Абай облысында спорт мектебінің бухгалтері 8,3 млн теңгені жымқырған
Абай облысының Жарма ауданында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бухгалтері мемлекет қаржысын заңсыз иемденгені үшін сотталды.
Тергеу мәліметінше, «Жарма аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КМК-ның бухгалтері екі жыл бойы жалақыны заңсыз көбейтіп есептеп келген. Ол артық қаражатты өзінің және мекеме іс жүргізушісінің банктік шоттарына аударған.
Осының салдарынан мемлекетке 8,3 млн теңге көлемінде залал келген.
Аталған заңбұзушылықты аудан прокуратурасы анықтап, қылмыстық іс тіркеді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бухгалтер өз кінәсін мойындап, келтірілген шығынды толық өтеген.
Жарма аудандық сотының үкімімен ол ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот шешімімен оған 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, 5 жыл бойы белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салынды.