«Рухани жаңғыру» және Түркістан: тарихи өлке қалай жаңғыруда?

 418 

Қазақ тарихының түп негізіндей бір замандары астанасы болған Түркістанның орны ерекше.  Түркістан түгел түркінің төріне айналады –  деп Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай облыс орталығы болған қала да руханияттан бөлек, қаншама млрд қаржының құрылыс жұмыстары да қарқынды жүруде.

– Түркістан – мемлекетіміздің алтын бесігі. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы мен жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Алдағы жұмыстарым туралы және қоғамды толғандырған мәселелерді шешуге байланысты ойымды дәл осы жерде бөліскім келеді, – деген өткен жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондықтан біз осы орайда, елімізге танымал сарапшылар мен қоғам белсенділерінің ойын білуді жөн көрдік.

Бұл туралы әлеуметтанушы Амангелді Құрметұлы: Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланғанына үш жыл болғанын және келесідей ел өмірінде байқалған құбылыстар жайлы айтады. «Рухани жаңғыру» мақаласынан соң, жер-су атаулары алмасып, Шығыстағы Зырян Алтай – деп өзгерді. Соның ішінде оңтүстік өңірдегі Түркістан облыс болып жарияланды, Түркістан қаласы облыстың орталығына айналды. Бұл жерде айта кететін нәрсе – Алтай мен Түркістан күллі түркі әлеміне ортақ ұғым. Алтай біздің түп-тамырымыз болса, Түркістан деген барша түркі халықтарының атамекені дейтін астарлы ұғымға апаратын атау. Ресми әлем картасында Түркістан деген атауы бар өңір осылайша пайда болды. Түркістан облысының құрылуының нәтижесінде түркі әлемінің ортақ ұғымына айналған атау әлем картасына осылайша енді. Бұл жерде бірнеше мақсаттар бар сияқты. Біз түркі әлемінің бірлігіне, өзара ықпалдастыққа, интеграцияға мүдделіміз – деген сигнал сияқты. Бұл – Қазақстанның түркілік ынтымақтастықтан бас тартпаймыз деген оң ниетінің бір нышаны болса керек – дейді ол.

Сондай-ақ, А.Құрметұлы: – Әлеуметтік тұрғыдан келетін болсақ, елімізде ірі мегажобалар аяқталып қалды. Соңғы жобаның бірі – ЭКСПО еді. Жұмыссыздық мәселесі байқалып келе жатқан оңтүстік өңірдегі мәселені шешу керек болатын. Дер уағында шешілмесе, еңбек миграциясы туындап, билік үшін теріс имидж болуы мүмкін. Екі қалада жүріп жатқан құрылыс жұмыстары қазір біраз отбасыларға күнкөріс көзі. Түркістан – әлем мен ішкі саясатқа арналған месседжерді арнап отырған еліміздегі ең қарқынды жобалардың бірі әрі бірегейі. Өңірге түркі әлемінің инвестициясын молынан тартуға болады. Қазірдің өзінде түркиялық кәсіпкерлер өте қатты қызығып отыр. Тек коронавирустағы карантин болмаса, жуырда бәрі жақсы болайын деп отыр. Түркістан деген атаумен біз көрші елдерді басып озғандаймыз. Қастерлі атау арқылы имидждік және инвестициялық біршама жұмыстарды атқаруға мол мүмкіндігі болған көршілеріміздің алдын орап, Елбасы тарихи сәтте тарихи шешім шығарды – деп өз ойын қорытындылады.

Тарих күрделі дүние. Түркі әлемі және Түркістан десе, есіме – Энвер-паша түседі – деген жазушы-журналист Абай Ескендіров сөзін одан әрмен былай деп жалғады. «Иә, кәдімгі тарихи бейнесі Ататүріктің тасасында қалып кеткен пантүркизм мен түркі әлемінің идеологы және практигі болған Исмаил Энверді айтам. Ататүрік те, Энвер-паша да түркі әлемінің бірлігін және Түркістанды бір көрсем деп ойлаған шығар деп ойлаймын оңашада. Әйтпесе, Энвер-паша Бұхараға келіп, «қызылдарға» қарсы соғысып қаза таппас еді ғой…  Хандар мен билер жатқан қасиетті мекен ғой Түркістан. Түсіне білгенге парқы бар, қадірлей білгенге құны бар қасиетті қаламыздың бірі әрі бірегейі.

«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» – деген Міржақып Дулатов мәселен, Түркістан республикасының «Ақ жол» газетінде қызметте болған, біле білсеңіз.

«Жаһан таныған жеті тұлға» атты кітаптың авторы ретінде айтайын, 1918 жылы Түркістан кеңестік федеративтік республикасы деп жарияланған мемлекет болған тарихта. Сондықтан, қазіргі облыстың орталығына айналған V-VІ ғасырларда іргетасы қаланған – Түркістанды алаштың кіндігі ғой деп айтсақ артық айтқандығымыз емес.

Тарихтан бөлек, экономика да Түркістанда тәп-тәуір дамып келеді. 2020 жылдың 1 қаңтарындағы дерекке сүйенсек, аталмыш облыста 141,9 мың шағын және орта бизнес өкілдері бар екен. Өткен жылы дәл осы шағын және орта бизнестің өкілдері 449,3 млрд теңгенің өнімін шығарған. Керемет емес пе? Ашық дереккөздерге сүйенсек, бұл – 2018 жылға қарағанда 132,8 пайызға артыпты. 2019 жылдың өзінде 214,8 мың адам шағын және орта бизнесте тер төккен. Салыстырмалы түрде айтсам, 2018 жылға қарағанда 7,2 пайызға артқан екен.

Жаңа тарихтан сөз қозғағанымдай, Түркістан облысы геосаяси және географиялық тұрғыда өте ыңғайлы жерде орналасқан. «Батыс Қытай және Батыс Еуропа» автомагистралінің өзімен қанша қаржы көзін тартуға болады. Облыс тұрғындары үшін қосымша табыс көзі болуға әбден мүмкіндігі бар жобаларымыздың бірі. Сондықтан, Түркістан тек тарихтың ғана емес, экономика мен туризмнің де отаны десек, артық айтқандығымыз емес».

Абай Ескендіровтің пікірінен соң, өз ойымен бөліскен Халықаралық экономика сарапшысы, Қытайдағы Каржы және Экономика Университетінің, «Халықаралық бизнес» мандығының магистр иесі,  Қайсар Еркінбаев былай деп өз ойымен бөлісті. «Өткен жылы Түркістан облысында Қазақстан-Қытай индустриялық паркі туралы келісімге қол қойылды. Бұл туралы премьер-министр Асқар Маминнің Түркістан қаласына сапары барысында белгілі болған еді. Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және қытайлық KAZAKHSTAN CHN-KZ ELECTRIC INDUSTRIAL PARK компаниясы 524 миллиард доллар сомасына өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған болатын. Мәселен, сол өткен жылғы келісім негізінде «Түркістан» индустриялық аймағында Қазақстан-Қытай индустриялық паркі салынады деп күтілуде. Онда энергетикалық жабдық пен бұйымдар шығарылады деп жоспарлануда. Егер бұл жоба сәтті іске асса, жаңа жұмыс орындары ашылып, аймақтың индустриялық әлеуеті арта түсетін болады деген ойдамын.

Қазіргі жағдайдағы карантин көптеген шаруаларға қол байлау болып отыр. Бірақ бұл қол қусырып қарап отыру дегенді білдірмейді. Әр кризисте мүмкіндік бар деген принцип жалпы кәсіпкерлердің  басты қағидасына айналу керек. Қазіргі таңда  Қазақстан мен Қытайдың экономикалық сауда қарым-қатынасы қарқынды дамуда, соның ішінде еліміздің экологиялық таза «eco-friendly» ауылшаруашылық өнімдері аспан асты елінде үлкен сұранысқа ие. Түркістандық диқандардың қырыққабаттарын, Қытай еліне апарып неге саудаламасқа? Дәл қазір күн тәртібінде күйіп тұрған мәселе бұл. Ішкі нарықты толықтай қамтамасыз еткен соң,өнімдермізді алыс-жақын шетелге экпортқа шығару экономикаға оң жағынан әсер ететін болады. Басты айтарым қазіргідей дағдарыс бұл кәсіпкерлерге де жаңа шындықта жұмыс жасауға, бұрынғы менеджменттік басқару мен маркетингттік стратегиялардан, түрлі ескірген және көнерген қасаң қағидалардан  бас тартып, жаңа креативті ойлармен, ұтымды шешімдерді заманауи түрде тиімді әрі ыңғайлы  қолдануды талап ететін уақыт.

«Рухани Жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары, саясаттанушы Артур Нығметовтің пікірінше: Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасына толған – 3 жылдың ішінде біршама іргелі істер атқарылған. Осы уақыт аралығында еліміздегі қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған бағдарламалық мақала аясында, қаншама жұмыстар жасалған. Қазақстанда 12 миллионнан астам адамды қамтыған 93 мың іс-шара өткізілген. 2 мың 600-ден астам нысан салынған. Әлеуметтік маңызға ие 2 мың 142 ғимарат жөнделген – дейді танымал саясаттанушы.

Оның айтуынша, тарихи-мәдени мұраны жүйелеу нәтижесінде, Қазақстанның киелі жерлерінің тізімі жасалып және олар жаңарып ескертіштер реставрациядан өткен. Соның ішінде Түркістан облысындағы Отырар қалашығын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Биыл шығыстан шыққан ұлы ойшыл Әл-Фарабидың туғанына 1150 жыл. Әл-Фарабидың Отырардан шыққанын ескерсек, бұл – өткенімізді ұмытпау, келешекіті бағдарлау. Осы жерде қоса кетейін, биыл Абайдың 175, Ш.Уәлихановтың 185 жылдығы. Бұл даталарды да ұмытпауымыз қажет. Мақала жарияланған уақыттан соң араға бірер жылдай салып, Түркістан облысы құрылды. Одан бөлек, тарихи маңызы бар «Ұлытау», «Отырар», «Таңбалы» орталықтары ашылды. 27 сәулет ескерткіші 3D форматында цифрландырылды – дейді Артур Нығметов.

Бағдарламалық мақала аясында, 2018 жылы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде «Қазіргі қазақ бейнелеу өнерінің антологиясы» атты каталог жарық көрді. Қазақстан әдебиетінің «проза» және «поэзия» жанрлары бойынша шығармалары БҰҰ 6 тіліне аударылды. Гуманитарлық бағыттағы 77 оқулық қазақ тілінде қол жетімді. Оның 47-сі баспадан шығарылып, жоғары оқу орындарына жіберілді. «Туған жер» арнайы жобасы аясында 5 пен 7-сыныптың бағдарламасына «Өлкетану» курсы енгізілді. Осы курс аясында Түркістан секілді тарихи өлкелерді насихаттауымыз керек – деген Артур Нығметов – бүгіннің өзінде 13 арнайы жоба жүзеге асырылып жатыр – деді.

Түркістан – күллі түркі тілдес халықтар мен жалпы мұсылман баласына қасиетті мекен – дейді kazislam.kz сайтының Бас редакторы, танымал қоғам белсендісі Саясат Идеятұлы.

Оның айтуынша бұл өлке – ең алдымен ислам дінін таратушылардың бірі, сопылық ілімнің негізін қалаушы, ғұлама әрі әулие тарихатшы, ақын, философ Қожа Ахмет Яссауи бабамыз мәңгілік тыныс тапқан мекен.

«Түркістан – ислам дінін Орталық Азияға әкелген арабтардың, қытай мен парсылардың және еуропалықтардың көз құртына айналған «Ұлы жібек жолының» ортасындағы ең үлкен қала, жаңа сөзімнің басында айтып өткендей, күллі түркі жұртының тарихи әрі рухани астанасы. Түркістандағы кесенеде жүздеген хандарымыз бен билеріміздің, батырларымыз бен ақындарымыздың, әулие-әнбиелеріміздің жалпы қорыта айтқанда, қазақтың сүт бетіне шыққан тұлғаларының мазарлары бар. Сол алдыңғы толқын бабалар сөзімен айтқанда: Түркістан – түмен бап жатқан киелі қабірстан».

«Түркістан – Әбу-Ханифа мәзхабын ұстанған түркі жұртының қасиетті діни орталығы болып табылады. Қожа Ахмет Яссауи қалыптастырған сопылық ағым осы Түркістан арқылы әлемге тарады. Одан бергі тарихқа үңілсек, XVIII ғасырдағы Түркістан қаласының картасын еуропалық жиһангездер К.Миллер мен Д.Г.Мессершмидтің экспедициясы салыпты. Сызба соңына тамшыға ұқсас Тәуке ханның мөрін бастырып алған дейді интернеттегі ашық дереккөздер. Сол картада мешіттер христан храмдарының белгісімен беріліпті. Түркістандағы қамалдар Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, керуен-сарай, хан ордасы, айнала аққан өзен мен 4 қақпасы да анық көрсетіліпті. К.Миллер мен Д.Г.Мессершмидтің 1743 жылғы құжаттарынан алынған екен.

Тарихқа үңілсек, орта және одан бергі ғасырларда да Түркістан қаласында мешіттер көп болып, ол мешіттер халықтың рухани игілігі үшін қызмет етіпті. Мешіттерде құтпа оқылып, мемлекет басшысының есімі аталынып отырған. Сол замандарда Яссы қаласы діни орталық болғандықтан, қаладағы мешіттерде билеуші есімін атау үлкен маңызға ие болыпты. Имамдардың басым бөлігі түркістандықтардан шығып, олар Орта Азия және Таяу Шығыс елдеріндегі үздік жоғары білім ошақтарында білім алған. Сонымен қатар көршілес жатқан ислам елдерінен білімді дін өкілдерін шақырып тәжірибе алмасқан. Сондықтан Түркістанның тарихын түгелдеу келешектің ісі».

Елбасы мақаласының жарияланғанына биыл 3 жылдан, Түркістан облысының құрылғанына 2 жылдан асты. Тарих пен келешекті және қазіргі қоғамды ұштастырған бағдарламалық мақала мен бүгінімізге сеп болған миллионнан астам халқы бар өлке туралы ой түйіп, елімізге танымал сарапшылардың пікірін қаттап, қағазға түсіргеніміз осы болды, ойы қарақты оқырман. Қалған шешім өздеріңізден болсын…

 

 

Уәли ЖҰМА

 

Бөлісу: