Атырауда газ-ауа қоспасы жарылды
Атырау қаласындағы Авангард-2 шағынауданында газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан бір адам зардап шекті. Оқиға үш қабатты ғимаратқа жапсарлас орналасқан қазандықта болған. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Жарылыс толқыны бірнеше пәтердің терезесін сындырған. Сонымен қатар екі жеңіл автокөлікке зақым келген. Зардап шеккен адам ауруханаға жеткізілді.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға орнында ТЖД, жергілікті атқарушы органдардың, полиция департаментінің қызметкерлері және Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмыс істеп жатыр.
Қазіргі уақытта төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары жалғасуда.