Мәдениет

Әмина Өмірзақова: «Жесір қалған соң сағым сынып, ұзақ уақыт өзіме келе алмадым»

4.3
(65)
Жолдасым, республикаға еңбегі сіңген әртіс Кәмәсия Өмірзақов. Бойындағы дарыны көл-көсір дариядай, бірақ онысын көп шаша бермейтін бітімі бөлек жан еді.
Біз алдын ала дайындалып, айтатын сөзімізді сан мәрте қайталап, жаттап, жанталасып жатқанда ол у-дуға араласпай, өзімен өзі тып-тыныш тұратын. Ал сахнаға шыққанда, қай уақытта жаттап үлгергенін білмейсің, қағазға қарау немесе тоқтап қалу деген онда жоқ.
Сөзінің бәрін жанынан шығарып тұрғандай іштен, көмейден табиғи қалыпта шығаратын.
Жеңгелері еркелетіп «Комиссия» деп атаған. Шын аты Хамедияр болатын. Әйел деген атым болмаса, мен не базар, не дүкен дегенді білген емеспін.
Таңертең тұрып пешті жағатын – ол, базарға барып нан-сүт әкелетін – ол. Шайды қойып қояды, сосын барып мені оятады.
Менің жолдасымның әйел-балаға деген қамқорлығы ерекше-тұғын. Менің білетінім тек кино мен театр, радио жұмыстары болатын.
Үйдегі барлық ауыртпалықты күйеуім көтерді. Содан да мен еркін жүріп-тұрдым, еркін жұмыс істедім. Әйелін алақанына салып аялаған екі адам болса, соның бірі менің жолдасым болды.
Күйеуім қайтқаннан кейін екінші қайтара тұрмысқа шықпадым.
Үш баламды ешкімнің көзіне түрткі қылғым келмеді. Тағдырыма жазылған соң бәріне көндім. «Қыз қияға, ұл ұяға қоныстанады, түбінде сен жалғыз қаласың ғой, өзіңді неге ойламайсың?» деген ақылшыларға «былжырамаңдаршы» дейтінмін.
Әрине, жолдасым қайтқан соң қиыншылыққа бір емес, бірнеше рет кездестім. Көрінген көк аттының жетегінде кете беру шарт емес. Перзент алдында аналық парызды өтеу керек. Меніңше, нағыз ана боламын десең, сүйген жарымнан көрген баламды адам қыламын десең, өзіңе-өзің берік болуың керек.
Әйтпесе сөз айтушылардан кенде болған жоқпыз. Әлі есімде, телефон шылдырласа бітті, қызым есіктің артына тығылып алып аңдып тұратын: «Кім екен звондаған, еркек пе, әйел ме?» деп.
Мен жолдасыма сеніп кеткем ғой. Ол қайтыс болып, үш баламен қалған кезімде алғашында қатты басылып жүрдім. Бұрынғыдай сақылдап күлу, жайнап киіну жоқ.
Бір күні театрға келсем, бір актриса: «Әй, мына Әминаға не болып кеткен?» – деді. Сол маған құдды біреу пышақ сұғып алғандай әсер етті. Содан бастап өз-өзімді қолға алдым.
Онлайн Қазақстан.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 4.3 / 5. Бағалар саны: 65

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button