табылды шығар деп менде менсінкіремей, ол да мен жаққа көз қырын салмай жүруші едік. Бірақ іштей екеумізді магниттей тартатын бір күштің барын сезінетінмін. Табылда да сол сезім болса керек, әлденеден қорыққандай менен жорта қашқақтап жүретін. Ол өтірігі көзге үрып тұрады. Өзі адай, әрі бір үйдің жалғызы, журфактың Табылы болса не қылсын әркімді бір менсініп… Сөйтіп жүріп бір күні әскерге кетіп қалыпты.

«Кетсе жолы болсын»,– деп ойладым іштей. Бірер жыл өте шықты. Менде ауылдан келген кездегідей емес ортаға үйреніп, жиналып теріліп, қырланып, сырланып деген сияқты бой жетіп қалғам.

Жастық шақтың өзі сұлулық емес пе? Әрі жарқылдаған, назды жанарың байқаусызда жанап өтсе?!

Сол шақта әскерден демалысқа Табыл келе қалмай ма? Қандай өзгерген! Сымбатты, сымдай тартылған жігіт. Кеңестік әскер о кезде кімді болсын шыңдап, жаттығулар мен қатаң тәртіп, арнайы ас мәзірінен бе ауылдан кеткен ұлдарымызды танымай қалушы едік!

Табылдың да өңі үлбіреп, табиғи тазалығы астасып кеткен.

Кешкісін менімен бірге тұрған өнер десе ішкен асын жерге қоятын Гүлбахрам апайымыз Табылды қонаққа шақырды. Кілең азулы, атақтылар жиналды сол кеште. Талай ән шырқалды, қаншама өлең оқылды. Табылдың екі көзі менде. «Не деген өзгеріп кеткен» деп мен ойлағанды ол да ойлап отырған шығар. Жымиып жауап ретінде күлімсіреп қоям. Жасым – он тоғызда. Гүлдей жайнап тұрған шағым. Сол тұста ғой Табылдың:

«Қыпша белің–ай, сенің қыпша белің–ай,

Көжегіне қоянның ұқсап едін еркем–ай

көрмеппедің қазақтың бір баласын (дегенді студенттер дәу баласын деп өзгерте қойды)

неге сонша қуанып, мәз боласың–ай деген әнінің дүниеге келген сәті.

Бәрі оқылып, айтылып бітті–ау деген кезде Табыл гитарасын қолына алды. Фаризаның сөзіне жазған:

«Білмеймін жанарыңнан сыр ұқтым ба, әлде өзімді сол сәтте ұмыттым ба?» деп кететін әнін гитарасын қағып–қағып ырғағына келтіріп орындағанда, отырғандар сілтідей тынды. Оқушы кезінде шығарыпты. Не деген қоңыр дауыс, келісімді үйлестік. Әсіресе гитар қағысы бұлақ аударылып жатқандай әсер етеді. Арамызда бағанадан беру үндемей елді тыңдап отырған Табылды жаңа таныдық. Бір әнді қайта–қайта айтқызып тағы да бірнеше әндерін орындап біткенде таң да атты.

Табыл: «Асығыс едім, ауылға кетіп барамын қайтарда міндетті түрде келемін» деп тек маған айтқандай жымиып бетімнен еркелете шымшылап қойды. Қоштасқан түрі. Басқа еш артық қылық, артық сөз айтылмады.

Мен Табылдың келер күнін асыға тосып жүрдім. Жүрегім қобалжып, оны ұнатқан секілді болдым. Ақыры келді–ау, бір апта дегенде. Той–думан тағы басталды. Мені қасынан тастамай ертіп алады. Осы жолы батыл болып келіпті. Екеуіміз көп сырластық. Ойымыз бір жерден шығады. «Ауылға барсам жеңгем қыз тауыпты. Атын Анар деп қойдым». Ол мені Анарка дейтін. Менің қылығыма, сөздеріме қарап «Ой, Анарка–ай, екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды деуші еді. Сенде жынды мен де жынды… күніміз не болар екен?» деп уайымдайды.

– Не болушы еді? Ажырасамыз да.

Мен әдейі жеңіл сөйлеймін. Ол шын көріп кәдімгіше ренжиді.

– Жоқ, Анарка өйтіп өмір сүруге болмайды, – деп маған ақылын айтпақ болады. Бірақ, жаратылысынан көп сөзі жоқ адам менімен сөз жарыстыра алмайды. Ол демалыстан әскерге кеткен күні он жетінші сәуір таңы еді. Жаңбыр құйып тұр. Алматының орталығындағы аэровокзалға досы Нұрым екеуміз шығарып салдық.

Тасқын су аққан асфальттан ұзын шинелді еңгезердей жігіт мен зат құрлы көрмей көтеріп өткені есімде. «Етік киген екі жылдан естелік» деп бірнеше суреттерін жіберді. Жазуы ірі –ірі болса да маржандай еді. Жолай Москвада, Брестте, Германияға жеткенше хат жазып жіберіп тұрды. Екеуміз бір–бірімізге ыңтық көңілмен не түрлі әңгімелер жазамыз. Ол маған инемен әр өткен күндері тесілген кішкентай күнтізбесін жібереді. Хатты ала салып мен бірнеше күнді инемен тесіп оған жіберемін. Тесілмей қалған күндер азайып келеді. Сөйтіп оның әскерден оралуын өзімізше асыға тостық. Дәл әскерден қайтар кезде біраз хабарласпай қалды. Жүрегім бір жамандықты сезгендей болды, сөйтсем сары ауруға шалдығыпты. Сол бетте шала–шарпы емделіп, үйге қайтуға асықпайма? «аурудың аяғы жаман болады» деген дәрігерлерді дұрыс тындамады ма? Уақытылы емделмей соңы қант диабеті, бауыр ауруына соқты. Сол кезде мұнданып «Солдат сағынышы» деген әдемі әні келді дүниеге. «Сен маған албаты сөз жазба. Мен қызғанамын» – дейтін.

Табиғат беріп қойған күз хабарын

Мен сені күзден дағы қызғанамын

Әйтсе де сезбейсің сен өзінді ойлап

Бұлқынып жас жүректің сыздағанын деп басталатыны есімде.

Қазір ойласам мен Табылға қуаныш сыйламасам да, сағыныш, мұң, творчествосының бұлақ болып ашылуына себепкер болыппын. Көп әндерін маған арнап жазды. Бірақ мойындамайтын, намыстанатын.

Бастапқыда бәрі жақсы болды. Мен оны әскерден қарсы алдым. Ол кезде қалталы телефон деген жоқ қалай сөйлестік екен мені Татарка да тұратын досы Арманның (Сқабылұлы) үйіне қонаққа шақырды. Бір байқағаным Табыл Арманды қатты жақсы көретін, аузынан тастамай айтып отыратын. Арманның үйінде әскерден келген курстас ұлдары жиналыпты. Олар мен таныстырды мен бәрімен шүйіркелесіп, шұрқыраса кеттім. Табыл ол қылығымды жақтырмай отыр, оны елен қылатын мен бе? Әрі өзімді дарынды жазушы санап жүрген кезім.

– Анарка, бері келші. Табыл қолындағы әдемі қорапшасын маған ұсынды.

– Мынау саған.

Біздің елде сатылмайтын Германиядан әкелген бет бояғыштар, әтірдің неше түрі бар екен. Қуанғаным–ай. Кейін мақтанып курстас қыздарға көрестіп жүрдім.

Бірде мен оны оқыстан: «Тәкежан» деп қалдым. Сол–ақ екен оның қатал көрінетін өңі балаша еркелеп, бар тұлғасымен бұрыла қарап, жымия күлімсіреп:

– Қайдан білесін? – деді

– Нені?

– Мені анам ғана Тәкежан дейтін. Ешкімге айтпа, жарайма?

– Тәкежан! Абайдың оңбаған ағасы, деп мен мазақтап күлдім.

– Айтпақшы ана жолы барғанда анама сенің жымиып түскен суретінді көрсеттім: «Сабырлы, әп–әдемі бала екен» деді. Қайдан білсін менен өткен жынды екенінді. Мен қарқылдап күлемін.

– Жазда ауылға келеміз құдай қаласа келінді болып қаларсыз, – деп едім анамның қуанғаны – ай!

Табылдың бұл сөзінен менің көз алдыма балықшылар ауылында екі –үш қара домалақ ертіп жүрген салпыетек түрім елестейді. Өз ойымнан өзім шошимын.

Бір күні «құрбыларымды шақырайыншы» дедім Нархоздың кілен бостандық сүйгіш қыздары. Табыл қуана келісті. Бәріміз Арманның үйіне жиналдық. Кілен ығай–сығайлар. Үзіліс кезінде қыздар отыра қалып темекі тартты. Мен қалысам ба, тарта алмасам да біреуін сұрап алып сорғыштап жатырмын. Жігіттер жағы қазақша тәрбиеленгеннен бе аң –таң.

– Бері келші – деді Табыл. Өңі бұзылып кетіпті.

– Иә не айтасың? Қолымда темекі

Ай–шай жоқ күректей алақанымен бетімнен салып жібермесі бар ма?

Ар жағы еміс–еміс есімде. Тұщы денеме ащы таяқ бірінші рет тигеннен соң ба, ерке өскен қыз еңіреп жүріп тонымды, етігімді киіп жатырмын. Табылда үн жоқ. Қалғандары басу айтса да қарайламаймын. Өкпем қара қазандай.

Далаға шығып, аялдамаға қарай ұшып келемін. Табыл сонымнан жүгіре шықты. Әлдене дегендей болды. Мен теріс бұрылып кете бардым. Сол кеткеннен, мол кеттім. Оқуды тастап ауылға бірақ тарттым. Табылдың қалған жағдайын Арман Сқабылұлы «Табылдың махаббаты» деген естелігінде ашық жазған. Тек менің есімімді Ажар деп өзгертіпті. Ғаламтордан тауып алып, оқуларыңызға болады.

Бір жылдан кейін ақыл тоқтатып оқуыма қайтып келдім. Табылды мүлдем ұмытқанмын. Ол болса күтіп жүріпті. Енді махаббатын басқа кезеңі басталды. Ол мені көрсе, тұра қуады. Мен қашып тығыламын, не біреулер араша түседі. Айтатыны кешірім сұрау, «қайта бірге болайық» дейді. Мен болсам: «арамызда әңгіме біткен» деп бой бермеймін. Оның төбесін алыстан көрсем, жасырынып қалам. Ол іздейді кеп. «Сүймеймін» десем ұқпайды.

Бір күні жатақханада шырт ұйқыда жатқанмын. Түн жарымы.

«Анар, Анар ояншы сені біреу шақырып тұр» деді қасымда бірге тұратын қыз.

Балконға шықсам, жаңбыр құйып тұр. Төменде шамның жарығынан көргенім қол шатыр ұстап Табыл тұр.

– Анарка, бүгін он жетінші сәуір ғой сен мені әскерге шығарып салған күн емес пе? Менің жанымды өткен естеліктер езгілеп жатқанда сенінң тыныш ұйықтағаныңа төзе алмадым.

– Қош бол.

Табылдың осы қылығына кейде күлкім келеді. Кейде «творчество адамы ғой» деп елен қылмайтынмын.

Бірде курстасым Дәмеш қатты кейіп отыр. «Ана Табыл деген оңбаған екен, альбомымды көріп отырған, біраздан кейін сып беріп жоғалды. Қарасам альбомдағы сенін суретінді ойып отырып алып кетіпті.»

Ұрлап кеткені аздай өзінің альбомына жапсырып, астына «Ильясова – ай, батқанда күн ұясын–ай, жымиясың –ай» деп жазып қойыпты. Кек алған түрі.

Студенттерге не, мазақ керек? Мен өткен сайын соңымнан: «Ильясова – ай, батқанда күн ұясын–ай, жымиясың –ай,-» Менің ашуымды келтіріп әндете жөнеледі.

Әбден көңілі қалған соң «махаббат пен жеккөруді арасы бір-ақ тұтам» демей ме, ол мені көрсе кері бұрылып кетеді.

Қазір жасым елуде енсергенде ойлаймын: «Неге обал, сауапты білмеді екем?» деп. Табыл келе жатса қасымда отырған жігітке «мені дереу құшақта», –деп сыбыр етемін. Оңдағым Табылдың алай–дүлей болған түрін көру. Содан ләззат аламын. Бір әнінде айтады ғой «Ұнатамын дегінім жасандылық, саған деген жүрегім құрақ–құрақ» деп. Бірақ қандай мұңды әндер жазды сол кезде. Жүрегіне қандай ауыр болғанын қасындағы досы Арман біледі ғой, мен асыра айтсам.

Өзінде де бар… несі бар біреудің баласын ұрып.

Табыл әскерден кейін жабысқан дертінен айыға алмады. Денесі мүлдем толып, сыптай сұлу жігіттен дым қалмады. Соның бәрі ағзаның дұрыс жұмыс істемегенінен. Әттен, емделіп дәрігерге қаралған ол жоқ. Серілік құрып жүре берді.

Көп ұзамай мен тұрмысқа шығып кеттім. Екеуміз амандасудан қалдық. Бір аудиторияда отырып, бір–бірімізді көрмейміз.

Осыдан он екі жыл бұрын студенттермен жиырма жылдық кездесуіміз өтті. Мен «Табыл келетін шығар бар қателегім үшін кешірім сұраймын» деп Өскеменнен Алматыға әдейі келдім. Ол кезде Табылдың бард ақын атағы бүкіл Қазақстанға шырқап тұрған. Тіпті менің балаларыма дейін бір кезде оның маған жазған әндерін ыңылдап айтып жүретін. Кездесуге ол келе алмады. «Жағдайы ауыр, анасы қайтыс болыпты, балалы–шағалы дегендей» деді жерлестері. Әттең –ай, кездескенде ғой, баяғыдағы «жынды Анарканың» қандай өзгергенін көрер еді, – деп өкініп қалдым.

Үш төрт жылдан кейін Табыл қайтыс болды деген хабар келді. Өзі айтпақшы ұйықтап жатып қырық алтысында оянбай қалыпты. Әулие дейді ондай адамдарды. Тым ерте кетті алып дарынның әлі айтары да жазары да көп еді. Ішім ашыды. Отбасына көмек болсын деп Жұмабайдан қомақты қаржы жібердім.

Сол түні түсіме кірді. Дәл «Тәкежан» деп қалғанда бар ынтасымен күлімсіреп қарағандай қарап: « Мен сені қайда жүрсен де білетінмін, бәрінен хабардар болып отыратынмын» – дедің.

Мен Шығыста сен Батыста болсаң да көзге көрінбейтін бір байланыс болғаны хақ.

Енді сен тарихқа айналдын, Тәкежан, – дегім келеді…

 

Анар ИЛЬЯСОВА

9 сәуір, 2022 жыл

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 4 / 5. Бағалар саны: 626

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.