Мәдениет/Тарих

Cоғысқа қатысып, аман келген Абайдың шөбересі

2.7
(9)

Ишағы Жағыпарқызы 1922 жылы Қарауыл ауылында туған. Ол Абайдың ақын ұлы, «Еңлік-Кебек», «Медғат-Қасым» поэмаларының авторы – Мағауияның баласы Жағыпардан тараған Абайдың шөбересі. Жағыпар Мағауияұлының үш қызы – Рапила, Ишағы, Ғазел және екі ұлы – Берекехан, Жошыхан болған.

Әкесі 1934 жылы дүниеден өткеннен кейін балалар Семейдегі мектеп-интернатта тәрбиеленеді. Ишағы Жағыпарқызы интернаттың 9-сыныбында оқып жүргенде соғыс басталады. Алдымен отбасындағы ұлдар майданға аттанған. 20 жастағы Ишағы Жағыпарқызы майданға өз еркімен сұранып, 1942 ж майданға жіберіледі.

Ишағы Жағыпарқызы Хабаровск қаласындағы авиацияның кіші мамандарын даярлайтын мектепке жіберіледі. Авиацияның кіші қызметкерлерін дайындайтын курсты оқып бітіріп, авиаатқыш мамандығын алып, соғысқа аттанады.

Қиыр Шығыс майданының 307-авиаполкінде Харбин маңында авиация технигі болып қызмет еткен Ишағы Жағыпарқызы «шебер атқыш» деген атаққа ие болады. 1945 жылы Манчжурия территориясындағы Жапонияға қарсы ұрыстарға қатысып, көрсеткен ерлігі үшін Ишағы Жағыпарқызына И.Сталиннің 23.08.1945 жылғы № 372 бұйрығымен алғыс жарияланады.


Ұлы Отан соғысына Абай ұрпақтарынан тоғыз адам қатысқан. Соның екеуі ғана елге аман оралған. Соғыстан кейін 1946 жылы Алматыға келіп Қыздар педагогикалық институтына оқуға түседі. Қолында әпкесі мен сіңлісі болғандықтан оқуды аяқтамай, Абай атындағы Алматы педагогикалық институтының сырттай оқу бөліміне ауысады.

1954 жылы Мелиорация және су шаруашылығы министрлігіне жұмысқа орналасады. Сол жерде қырық жылға жуық кадр бөлімінде қызмет істеп, 1988 жылы зейнеткерлікке шығады.

Абай Құнанбайұлының шөбересі, Ұлы Отан соғысының ардагері Ишағы Жағыпарқызы 2014 жылы 92 жасында дүниеден өтті.

Өзінің сұхбаттарында Әуезовтен кейін Абай ұрпағына көмек қолын созған –Мұхтар Құл-Мұхаммед екендігін айтады. 1990 жылдары Мұхтар Құл-Мұхаммед Мағауия Абайұлының екі немересі Ишағы мен Ғазелге арнайы зейнетақы тағайындаған.

Әубәкір, Ж. (2014). Асылдың сынығы еді. turkystan.kz

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 2.7 / 5. Бағалар саны: 9

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button