Қаржы

Дүниежүзілік банк жаһандық инфляция қаупін ескертті

Дүниежүзілік банктің болжамынша, 2026 жылы әлемдік шикізат бағасы 23%-ға, ал энергия ресурстарының құны 32%-ға өсуі мүмкін. Бұл азық-түлік бағасының қымбаттауына және жаһандық инфляцияның үдеуіне әсер етуі ықтимал. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
 

Дүниежүзілік банктің жаңа болжамында бағаның өсуіне Таяу Шығыстағы қақтығыс, мұнай мен астық жеткізіліміндегі іркілістер және геосаяси тұрақсыздық негізгі себеп ретінде аталған.

Мұнай бағасы қымбаттауы мүмкін

Болжамға сәйкес, 2026 жылы энергия ресурстарының бағасы соңғы төрт жылдағы ең жоғары деңгейге жетуі ықтимал. Бұл үш жыл бойы жалғасқан бағаның төмендеу үрдісін тоқтатуы мүмкін.

Азық-түлік бағасы да өседі

Дүниежүзілік банк 2026 жылы әлемдік азық-түлік бағасы шамамен 10%-ға, ал 2027 жылы тағы 7%-ға қымбаттайды деп болжайды. Осылайша, екі жыл ішіндегі жиынтық өсім шамамен 18%-ды құрауы мүмкін.

Сонымен қатар өнеркәсіптік және бағалы металдар мен тыңайтқыштардың бағасы да өсуі ықтимал.

Қазақстанға әсері қандай?

Мұнай мен металдарды экспорттайтын Қазақстан үшін әлемдік бағалардың өсуі экспорттық кірісті арттыруы мүмкін. Алайда энергия ресурстарының, тыңайтқыштардың және азық-түліктің қымбаттауы ел ішіндегі инфляциялық қысымды күшейту қаупін тудырады.

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, шикізат пен азық-түлік бағасының өсуі жаһандық инфляцияның жеделдеуіне және әлемдік экономиканың баяулауына әкелуі мүмкін.