Экономикалық журналист: мұнайдың қымбаттауы да лоторея

 205 

Алдағы үш жылда ұлттық қорды 6-7 млрд теңгеге ортайтамыз немесе осындай ақшаны доллармен шетелден қарызға аламыз. (Бұл дегеніңіз табысы күнкөріске жетпейтін убыточный бизнес сияқты ғой. Ғылымды қаржыландыру мен жалақыны көбейту туралы айтпай-ақ қоюға болады).

Саудия мен Ресейдің арасындағы мұнай дағдарысы тоқтады. Наурыздың басында Саудияның мұнай өндіру көлемін азайту туралы талабын басыну деп қабылдап, ОПЕК+ келісімінен шығып кеткен Ресей сабасына түсті. Қазір тәулігіне 10,3 млн баррель өндіріп отырған орыстар енді өндірісті 8,5 млн баррельден асырмауы керек. Саудия үшін де осындай шектеу. Әзірге келісім күшіне енген жоқ, өйткені Мексика өзіне берілген квотаға көнбей отырған көрінеді. Бастысы екі алып келісті. Осының өзі мұнайдың бір сәтте 36 долларға дейін өсуіне себеп болған, бірақ артынша қайтадан 32 доллардан да арзандап кетті. Өйткені Трамп мұнай импортына баж салығын салуы мүмкін екенін айтыпты.

Олай болса, АҚШ нарығына экспорттаушылар азаяды. Өзі 30 долларға сатылатын мұнайға баж салығын төлесе, пайда қайда? Есесіне АҚШ-тың ішкі нарығын отандық өндірушілері толтырады. Қазір олар банкрот болып жатыр. Трамп соларды қолдау үшін өзінің «көзірі» әлгіндей протекционизм саясатына баруы мүмкін екенін айтып отыр. Енді американың WTI мұнайының өндірісі одан сайын өседі. Ішкі нарыққа Трамп кепіл, ал сыртқы нарықта ОПЕК шектеуден аса алмайды, америкалықтар клиенттерді «объеммен» алып қоя алады.

Қазір ОПЕК+ мүшелері АҚШ пен Канада да келісімді қолдап өндірісті 5 млн-ға азайтады деген есек дәмемен отыр. Канаданы қайдам, АҚШ өндірісті көбейтпесе азайтпайды. Канада да азайтады дей алмас едім, өйткені онсыз да бұл елдің экспорты короновирус кесірінен азайып қалды. Трамп сонау 2016 жылғы мақсатына жетті, бағаны да түсірді, отандық мұнайшыларды да жұмыссыз қалдырмады.

Мұнай экспорттаушы елдер өндірісті азайтқанымен баға осылайша өзгеріссіз қалды. Әлем короновирустан жазылғаннан кейін қайтадан баяғыша өмір сүреміз деп жүрген Қазақстан секілді елдерге Трамптың жаңағы сөзі күтпеген соққы болды. Мұнай бағасы биыл орта есеппен 42 доллар, келесі жылы 50 доллар болып, 60 долларға 2022 жылы жетеді деп болжанған еді, енді бұл көрсеткіштер анағұрлым азаяды.

Енді есептей беріңіз, Қазақстанның бюджеті өзін өзі асырай алу үшін, ұлттық қорға кірген кіріс бюджетке аударылатын трансферттен кем болмауы үшін, яғни Қазақстанның табысы минусқа кетпеуі үшін баға кемі 65 доллар болуы керек.

2014 жылғы шикізат дағдарысынан кейін 30 доллардан төмен түсіп кеткен баға ОПЕК+ келісімі арқасында 85 долларға дейін жеткен еді, енді бұл тәсіл өтпейтін сияқты.

Өзіміз контролировать ете алмайтын нәрсеге сенуге болмайды, АҚШ саясаты бүгін былай ертең басқаша, Саудия ертең не істейтінін білмейміз, тиісінше мұнайдың қымбаттауы да лоторея. Ең оңайы және дұрысы – экономикаға түбегейлі, батыл реформа керек.

Бауыржан МҰҚАНОВ

Бөлісу: