Мәдениет/Тарих

Поэзия әлемі: Қымбат Жампейісованың шығармашылығы

5
(1)

Newsroom + ақпарат агенттігі ақын Қымбат Жампейісованың шығармашылығынан өлеңдер топтамасын ұсынады. Сондай-ақ, редакция ұжымы алдағы уақыттарда да шығармашылық адамдарымен байланыс орнатуға әзір екенін, ол үшін эксклюзивті, бұрын-соңды жарияланбаған шығармалар топтамасы болса, қабылдап, қарастыруға әзір екенін мәлімдейді.

Махаббатым

Махаббатым – сары дала күзіндей,

Бірде дауыл, жауын – шашын үзілмей,

Албырт сезім жабырқатты тоңдырды

Денем мұздап түн жарымда көз ілмей.

***

Махаббатым – аппақ қардай, мамықтай,

Көз тоймайтын қарай берер қанықпай,

Сергелдеңге салған албырт сезімді

Сырлы шерді қойды ешбір жан ұқпай.

***

Махаббатым тамылжыған көктемдей,

Нәзік сезім самал жел боп өпкендей,

Қары еріп ағып жатты жылғадан

Құдды ғашық көздің жасын төккендей.

**

Махаббатым толқып аққан теңіздей,

Құдды жаным тылсым күшпен егіздей,

Сағынамын, жүрек сілкіп жабырқап

Жаным жүдеп, сезім толқып сені іздей.


Кіп-кішкентай торғайдай

Кіп – кішкентай торғайдай,

Жылу іздеп қонғандай,

Сәл жылынып жадырап,

Болдым бір сәт тоңғандай.

***

Кіп – кішкентай торғайдай,

Жұпар иісті сорғандай,

Болдым бір кез ауаңа

Жұта сала қанғандай.

***

Кіп – кішкентай торғайдай,

Жаным жүдеу болғандай,

Жаутаңдадым жалтақтап

Бейбақ құстай сормаңдай.

***

Кіп – кішкентай торғайдай,

Жаным əуен салғандай,

Сезіндім сəл бақытты

Шаттық келіп қонғандай.

***

Кіп – кішкентай торғайдай,

Күлше нанға тойғандай,

Сезіндім шат шаттықты

Бақытты шақ болғандай.

***

Кіп – кішентай торғайдай,

Дала шуға толғандай,

Шиқылдаған əуен сап

Торғай салған əн қандай?!

***

Кіп – кішкентай торғайдай,

Гүл бағына қонғандай,

Жаным бақыт сезінді

Сазды əуенге салғандай!


Білгің келсе асыл ер жауабымды

Көздің жасы моншақтап жанарымнан,

Сыздым дастан сиқырлы қаламымнан.

Төктім жырды мендегі қабыл алғын,

Сыр дəптерге түсті жыр  қалауымнан.

***

Ынтық болсам əр сəтке саған ұдай,

Маңдайымның бағына баладым – ай.

Аңсар ауып, асық боп  көріскенше,

Сағыныштан сарғайдым қарағым – ай.

***

Көздің жасы тамшылап жанарымнан,

Ішім өрт боп қызғандым сан арудан.

Сүйген жүрек нəзіктеу, ренжіп қалам,

Орынсыздық болғанда  қадамыңнан.

***

Байқап қалсам сұрықсыз қабағыңды,

Саралаймын айтқан сөз,  амалымды.

Дара жансың, ешкімге тең келмейтін,

Сары алтындай салмағың  маған үлгі.

***

Бағалайтын жақсыға  талабымды,

Махаббатым  ұштады қаламымды.

Шын сезімді, əрдайым жырға тізем,

Білгің келсе асыл ер жауабымды.


Алыстама

Алыстама махаббатым баянды,

Паналайын сенің жылу саяңды.

Күрең тартқан мағынасыз өмірім

Сен келгелі түрлі түске боялды.

***

Өзің болдың жанарымның жарығы,

Лүпілдеген жүрегімнің бар үні.

Сарғайғанда  көз алдыма келеді

Сағынғанда нұр бейнеңнің  сағымы.

***

Алыстама жүрегімнің патшасы,

Мендік жырды, сезім отын сақташы.

Жанарымыз түйіскенде сезіммен

Жайқалады көңілімнің бақшасы.

***

Алыстама махаббатым, ханзадам,

Өзіңді ойлап əр күн сайын толғанам.

Бар бойымды шымырлатып баурайды

Сен орындап «Аяулым» деп салған əн.

***

Алыстама аңсағаным, арманым,

Салқындықпен жүрегіме салма мұң.

Басқа жанды қаламаймын бар шыным

Саған ғана түсті менің таңдауым!

 

Фото: proza.ru

 

 

 

 

 

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Бөлісу:

Тағы да

Scroll Up
Close